Абдолла хазірет және «Көкмешіт»
Заманының ойы озық азаматы, ағартушы-ғалым, ислам әлемінің қазыналы қайраткері Абдолла хазірет жайы бұған дейін көп қозғау көрмеген дүние. Себебі, бұл адамның ел ардақтаған қастерлі кісі екендігін естігені болмаса, расында, тірлігінде атқарған келелі істерін көпшілік біле бермегенге ұқсайды. Бірді-екілі тарихқа жанашыр ағалардан басқа көп ешкім қалам тарта қоймаса керек. Көлеңкеде қалып келген тұлғаны енді жақсы танитын кез жеткен секілді. «Абдолла атам сондай болған» деп, «Көкмешіттің» орынын жанарымен мұңая сипалап шырылдап жүрген, Сағыз станциясында тұратын немересі Қабиболла Ахметниязов қана ма деп қалдым? Хазірет атасынан қалған мұра, тозып, мүжіліп кеткен 5-6 «Құран», «Мұқтасар», «Әптиек» секілді кітаптарын «біссімілләсіз» ұстамайтын Қабекең, «Көкмешіттің» қирамай тұрғандағы түсірілген көне суретінің көшірмесін маған ұсынды. Ал кітаптардың бір бетін де «татырмақ» емес. Бабасы туралы барын сарқып айтып нәтижесін көрмей, талайлардан мезі болған ол мені де жатсына қарсы алғандай әсер қалдырды. Көңілімді қимай, кішігірім архивінің қасына барған соң, бір-екі сауалымнан кейін шешіле берді, қарияң. «Кімге айтпай жатырмын» десе керек.
Сонымен, әлі күнге дейін халқы қадірлеп, ұрпағы ұлықтаған Абдолла хазірет кім еді?
Абдолла Жаналыұлы 1855 жылы дүниеге келіп, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы территориясына қарасты Шибұлақ деген жерде мешіт ұстап, бала оқытқан ишан.
Ақбұлақ, Жаманқала маңын мекендеген көшпелі қазақ даласынан түлеп, Орынбор татарларының мешіттерінде мұсылманша сауат ашып, Уфа қаласындағы Ислам медресесінде оқып, Бұхара жоғарғы мектебінде ілімін толықтырған. Таңбалы Адай жұртының перзенті. Шежірелік тақтада: Адай –Құдайке –Қосай –Байбол –Есенқұл –Есек –Темір (Болат) –Тілеуле(Тілеуке) –Сұпы –Ғафурын –Жаналы –Абдолла болып келеді. Шешесі — Зылиха, Әли Төлеудің қызы. Әкесі — Ғафурынұлы Жаналы, 1832-1911 ж. шамасында Маңғыстау, Теке, Орынбор, Ақтөбе аймағында көшіп-қонып өмір сүрген, ислам оқымыстысы. Халық арасында беделді кісі болыпты. Адайдың Тобыш, Бабығынан шыққан белгілі батырлар, ағайынды Мыңбай-Селбайлармен сыйлас, дәмдес жүрген. Екі әйел алған. Бәйбішесі Зылихадан Абдолла, Мәтжан, екінші жұбайы Қазинадан Хасан, Құсайын — төрт ұл көреді.
Жалпы, тегін адам болмаса керек. Соңында біраз үлгілі сөздері қалғанға ұқсайды. Сондай бір туындыдан мысал. Қайын жұрты жиендеріне қызығып, Жаналыны қоныстас тұруға көндіріпті дейді. (Бұл — екінші әйелінің төркіні, Байбақтылар еді) Күздің соңына таман көзі жоқта, балдыздары өз жылқыларына баруға ерініп, жақын жатқан бұның малынан бір байтал сойып алады. Осы жайды кейін естіген Жаналы рұқсатсыз алғаны үшін балдыздарына ренжіп:
Азаматпен көп жорттым,
Күндердің күні болғанда,
Садағасы кетсін туғанның.
