Облысқа — 90 жыл

Тарих көшіндегі тоқсан жыл

2022 жылы облысымыздың құрылғанына 90 жыл толуын атап өттік. Біздің облыс — жер көлемі жөнінен еліміздегі ең ірі аймақ. Облыс аумағы — 300,6 мың шаршы шақырым. Бұл Қазақстан территориясының 11 пайызын құрайды. 

Бүгінде облыс халқының саны 900 мыңнан асты.

Тоқсаныншы жылды тарих қойнауына жібере отырып, облыс құрылған жыл және әр онжылдық бойынша өткен күнге шағын ғана шолу жасадық…

Облыс құрылған жыл

Ақтөбе облысы 1932 жылдың 10 наурызында құрылды. Бастапқыда облыстың құрамында 18 аудан болды: Арал, Ырғыз, Табын, Торғай, Шалқар, Ақбұлақ, Ақтөбе, Темір, Қобда, Жітіқара, Қостанай, Қарабалық, Меңдіқара, Батпаққара, Семиозерный, Обаған, Федоров және Адамов аудандары. Сол жылы 1 шілдеде Батыс Қазақстан облысының құрамындағы Ойыл ауданы да Ақтөбе облысына берілді. Сөйтіп, аудандар саны 19-ға жетті.

1936 жылы облыс құрамынан 11 аудан бөлініп, өз алдына бөлек Қостанай облысы құрылды. Сондай-ақ әр жылдары: Арал ауданы — Қызылорда облысына, Ақбұлақ, Адамов аудандары Орынбор облысының құрамына берілген.

Облыс құрылған тұста халықтың саны 1 миллионнан астам еді. Облыстың алғашқы басшысы Шаяхмет Ярмұхаметов болды.

Қасіретті кезең

Кейін көптеген аудандар, яғни облыс территориясының, халықтың үлкен бір бөлігі басқа облыстарға кетті дегенмен, 1 миллионнан астам адамның жартысының өзі ол кез үшін аз сан емес еді. Алайда 1932-1933 жылдардағы алапат аштық, түрлі саяси науқандар, қуғын-сүргіннің салдарынан, өткен ғасырдың 30-жылдарында облыс тұрғындарының саны өсудің орнына кері кеткен. 1939 жылғы санақ қорытындысында облыста 338,2 мың тұрғын бар деп көрсетіліпті. Олардың 249,4 мыңы — ауылда, 88,8 мыңы қалада тұрған.

Аштық салдарынан қараусыз, өз бетімен босып жүрген жетім балалар саны көбейіп, оларды мемлекет қарауына алу үшін, жер-жерлерде жетімдер үйі ашылған. 1932 жылы ғана облыста 23 жетім балалар үйі ашылыпты. Аштықпен қоса, халық арасында түрлі індет те көбейген. Ал соған қарамастан, медициналық көмектің деңгейі өте төмен еді. 1932 жылы облыста, орта есеппен, әр 12 438 тұрғынға бір дәрігер қызмет көрсетсе, ауруханалардағы кереует саны әр 1170 тұрғынға шаққанда, біреуден ғана келді.

Тап жауы, кеңес өкіметінің жауы, басқа да толып жатқан айыптар бойынша қудалаулар ұзақ жылдарға созылды. Әсіресе 1937 жылы сталиндік билік республиканың басшыларына, қазақ интеллигенциясына ауыз салды. Осы жылы 5 тамызда Қазақ КСР ОАК төрағасы Ұзақбай Құлымбетов «антисоветтік ұлттық-фашистік ұйымдарға қатысы бар» деген айыппен қамауға алынды. Іле біздің облыста да «құлымбетовшілерді» қудалау басталды. Бұл қуғын-сүргіннің салдарынан қанша адамның зардап шеккенін нақты айту әлі де қиын…

…ал кеңес билігі қазақ жерінің байлығын игеру, ішкі Ресейге тасымалдау, жер қойнауын зерттеу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатты. 30-жылдары облыстың солтүстік-шығысынан никель, хром, кобальт кендері табылды. 1939 жылы 17 ақпанда Қандағаш-Гурьев теміржолының құрылысы аяқталды, яғни облысқа көрші Гурьев өңірімен байланыстыратын теміржол келді.

