Озық тәжірибе — ортақ қадам
Белес
Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі іргесініңқаланғанына 20 жыл толуына орай облыстық білім басқармасының қолдауымен X республикалық семинар-практикумы өтті. Іс-шара «Академиялық ұтқырлық» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жәмила Асылбекқызының айтуынша, «Академиялық ұтқырлық» жобасы ұстаздардың біліктілігін шыңдап, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
— 2020 жылдан бері елімізде «Академиялық ұтқырлық» жобасы жүзеге асырылып келеді. Биыл да жоба аясында семинар-практикум ұйымдастырылды. Осы жылы семинар-практикумды Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі өткізді. Оған Астана, Өскемен, Екібастұз, Қарағанды, Семей және Ақтөбе қалаларынан жиналған ұстаздар қатысты. «Академиялық ұтқырлық» республикалық жобасының мақсаты — қосымша білім беру ұйымдарының, атап айтқанда, балалар музыка мектептері мен өнер мектептерінің білім беру бағдарламаларын іске асырудағы белсенділіктерін, өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, қосымша білім беру саласындағы озық әдістермен, тәжірибелермен танысу. Бұл семинар-практикум қаламызда үшінші мәрте өткізілді. Қатысушыларға арнайы сертификат табысталды, — дейді ол.
Іс-шара барысында облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы Гүлдана Бакиева, Астана қаласы әкімдігінің Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебі МКҚК бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Бану Тұрманова және Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің директоры Бибігүл Жаскеленова сөз сөйлеп, семинар-практикумның маңыздылығына тоқталды.
Аталған семинар аясында шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, педагогтер Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің білім алушыларының өнерін тамашалады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған педагогтер өнер мектебінің оқушыларына домбыра, қобыз, дәстүрлі ән, вокал және хор, фортепиано, хореография, музыкалық теория (сольфеджио), көркемсурет өнері пәндерінен шеберлік сағаттарын өткізді.
— «Академиялық ұтқырлық» жобасы аясында ұйымдастырылған семинар-практикумға екінші жыл қатарынан қатысып тұрмын. Екібастұз қаласындағы Естай атындағы балалар музыка мектебінде домбыра класынан дәріс беремін. Кезекті семинардың артықшылығы — мұнда ұстаздар басқа мекемелердің оқушыларына тәжірибе жүзінде сабақ өткізіп, педагогикалық шеберліктерін көрсете алды. Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған іс-шарада Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі домбыра класының оқушыны Әли Абдоллаевқа «Шығарма орындаудағы күрделі жерлермен жұмыс жасау» тақырыбында шеберлік сағатын өткіздім. Ақтоты Ерболатқызының домбыра класында оқитын оқушы домбыра аспабында ойнауды шебер меңгерген. Мен оған қағыс түрлерін дұрыс қолданудың әдіс-тәсілдерін үйреттім,— дейді домбыра класының мұғалімі Анаргүл Еркебұланова.
Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің 20 жылдық мерейтойы Өнер орталығының концерттік залында өткен «Таланттар мекені» атты жылдық есеп беру концертімен қорытындыланды. Салтанатты кеште Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің оқушыларынан жасақталған халық аспаптар, қобызшылар және скрипкашылар, жетігеншілер ансамбльдері өнер көрсетті. Іс-шара Сәтжан Дәрібайдың сөзіне жазылған композитор Орал-Қосай Байсеңгірдің «Қазанғап өнер мектебі» әнімен аяқталды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.