Арғымақпен көп жорттым
Күндердің күні болғанда,
Садағасы кетсін буданның, — депті.
Қайын жұртына көңілі қалған ол іргесін аулақ салуға бел буып, мекен алмастырады. Көштің басын ағайындары жайлап отырған Жуалыкөл, Ноғайты, Айырықтың төріне кеп тірейді.
Ал енді балаларын сынай отырып: «Бір балам бар — ахун, Абдолла, екінші балам ахунға жақын Мәтжан, қалған екі балам Бұхарадан тақыл, Хасан, Құсайын», — дейді екен.
Балаларының бәрі де, Уфада, Қазанда, Бұхарада білім алған.
Адай елінің дәулетті, көкірегі ояу азаматының бірі Саламат ұлы Сарбас азулы ақын Сәттіғұл Жанғабылұлына арнайы сәлем салып, Әбді мен Абдоллаға бағышталған толғау шығаруын өтінеді. Бұл туралы шайыр:
Атасы қажы, бай Сарбас,
Бір қазақтың ұлынан,
Олқы деп ешкім айта алмас.
Сөз шығар деп өтінді,
Хазіретлердің хақында,
Абдолла, Әбді ахунға, — деп келтіреді.
Сәттіғұлдың бұл көлемді туындысы көп нәрсені ашып көрсетеді. Өзінен бұрын өткен, сол өңірдің байрақты ерлерінің, Алланың ақ жолынан адаспай халқының көзін ашып, көкірегін ояту үшін тер төккен ахун, ишандарының ізін басып, ізгілікке ұмтылған Абдолланың әкесі де құр алақан жан емес екендігін келтіреді.
Алты Алашқа белгілі,
Таңдайы шешен жаралған,
Ғафурын Қожа Жаналы.
Бірқатар жұртқа тұсында,
Шашылған екен хабары.
Болған екен халқына,
Асқар таудай паналы.
Жаналы саналы ғұмырын, көшпелі қазақ балаларына дәріс беріп көкірегін оятуға арнап, Қарақияқты, Сағыз өзені бойындағы Шилі, Қопа өңірінде жер асты мешіттерін ашып бала оқытқан. Кейін Абдолла да осы Шиліде, Қопада әкесімен бірге аймақ балаларының сауатын ашуға атсалысады. Шилідегі жер асты мешіті қазіргі Ебейті елді мекенінің солтүстік бетінде, бір шақырымдай жердегі қырдың басында, бүгінде «Құрмешіт» атанып кеткен жер болса керек. Бұл жерде ескі мешіт орыны әлі күнге сайрап жатыр.
Шариғаттан терең сусындаған сөз зергері Сәттіғұл Расулы Мұхаммедтен (с.а.с.) бермен қозғай, ислам тарихынан тербеп, Алланың нұрына бөлену осы жол турасында тұрғанын мәлім ете:
Жамағаттар, құралып,
Ораза, намаз тұталық,
Ақиқат хақтан сұранып.
Құдай — жалғыз, Құран — шын,
Ақиқат — рас, ол анық.
Ахиретті ойламай,
Ақылы қысқа пендеміз,
Дүниеге жүрген жұбанып, — деп исі мұсылманға насихат тастай отырып:
Әр орында мешіт бар,
Құдай үшін салынған.
Бірден-бірге қалынған.
Азырақ баян етейін,
Абдолла, Әбді ғалымнан.
Дін үшін жанған шамымнан…
Бұлардан бұрын қазақта,
Таз Дүйсеке, Нұрпеке,
Кетеде ахун Майлыбай,
Досеке өткен Табыннан, — деп ауқымды жырлайды. Сол дәуірден сәл бұрын жасаған, маңайына тегіс мәлім, төңірегіне сәуле шашқан сахара шамдары Дүйсеке, Нұрпеке, Майлыбайдан орағыта, Тобықтының Құнанбайымен қажылыққа бірге барып, сондағы панасыз жүрген қандастарына қонақ жай салдырған Табын Досжан хазіретті ерекше ықыласпен толғауына арқау етеді. Одан әрі ахунның білімдарлығын былайша жария қылады:
Мәдинә, Мекке, Шам, Мысыр,
Шәһәрларда болмаса,
Сахарада артық жоқ дейді,
Абдолладай ахуннан.