Майданда да, еңбекте де — ерлік

Қуғын-сүргіннен кейін ел еңсесін енді тіктей бастаған шақта, КСРО ІІ дүниежүзілік соғысқа килікті. 1941-1945 жылдардағы соғысқа 122 мың ақтөбелік қатысқан. Майдандағы ерлігі үшін 36 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Соғысқа кеткен ер-азаматтың орнын қарттар, әйелдер мен буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалар басты. 1943 жылы облыста 28 әйел қолхоз басшысы, 68 әйел ауылдық кеңес төрайымы болып еңбек етті. Сондай-ақ 138 әйел егіс және трактор бригадаларын, 455 әйел мал шаруашылығы фермаларын басқарды.

Әйгілі тары өсіруші Шығанақ Берсиев 1941-1943 жылдар аралығында тары өсіруден әлемдік рекордты үш мәрте жаңартты. 1941 жылы ол өз жер аумағында гектарынан — 166 центнер, 1942 жылы — 175 центнер, ал 1943 жылы 201 центнер өнім алды. Диқанның бұл табысы облыста берсиевшілер қозғалысына ұласты. Соғыс жылдары облыстағы әр шаруашылықта берсиевшілер звеносы немесе бригадасы болды.

Тың игеру науқаны

Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру мақсатындағы қарқынды істер 50-жылдардың ортасында тың игеру науқанына ұласты. Облыста астық шаруашылығымен айналысатын «Ярославский», «Псковский», «Северный», т.б. ірі совхоздар құрылдып, 1,3 миллион гектар жерге егін егілді.

Сонымен бірге өнеркәсіп те дамыды. 1957 жылы облыста зауыттар өнімінің жалпы көлемі 50,5 миллион рубль болды.

1959 жылы Кеңқияқта ірі мұнай кені ашылды.

Астықты аймақ

Хрущевтің тұсында Қазақ КСР-і аумағында үш өлке құрылды. Соның бірі — Батыс Қазақстан өлкесі еді. Батыс Қазақстан өлкесі 1962 жылы 3 мамырда құрылып, 1964 жылы 1 желтоқсанда таратылды. Біздің облыс осы өлкенің құрамына еніп, Ақтөбе қаласы өлкенің орталығы болды.

60-жылдарда облыста ауыл шаруашылығын жетекші сала саналды. 1966 жылы мемлекетке 322,3 мың тонна астық тапсырылды. Бұған қоса, ет, сүт тапсыру бойынша көрсеткіштер де өсіп, облыс Ленин орденімен марапатталды.

90 мың тұрғын

70-жылдардың ішінде облыс халқының саны 90 мың тұрғынға артты. 1970 жылдың басында облыста халық саны 550,6 мың болса, 1980 жылдың басында 640,6 мыңға жетті. Сөйтіп, аштық, қуғын-сүргін, соғыс жылдарында құлдыраған демография қайта оңала бастады.

1979 жылғы санақтың қорытындысы бойынша облыс тұрғындарының 52,6 пайызы — ауылда, 47,4 пайызы қалада тұрды.

Өскен қала

1980 жылдың қаңтар айында облыстың жергілікті өнеркәсіп еңбеккерлері 1 миллион 384 мың сомның өнімін өндірген. Ал облыстық қаржы бөлімі 1982 жылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы атанды. Осыған орай Ақтөбеде салтанатты жиын өтіп, оған Қазақ КСР қаржы министрі Р. Байсейітов қатысып, жеңімпаздарды құттықтаған.

1982 жылдың 11 тамызында Ақтөбе көшелерінде алғаш рет троллейбустар жолға шықты. Сол заман үшін бұл өскен, өркендеген қалаға тән көрініс еді. 80-жылдардың орта шенінде, сол кездегі КСРО басшылығының «Елдегі тұрғын үй мәселесін шешудің басты бағыттары жөніндегі» қаулысына сай, Ақтөбеде бірқатар жаңа шағын аудандар пайда болды.

Осы тұста облыс аумағындағы Шилісай фосфорит кен орны екпінді комсомол құрылысы ретінде жарияланды.

