Облысқа — 90 жыл

Тіршілік көзі…

Тың дәуірінен де бұрынырақ, өткен ғасырдың 40-жылдарының ішінде облыста суармалы әдісті қолданып, дәнді дақыл, көкөніс егу ісі кең түрде өрістеген. Алапат аштықтан кейін бұрынғы мыңғырған малы жоқ ауылдардың халқы үшін бұл, әрине, жүрек жалғауға сеп те болған шығар, алайда мәселенің екінші жағы — бұдан өлкеміздің су қоры әсіресе ашық су көздері — өзен-көлдердің қаншалықты зиян шеккені әзірге белгісіз, сұраусыз қалып отыр…

Ферғана каналынан соң

1939 жылы өзбек және тәжік колхозшылары бірлесіп, жалпы ұзындығы 270 шақырым болатын Сталин атындағы Ферғана каналының құрылысын 45 күннің (бастапқы деректерде — 30 күн) ішінде бітіріп шыққан. Деректер бойынша, бұл құрылысқа 160 мыңнан астам адам қатысқан. Кейіннен өңірдегі ең үлкен экологиялық апат — Арал теңізінің құрғауына нақ осы каналдың іске қосылуы себеп болды деген де пікір айтылды, алайда 40-50-жылдардың ішінде бұл бүкіл Орталық Азия өңірін, соның ішінде Қазақстанды да жаппай егіншілікке жұмылдырған бастама болды.

Біздің газетіміздің 1989 жылғы 23 ақпандағы санына шыққан «Тарих осылай түлейді» атты мақалада (авторы — А. Нәубетияров) сол жылдардың бір жаңғырығы баян етіліпті: «…қырқыншы жылдардың аяқ кезінде… Ырғыз жерінде су шаруашылығы құрылыстары кең өрістетілген еді.

Комсомол, Қарабұтақ және Ығыз аудандарының территориясы арқылы 450 километрге созылып жатқан Ырғыз өзеніне бастауын Мұғалжар тауларынан алатын жылғалар суы келіп қосылады. Көктем күндері қатты тасып, жолшыбай ондаған көлдер мен сайларды суға толтыратын Ырғыз өзенінің ағысы ақыры құмға келіп тіреледі де, құрдымға кетеді…

Ұлы Отан соғысынан кейін қазіргі Партияның ХХІV съезі атындағы совхоздың жерінде Ақши көлдетіп суару жүйесі құрылды. Сол жылдары Ырғызда Кіші Жалаңаш пен Ұлы Жалаңаш өзендерінің арасында тоған салынып, ол да көлемді жерді көлдетіп суару жүйесіне айналдырылған еді.

…Таңданарлығы сол, Кіші Жалаңаш пен Ұлы Жалаңаш арасындағы тоғанды ырғыздықтардың өзі осы жуырда, яғни 1980 жылы бұзып тастады… Арада жылдар өтті. Ырғыздың жағалауында су шаруашылығы құрылыстары қайтадан кең өрістетілді…

Бұл арадағы өзендер суларының ерекшеліктерін ырғыздықтарұрпақтан-ұрпаққа ауызша айтып, жалғастырып келеді. Мұның мәні мынада: Ырғыз өзені сағасынан жоғарыдағы 90 километр тұста екіге айырылады. Екінші өзегімен (оны жергілікті жұрт Телғара дейді) ағатын судың біразы Торғай өзеніне келіп құяды да, оны тасытады. Содан кейін тасыған су Телғараның бойымен қайтадан Ырғыз өзеніне келіп құйылады. Адамдардың суды шаруашылық мақсатына пайдалануы салдарынан көктемде Торғай өзенінің суы Телғара арқылы Ырғызға қайта құйылмайтын болды…».

Кеңестік заманда егіс, су шаруашылығын өрістетудің өлке табиғатын қалай өзгерткенінің бір мысалы осылай баяндалыпты. Жалпы, өткен ғасырдың 80-жылдарының ішінде өзен-сулар мәселесі кеңінен көтерілсе, кейінгі өтпелі кезеңнің ауыртпалықтары тұсында ол бірте-бірте ұмыт қалды…

180 мың гектар алқап

40-жылдарға қайта оралсақ, атағы бүкіл Одаққа кеткен Ферғана каналынан кейін КСРО бойынша, соның ішінде біздің облыста да бөгет, тоғандар санын көбейту, ал суармалы алқап көлемін 180 мың гектарға дейін ұлғайту көзделген. Бұл туралы 1939 жылдың соңында сол кездегі облыстық су шаруашылығының бас инженері М.Костюков айтыпты. Оның ішінде, 136 мың гектар алқапты — тұщы су көздерінен, ал 44 мың гектарды жауын-шашыннан жиналған су арқылы суару жоспарланыпты. «Бұл жүзеге асқан күнде, қазіргі көрсеткішпен салыстырғанда, облыстағы суармалы алқап көлемі 9 есеге ұлғаяды», — дейді бас инженер М.Костюков.