Тәрбиелеп мүритін,
Байқаған әлін мақұлдан.
Зейнеттеп мешіт салдырып,
Шарихат жолын жандырып,
Жер-жерден мүрит шақырған.
Сәжде етіп тағат-намазға,
Жамағаттары жапырған.
Шаттанып тұрмыз бүгінде,
Атағы мәшһүр осындай,
Пір шыққасын жақыннан.
Бұл шайырдың жүрегінен қайнап шыққан, ерекше жаралған қасиетті жандарға деген шын ықыласты жыры деп ұғамыз.
Әкесі айтқандай, Абдолла алғырлығымен ілімді терең меңгереді.
Бұхара медіресесін тауысып келген ол, мешітте дәріс бере жүріп қажылық сапарына бел буып, 1880 жылы Тайсойғандағы Тәзіке Мәкібай, Шажабайлармен бірге Мекке-Мединеге аттанады. Елден шыға, Жем бойындағы пір Бекет дүниеге келген, кейін мешіт салып, Ақмешіт атаған (Жылойдағы) жерге, қасиетті жандарға дұға бағыштамақ ниетпен ат басын тірейді. Келген бетте, осы мешіттегі тәлім беріп отырған молда бақилық боп, өлерінде шәкірттеріне «Солтүстіктен қажылыққа бара жатқан оқымысты келеді, жаназамды сол оқысын» деп кеткен жайдың үстінен түседі. Абдолла шаһиттің жаназасын шығарып, сондағы отыз балаға үш күн ілім үйретеді. Ұстазсыз қалған отыз мүритке дәріс берген үш күн қажылық сапарды орындағанға тең, Алланың сауабы болады дейді екен. Осы сапардан 1883 жылы қажы атанып елге оралады. Бір жылдан соң Үргеніштегі Зәкіржан пірінің қолын алып, ер-тұрманымен арғымақ ат, басына сәлде, қолына аса таяқ ұстап, хазірет атанады.
Үргеніштен қайтып келе жатып, Әмударияға жақындағанда қарақшылардың көзіне ілігеді. Жаны қысылған Мәкібай қажы қуғыншыларға қарсы дұға оқиды, бірақ әлгілер жақындай түседі. Қинала түскен ол, «Абдоллажан, сен оқышы» — деген екен. Абдолла дұғасын оқығанда қарақшылар сағымданып, көзден ғайып болыпты. Әмудариядан дін аман өткесін, тірі қалғанына қуанған Мәкібай: «Інім, Алла сенің оқыған дұғаңды қабыл алды, сенің білімің менен жоғары екен. Алланың сүйікті құлына қосылып шаңырақ көтеру үлкен сауап. Рахия қызымды саған беремін», — депті. Жасы үлкен кісінің бұл тосын қылығына сәл таңырқай: «Аға, мені қызыңыз ұната ма? Екіншіден, балаңыз болғанымен көрмеген адамына сырттай айттыру қиянат қой», — дегендей сылтауратады. «Мен қызыма айтқанымды тыңдатамын», — деп Мәкібай уәде етеді.
Күндер өте келе Мәкібай қажыдан шақырту хабар келеді. Абдолла, інісі Мәтжанды қасына алып, Тайсойғанға тартады. Қажының қызы Рахия хазіретті көргеннен-ақ келісімге келіп, келесі жылы Қопаның Шилі елінде ол екінші рет шаңырақ көтереді. Бәйбішесі Байқошқар Кете Байкелді хазіреттің Майлыбай есімді қызы екен.