Тәуелсіздік тойы

1991 жылы КСРО тарап, бұрынғы кеңестік республикалар, соның ішінде Қазақстан да өз тәуелсіздігін алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы ақтөбеліктер үшін молшылық жылы болды. 1992 жылы облыс диқандары 1,3 миллион тоннадан астам астық жинады. Осы жылы облыста құрылыс қарқыны да жақсы болды, тек ауылдық жерлерде ғана 84 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Бұрынғы экономикалық байланыстардың үзілуі, оның салдарлары 90-жылдардың ортасына қарай біліне бастады. 1994 жылы облыстағы кәсіпорындардың үштен бірінің көрсеткіштері әр тоқсан сайын кеміп отырған. Өз кезегінде бұл халықтың тұрмыс деңгейіне кері әсер етті, еңбекақы кешігіп, жұмыссыздық көбейді. Осы тұста халық саны да қайта кеми бастады, өйткені кеңестік заманда облыс халқының 50 пайызын құраған өзге ұлт өкілдерінің басым бөлігі өз тарихи отанына бет алды.

Дегенмен сол қиын жылдардың да сәулелі тұстары көп болды. Мысалы, ауылдарды көгілдір отынмен қамту басталды. Тәуелсіздік алған тұста облыста жылына 3 миллион АҚШ доллары тұратын көгілдір отын ауаны ластап, текке жағылатын еді. Ал енді бұл істе бұрынғыдай Мәскеуге қарайлаудың еш қажеті болмады. 1994 жылы желтоқсанда Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентіне газ берілді.

Жалпы, тәуелсіздік алған кезде облыс бойынша тұрғындардың 40 пайызы ғана көгілдір отынмен қамтылса, қазір бұл көрсеткіш 93 пайызға жетті.

Мемлекеттік тілдің мерейі

2000-жылдар облыс тарихында ерекше кезең болды. 2005 жылы облыста дүниеге келген сәбилердің 83,1 пайызының ұлты қазақ еді. Жергілікті ұлт бұл кезде облыс тұрғындарының 75 пайызын құрап, көпшілікке айналды. 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыстағы мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарын жүргізу мемлекеттік тілге көшірілді.

Сонымен бірге «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында өңірдегі ХIV-XV ғасырлардың ескерткіші саналатын Абат-Байтақ кесенесі, Қарағұл тамы, Жаныс тамы мен Індібай тамы сынды көне мұра қайта қалпына келтірілді.

2005 жылы еліміздің батысы мен солтүстігін жалғайтын Хромтау-Алтынсарин теміржолы пайдалануға берілді.

Кеңестік заманда біздің облыста айына 400 МВт электр қуаты тұтынылса, соның төрттен үш бөлігі, яғни 300 МВт энергия Ресейден алынатын еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұдан облыс халқы да, экономикасы да көп зардап шекті.

Ал 2008 жылы облысымыз өз тарихында тұңғыш рет Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне қосылды.

Медициналық кластер құру жолында

2011 жылы Ақтөбеде облыстық көпсалалы балалар клиникалық ауруханасы ашылды. 4 қабатты ғимаратқа орналасқан 200 кереуеттік ауруханаға компьютерлік, магниттік-ядролық серпіндік томографтар, басқа да заманауи құралдар алынып, сол тұста еліміздегі ең үздік жабдықталған емдеу орындарының бірі болды.

2014 жылы облыстық клиникалық ауруханада алғаш рет бүйрек ауыстыру үшін ота жасалды. Бұл іске ҚР Ұлттық медицина орталығы жанындағы республикалық трансплантология орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев жетекшілік етті. Оған дейін елімізде мұндай күрделі ота тек Астана мен Алматы қалаларында жасалған. 2016 жылдан бастап Ақтөбеде медициналық кластер құру бағытындағы істер қолға алынды.

2013 жылы өңірдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі — «Қазхром»ТҰК» АҚ-ның жаңа зауытының құрылысы аяқталды. Оның құрылысына 28 қазақстандық мердігер фирма қатысқан. Зауыттың жобалық қуаты — жылына 440 мың тонна өнім.

2015 жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілді. Бұл тойды лайықты атап өтуге ақтөбеліктер де үлес қосты. Мерейтой аясында Әйтеке би ауданында Әбілқайыр ханға (1693-1748 жж.) арналған кесене бой көтерді.

 Тарих беттерін парақтаған И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button