Жақын жылдары жауын-шашын суын бөгеу арқылы суарылатын шабындықтардан мал қыстату үшін орылатын шөптіңкөлемін 6-8 есе арттыруға болатыны да айтылыпты. Костюков мұндай жоспарды алға тартқанда, облыста мал шаруашылығының жетекші сала екенін де еске сала кетеді.

Сол жылы облыстың басқа шаруашылықтарына алыстағы Ферғана каналынан бөлек, өз аймағымыздың Степной ауданындағы Роза Люксембург атындағы колхоздың тоғаны (300 гектар алқапты суаруға есептелген), Ключевой ауданындағы Голощекин атындағы колхоздың (350 гектар) және Жұрын ауданының «Жаңа тұрмыс» колхозының (165 гектарға есептелген) тоғандарыүлгі ретіндеайтылыпты.

1940 жылы 26 наурызда облыстық «Актюбинская правда» газетінде жарық көрген ақпаратта Ырғыз ауданының «Бірлік» колхозында қыс ішінде бөгет салынғаны жөнінде айтылыпты. Оның құрылысына колхозшылармен бірге, аудан орталығындағы түрлі кеңселерде жұмыс істейтін қызметкерлер де атсалысқан. Бөгет 100 гектар алқапқа есептеліп салынған. Осындай құрылыстар облыстың түкпір-түкпірінде жүргізіліпті.

«Елекке төгілмегеніне 4 жыл»

Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңынан облыстағы өзен-көлдердің өндірістің қалдық суларымен ластанып жатқаны жөнінде дабыл көтерілген. Елек-Жем бассейні су инспекциясының бас инженері Т.Прокопова 70-жылдардың басындағы деректер бойынша, өлкеде су көздерін таза ұстау мәселесіне көңіл бөліне бастағанын айтып, мысал ретінде… соңғы 4 жыл ішінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытына, силикат зауыты және Ақтөбе стансасына қарасты вагон депосына қалдықтарын Елек өзеніне төгуге тыйым салынғанын айтады. Ал оған дейінгі болған жағдайды елестете беріңіз!

Бұларға қоса Електі Алғадағы химия комбинатының қалдықтары да ластаған. Бірақ бұл өндіріс орнына жоғарыдағыдай мүлде тыйым салу мүмкін болмаған секілді, тек бірнеше тазалау құрылғылары қондырылған.

Ал Ақтөбе жылу-электр орталығына, «Ақтөбеқұрылыс» тресінің құрылыс материалдары комбинаты мен «Ақтөбетұрғынүйқұрылысы»тресініңүй құрылысы комбинатынақалдық суларды Жіңішке өзеніне төгуді тоқтату мақсатындағы жұмыстар тапсырылған.

Т.Прокопова жұртты «1968 жылғы тексеріс қорытындыларымен салыстырғанда, қазір өзендеріміз химиялық қоспалардан таза» деп сендірмек болыпты.

Үш су қоймасы

Кеңес заманында облыс орталығына таяу үш су қоймасы салынғаны белгілі. Бұлар — Сазды, Қарғалы және Ақтөбе су қоймалары.

Сазды су қоймасы 1967 жылы салынған. Ол — Ақтөбенің айналасындағы су қоймаларының ішіндегі ең көнесі әрі ең шағыны. Саздының көлемі — 6 миллион шаршы метр. Атынан көрініп тұрғандай, Сазды өзенінің арнасымен салынып, қала айналасындағы саяжай иелерінің игілігі үшін пайдалануға берілген.

1975 жылы Қарғалы өзенінің бойымен салынған Қарғалы су қоймасы пайдалануға берілді. Көлемі — 280 миллион шаршы метр, алайда су көп болған жылы көктемде мұндағы судың көлемі екі еседей артады. Тереңдегі орташа есептегенде — 10 метр, бөгеттің биіктігі — 35 метр. Су қоймасы ауыл шаруашылығының мұқтаждығы үшін салынып, кемінде 17 мың гектар алқапты суару көзделген.

Үшінші су қоймасы 1988 жылы Ақтөбенің оңтүстік-шығыс бөлігінде салынды. Елек өзенінің арнасымен салынған қойманың жалпы көлемі — 245 миллион шаршы метр. Жұрт аузында «Ақтөбе теңізі» аталған бұл су қоймасы да қала маңындағы шаруашылықтардың мұқтаждығы үшін салынған, сондай-ақ мұнда балықтың жаңа түрлері жіберіледі. Ең терең жері — 18,5 метр.

Кеңестік заманшаруашылықты жүргізу үшін, су көздерін оңды-солды пайдалану «тәртібін» жолға қойып кетті. 1989 жылы облыста ауыл шаруашылығын суландыру мақсатында түрлі құрылыстарды реконструкциялау үшін 57,11 миллион сом қаржы бөлінген.

Тарих беттерін парақтаған Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button