Жаңалықтар

Декларация тапсырдыңыз ба?

Брифинг

Биылғы 1 қаңтардан жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Ал келесі жылдан бастап барлық санаттағы азаматтар өзініңкірістері мен мүлкі жөнінде есеп, яғни декларация тапсыратын болады.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі» тақырыбында өткен баспасөз жиынында айтылды.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Ләззат Махамбет атап өткендей, елімізде жалпыға бірдей декларациялауды енгізу 4 кезеңмен жүргізіледі.

Бірінші кезең — 2021 жылдан, ал екінші кезең 2023 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Осыған сай бұрын елімізде мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері және аталған салалар қызметкерлерінің жұбайлары өз табысы жөнінде декларация тапсыруға міндетті еді. Ал биыл, яғни үшінші кезеңде олардың қатарына заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары да қосылды.

Ал 2025 жылдан бастап жеке сектор еңбеккерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер, яғни азаматтардың қалған санаттары да декларация тапсыруға міндеттеледі. Декларацияда шетелдегі активтер, жылжыматын мүлік, көлік, 10 000 айлық есептік көрсеткіштен асатын қолма-қол ақша, т.б. жөнінде мәліметтер көрсетілуге тиіс.

Декларация әр жылдың 1 қаңтары мен 15 қыркүйегі аралығында тұрғылықты мекенжайы бойынша тапсырылады. Оны қолма-қол апарып тапсыруға, сондай-ақ«Электрондық үкімет» веб-порталы, e-salyqAzamat, Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы да ұсынуға болады.

Ал бұл құжат уақтылы тапсырылмаған жағдайда алдымен ескерту жіберіледі, одан кейін де заң талабы орындалмайтын болса, 15 айлық көрсеткіш (51 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ декларацияда толық емес немесе анық емес мәліметтер ұсынылған жағдайда да айыппұл салынады.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button