Спорт

Әкім кубогы сарапқа салынды

Турнир

Ақтөбе қаласының 155 жылдығы аясында қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Ақтөбе индустриалды-кәсіптік колледжінде «Dostyq football cup» атты шағын футболдан турнир өтті. Футболда қала әкімінің ауыспалы кубогы сарапқа салынды.  

Турнирдің ашылуында қалалық мәслихат депутаттары Абай Дидарұлы мен Нарқозы Қартжан сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалиннің айтуынша, бұл сайыс жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, білім алушылар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, бұқаралық спортты насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Биыл шағын футбол турниріне 16 — 25 жас аралығындағы білім алушылар арасынан 12 команда қатысты. Алғашқы қарсыластар жеребе арқылы анықталды. Бастапқыда 40-қа жуық командадан өтініш түсті. Әр топтан екі команда финалдық кезеңге шығып, жеңімпаздар анықталды, — дейді ол.

Шағын футбол турнирін Әлім Аюпов, Азамат Медетбаев сынды футбол төрешілері бақылады.

Турнир тартысты өтті. Колледж студенттері шағын футбол жарысына қызу дайындықпен келді. Ойыншылар жеті минуттан екі тайм ойнады. Таймдар арасында екі минуттық үзіліс болды. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында осындай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылғанын қалаймын, — дейді Әлім Аюпов.

Турнир қатысушыларының бірі Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің жоғары колледжінің студенті Ернар Елемес Қазақстан чемпионаттарында ел мерейін асқақтатып жүр. Оның алға қойған мақсаты — мықты ойыншыларды дайындау.

— Мен спорт факультетінің студентімін. Колледж тарапынан ұйымдастырылған турнирлерге әрдайым белсене қатысамын. Өзім мектеп қабырғасынан бері футболмен шұғылданамын. Спорттағы жетістік оңайлықпен келмейді. Ол — қаншама маңдай тер мен еңбектің нәтижесі. Оның ішінде футбол — ең күрделі де жауапкершілігі жоғары спорт түрі, — дейді ойыншы.

Нәтижесінде Ақтөбе индустриалды-кәсіптік колледжінің командасы 1-орынды иеленіп, қала әкімінің ауыспалы кубогын жеңіп алды. Жүлделі 2-орын  Бопай ханым жоғары медициналық колледжінің командасына бұйырса, 3-орынды Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің командасы иеленді.

Сондай-ақ «Үздік қорғаушы» номинациясы бойынша Жандос Сейілханов, «Үздік қақпашы» номинациясы бойынша Данияр Қыздарбай , «Үздік сұрмерген» номинациясы бойынша Глеб Гапонов, «Үздік ойыншы» номинациясы бойынша Аслан Қонарбай марапатталды. Жеңімпаздар қалалық жастар ресурстық орталығының атынан арнайы дипломдармен, кубоктармен және қаржылай сыйақылармен марапатталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button