Облысқа — 90 жыл

Байқау жеңімпаздары марапатталды

Семинар

Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында Балалар жылы және Ақтөбе облысының 90 жылдығына орай дәстүрлі «Кітапханалық өлкетану: мәңгілік руханият бастауы» атты облыстық семинар өтті. Оған облысымыздың әр аудандарынан келген кітапханашылар қатысып, байқау жеңімпаздары анықталды.

Семинарға Қазақстанның ұлттық кітапханасы балалар әдебиеті бөлімінің жетекшісі Гүлнәр Сейдалиева Zoom арқылы қатысып, балалар кітапханасында атқарылатын қолайлы әдіс-тәсілдерді таныстырды. Жыл сайын мәдениет және өнер қызметкерлері арасында өткізілетін республикалық  «Рухани қазына» фестивалінде «Балаларға бір дерек» жобасымен көзге түскен Қопа ауылдық модельді кітапханасының қызметкері Маржан Сағымқызы өзінің жаңа жобаларын баяндап, тың идеялар ұсынды.

Іс-шара барысында өлкетанушы Рысжан Ілиясованның туғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Оқы, ақтөбелік өренім!» атты облыстық оқу марафонының және халық ақыны Нұрпейіс Байғанин атындағы «Байғанин оқулары» облыстық байқауының қорытынды кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Қазылар алқасының шешімімен байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар жыл басынан бері өткізіліп келе жатқан «Болашақты бастап берер бала шақ» атты шығармашылық байқауының жеңімпаздары да марапатталды.

Бұл байқау 10-15 жастағы балалар арасында алғаш рет өткізіліп отыр. Байқаудың ерекшелігі — ертегі, проза, поэзия, фантастика жанры бойынша үздік жұмыстарды анықтау.  Оған 87 жұмыс қабылданып, 36 оқушы төрт номинация бойынша бағаланды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button