Алған ілімін көшпелі елдің жеткіншектерінің көкірегіне нұр қып құюды арман етіп, өз жұртының көзін ашып, маңайына бойындағы барын шуақ қып шашуды жөн көрген ұстаз, халқына қалтқысыз қызмет қылады. Осындай оймен іргелі істерді қолына алып, ауқатты адамдардың басын қосып, жер асты мешіттерінен гөрі, кең дала төріне көрінекті мешіт салу жөнінде ой тастайды. Бұл ойы жүзеге асып, 1910 жылдары шамасында аймақтағы беделді кісілердің ықпалымен, Орынбор губерниясы және Уфа діни бірлестігіне тіркеліп, Шибұлақ жерінен, мұсылман балаларын сауаттандыру мақсатында мешіт салу ісін қолға алады. Қаржылай көмек турасын Адайдың Мұңалының перзенті Саламаттың Сарбасы ұйымдастырады. Мешіт жобасын әкесі Жаналымен екеуі сызады. Орынбордан сәулетші екі татар жігітін алдырып, құрылысты жүргізе береді. Сарбас, Аманқұл, Қауымбай, Шідербай, Қалнияз Жұбан, Тұрнияз, Әли Төлеу сынды белгілі жомарт байлар малдай, заттай (алтын, күміс, т.т.) төгіп, қаржыдан тарықтырмайды. Тіпті, алтын бұйымды сандығымен бергендер де табылыпты. Құрылыс заттары Самарханнан, Ресейдің бірнеше қалаларынан Орынбор арқылы, қолдағы бар көлік — түйемен, түйе арбамен, ат, атанмен әкелінеді.
Қазақтың дархан сахарасы төрінен осылайша, рухы мықты халықтың бағына еңселі ілім ошағы, ислам мәдениетінің ордасы, көшпелі мұсылмандардың бас қосып тәу етер шаңырағының сұлбасы қараңдап тұрғызыла бастайды. Онсыз да өркениетке бет бұра бастаған ел, іргесінен қасиетті үй тұрғызылатынына «тәубе» айтып, тайлы-тұяғымен шапқылап, тілектестік білдіреді. Төңіректегі атқамінерлер жиі-жиі кеңесіп, келелі істің кенеуін кетірмей, кертартпалықтың жолын кесіп, жарғақ құлақтары жастыққа тиместен жанашырлық көрсетеді. Көпшіліктің көмегімен көмкерілген дүние төрт жыл дегенде еңсе тіктейді.
Мешіт ел арасында «Көкмешіт» аталады. Бұлай аталу себебі — оның қабырғалары Самарханнан әкелінген көк тастан қаланады. Көгеріп көрінген соң солай аталып кеткен. 1914 жылдан бастап бала оқи бастайды. 1918 жылға дейін хазірет өзі басшылық жасайды. Оның ілімдері негізінде құранмен тәлім беріп, рухани тәрбие, математика, жағрафия, табиғат тазалығы, география, т.б. дүниетаным сабақтарын оқытқан. Демек ол, тек діни сауатты ғана емес, жан-жақты білімдар ғалым. Ғылымның сан тараулы бағытын көкірегіне түйген дана. Келешегін болжай алар көреген, дуамен дем салар тәуіп, тарихат жолын толық меңгеріп бойына қасиет дарыған әулие десе де жарасады.
Бойына жаман дүние дарытпаған, ойына арам ниет жолатпаған, Алланың ақ жолынан адаспаған, сол кезгі қарияларымыздың естеліктерінде Абдолла Қазақстанның батыс өңірінде ислам әлемі ғылымын дамытқан ғалым екендігі дәлелденеді.
Ол 1918 жылдың басында халық арасына төніп келе жатқан зобалаңды сезіп, «Алла, мына босатын өкіметті бізге көрсетпей-ақ қойсын» деген екен. Әулие, айтқаны келіп, сол 1918 жылдың соңына жетпей көз жұмыпты. Ол кісі бұл дүниені тәрк еткен соң «Көкмешітті» 1929 жылға дейін үлкен ұлы Әбдіуәли ұстайды.
