Жаңалықтар

Жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

Баспана

Елімізде жаңа «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. 25 сәуірден бастап «Отбасы банктің» салымшылары Баспана маркет порталы арқылы бағдарламаға қатысу туралы өтініштерін жолдай алады.Бағдарлама 8 жылға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Үкіметке әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспайтын жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу туралы тапсырма берген болатын. «Наурыз» бағдарламасы — соның нәтижесі. Мамыр айында қазақстандықтардың демалыс күндері көп болатындықтан, банкте өтінімдерді қабылдауды бес күн бұрын бастау туралы шешім қабылданды.Бағдарламаға барлық қазақстандық қатыса алады. Өтініш қабылдау 30 маусымға дейін жалғасады, — деді жаңа бағдарламаның шарттары туралы айтқан «Отбасы банктің» Ақтөбе облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің І санатты маманы Сәкен Сүлейменов.

«Наурыз» бағдарламасының қатысушысына несие тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін  — 7 пайызбен, ал азаматтардың барлық санаты үшін 9 пайызбен, 19 жылға дейін мерзімде беріледі. Шотыңызда үйдің алғашқы жарнасы, яғни 20 пайызына тең қаражат болуы керек.

«Наурыздың» өзіндік талаптары бар. Өтініш беру кезінде салымшының жинақ шотында кемі 1 миллион теңге қаражат болуға тиіс. Бұл соманы бағдарламаға қатысуға өтініш берер алдында аударуға болады. Жинақ шотының қай уақытта ашылғаны маңызды емес. Қатысушылардың және оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда баспанасы болмауы керек. Сондай-ақ соңғы 6 айда ресми табысы болуы керек.

Бағдарлама қатысушылары тұрғын үйді белгіленген шектік сомадағы бағада сатып ала алады. Алматы мен Астана қаласының тұрғындары үшін заемның ең жоғары сомасы — 36 миллион теңгеге дейін. Ал қалған өңір тұрғындары 30 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үйлерді сатып алуға мүмкіндіктері бар. Тағы бір айта кететін жайт, қатысушылар Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарынан тек алғашқы нарықтағы тұрғын үйді ғана сатып ала алады. Ал моноқалалар мен ауылдарда жылына бөлінетін қаражаттың жалпы көлемінің 30 пайыздан аспайтын қайталама нарықтағы тұрғын үйлерді сатып алуға болады, — деді ол.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button