Спорт

Бірінші жеңіліс

Премьер-Лига

«Жетісу»-«Ақтөбе» — 2:1

27-28 сәуір күндері 6-тур ойындары өтті. Бұл турда «Қайрат» ұтылып қалды. Өткен турда «Ақтөбенің» жеңісін мойындығысы келмеген алматылық жанкүйерлер енді не айтарларын білмей қалған секілді. Сондай-ақ «Тобыл» да, «Ордабасы» да бір-бір ұпаймен қанағаттанды.

Бұл турда «Ақтөбе» Талдықорғанда «Жетісумен» ойнады.

8-орында келе жатқан «Жетісуға» қалай іші бұрғанын кім білсін, Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Рафаэль Оразбахтин «Жетісудың» жеңілмейтіндігі жөнінде сәуегейлік жасады. Және бұл сәуегейлік артығымен орындалды.

Себебі ақтөбелік бас бапкер Дмитрий Парфеновтің командасы дәрменсіздік көрсетті. «Жетісу» ойынның бас жағында әуелі екі рет қауіпті шабуыл жасады. Бірінші ретте доп бағананы жалап өтсе, екінші жағдайда шабуылшының аяғы допқа сәл жетпей қалды. Үшінші кезекте доп соғылды да, дегенмен офсайд болуына байланысты гол есепке алынбады. Осының барлығы біздің футболшыларды ширықтыруы керек еді, ширықтырмады. 19-минутта оң жақ қапталда жүрген Антон Шрамченко допты қақпаға қарай әуелете тепті, расында да, қақпаны көздеді ме, әлде ұзын бойлы футболшыларының біріне пас тастағысы келді ме, белгісіз, не болғанда да, Игорь Щацкий мұндай оқыс қимылға дайын болмай шықты, доп қақпашының төбесінен әуелей ұшып жібек тордың ішіне топ ете түсті — 1:0.

Екінші таймның басында, 50-минутта, ақтөбеліктер есепті теңестірді. Максим Самородов айып добын сол қанаттан әуелете тастады да, тұра ұмтылған жетісулық қақпашы Арсен Сикуев қате қимылдады, ал допты Матео Барач қарсыластар қақпасына сіңіріп жіберді — 1:1.

Бірақ бұл сәтті әрекет жалғасын таппады. 70-минутта Максим Чиканчи соққан допты біздің Игорь Шацкий, обалына не керек, кері қайтарып үлгерген еді, жайбасар қорғаушыларымыз қолдай алмады, шапшаң жеткен Асхат Балтабеков қақпаны дәл көздеді — 2:1.

Бұдан соң қанша шабуылдауға тырысқанымен «Ақтөбе» нәтижелі ештеңе жасай алмады. Тіпті ойын соңына таман футболшыларымыздың шаршап қалғаны да аңғарылды. Бұл кездесуде Дмитрий Парфенов жасаған алмастырулар да көңілден шықпады. Тастүйін қорғанған жетісулықтардың шебін тас талқан етерліктей жігер, қуат табылмай қойды. Егер қақпамызды Игорь Шацкий қорғамағанда ірі есеппен де ұтылып қалуымыз әбден мүмкін еді. Тегі жерлестеріміз турнир кестесінің орта тұсында жүрген команданы қалай да ұтып кететіндеріне сеніп, тіпті олардың бұған дейінгі тактикаларына назар аударып та көрмеген секілді.

Сөйтіп, жерлестеріміз өздері ұтылғанымен қоймай, «Жетісудың» 10 ұпай жинап, алғашқы үштікке кіруіне «көмектесті».

Әрине, кез келген сайыста жеңілістер кездесетіні мәлім. Дегенмен потенциалы мықты, ойыншылары таңдаулы команданың аяқ астынан шідерлі аттай шабандап қалуы ойландырады. Ал алда «Астанамен» кездесу күтіп тұр…

«Жетісу»-«Ақтөбе» — 2:1

Гол авторлары: Антон Шрамченко, 19-минут (1:0); Матео Барач, 50-минут (1:1); Асхат Балтабеков, 70-минут (2:1).

Ескерту қағазын алғандар: Леонель Струмия, 37-минут, Ыдырыс Умаев, 61-минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий, қақпашы, Дмитрий Бессмертный, Әлібек Қасым, Матео Барач, Богдан Вэтэжелу, Леонель Струмия (Хосе Севальос, 72-минут), Уче Агбо, Бауыржан Байтана (Габи Кики, 72-минут), Максим Самородов, Ыдырыс Умаев (Жан Жайро, 72-минут), Дорни Ромеро (Рамазан Оразов, 58-минут).

Бас бапкер — Дмитрий Парфенов.

28 сәуір 2024 жыл.  Талдықорған қаласы, «Жетісу» стадионы.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Атырау»-«Қызылжар» — 2:0

«Қайсар»-«Қайрат» — 1:0

«Тобыл»-«Жеңіс» — 1:1

«Елімай»-«Ордабасы» — 1:1

«Тұран»-«Астана» — 0:2

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 3;

Габи Кики, қорғаушы — 1;

Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 1;

Матео Барач, қорғаушы — 1.

*   *   *

Жерлестеріміз 5 кездесу өткізіп, 3 рет жеңді, 1 рет тең ойнады, 1 рет жеңілді. Ұпай саны — 10. Доп айырмашылығы — 11-5.

*   *   *

Алтыншы турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:

Он ұпаймен 3 команда көш басына шықты — «Ақтөбе», «Астана», «Жетісу».

4-5 орынға тоғыз ұпаймен «Ордабасы» мен «Тобыл» келді.

6-8 орындарға сегіз ұпайдан жинаған үш команда жайғасты —  «Қызылжар», «Елімай», «Қайрат».

9-10 орын иелері — жеті ұпайдан жинаған екі команда «Атырау» мен «Жеңіс».

11-12 орын иелері төрт ұпайдан жинаған «Тұран» мен «Қайсар» болса, ең соңғы, 13-орын иесі — үш ұпайы бар «Шахтер».

* Басқалардан «Ақтөбе», «Жетісу», «Тобыл», «Елімай», «Қайсар» командаларының бір ойындары кем екенін еске саламыз.

*   *   *

7-тур ойындары:

4 мамыр, сенбі

«Тобыл» — «Жетісу»

«Қайрат» — «Атырау»

«Жеңіс» — Елімай»

«АҚТӨБЕ» — «АСТАНА»

«Қызылжар» — «Тұран»

5 мамыр, жексенбі

«Шахтер» — «Қайсар»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button