Хазірет даңқы алысқа кеткен, белгілі «бес жорғаның» біреуі Ақтан Керейұлымен сыйласып өткен. Ақтан 1850-1912 жылдар аралығында Сағыз өзені бойында Абдолламен қоныстас дәурендеген ақын. Дәуірінің дүниеқұлы оқымыстысы болыпты. Бұл туралы қатарынан ән оздырған әйгілі өнерпаздар — «Жеті қайқының» бірі Әділ Өтеғұлұлының баласы, қазір Сағыз станциясының тұрғыны Кемал ақсақал біраз ақпар біледі. Кемалдың айтуынша, ақын Дүйсеке қажымен етене жақын араласыпты. Екеуі бірге ілім тоқыса керек. Ел аузынан қажы «Ақтан жырлап жүр» дегенді құлағы шалыпты. Бұл сөзді дақпырт санап «апыр-ай, санасы терең еді, мүмкін емес», — деп сене қоймайды. Бірде, Ақтанның келгенін естіп, қонағын қарсы алғалы тысқа шыға берсе, ақын кіріп келеді екен. Екеуі есік аузында жолығысып, жырау толғай жөнеліпті. Дүйсеке ұйықтап кеткен адамша сұлық тұрып тыңдапты. Өлең біткесін «айтып жүргенің мынадай сөз болса, көрге кіргенше сөйлей беруіңе болады екен» депті дейді. Елден озық сауатына қарамай, өнердің құдыретіне бас иген Ақтан баласы Бақтиярды Абдолланың тәрбиесіне береді. Маңғыстау түбегіне, қыстауға көшкен ақын баласын хазіреттің қолына қалдырыпты. Жаз шыға жайлауға келгесін ұлының жайын білуге соғады. Ұстаз «Балаң зейінді, алғыр. Бірақ, әркімге бір өлең шығарып тастай береді. Өнерге бейім. Жаныңа алып баулысаң қайтеді» депті. Ақын «Келешек оқығандардікі. Оқып білім алсын» деген ыңғай танытып ұлын қайта табыстапты. Бақтияр, кейін жаңа үкімет хазіреттен тәлім алғандарды қудалағанда, сотталып Сібірге айдалған. Содан қайтып оралмаған. Ал Ақтан 1912 жылы көз жұмып, осы «Көкмешітке» қойылған.
Абдолла хазірет те өзі салдырған «Көкмешіттің» жанына жерленген.
Мешіт 1930 жылдар шамасында атеист жандардың пәрменімен талқандалып, кірпіштері түрлі құрылысқа пайдаланылған.
Бүгінде қасиетті үй орынында — кешегінің тірі айғағындай боп тұрған, әулиеге қапысыз қызмет атқарған құдық, дәрет алуына арнайы салдырған кішігірім сарайшық және тамыры солып құлаған зор талдың қураған қалдығы ғана. Жергілікті жандардың айтуынша, осы тал хазіреттің көзі тірі кезінде жайқалған, саялы болыпты. Ол кезде бұл қарағаш маңында мөлдір бұлақ ағып жатыпты. Бұлақ суымен сусындап осы жалғыз түп тал да тамырын терең жаяды. Қайнар төмен ағып, ойға кішігірім көл құралады екен.
Әулие өмірден озғасын бұлақ суы тартылып, қарағаш солып, көл суалып, аймақтың берекесі кеткенге ұқсайды. Қорегі кеткесін тал да, көл де келеге келмейтіні анық, дегенмен бұл көрініс ойланатын жай секілді.
Кейін хазіреттің жақындары, шәкірттері түгелдей осы тал мен көлдей қурап солған. Бұл енді басқа тақырып, бөлек әңгіме.
Есентүгел ӘЗИ,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің философия магистранты.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.