Облысқа — 90 жыл

Ескерткіштер — тарих куәсі

…1972 жылдың мамыр айында кенге жатпайтын қазба орнының экскаватор жүргізушісі А.В.Бодло 4 метр тереңдіктен қыш құмыралар сынығын тауып алып, бұл олжаны облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыстапты.

Ал осы жылдың күзінде «Хлебодар» совхозында күзгі тұқым себу жұмыстары кезінде көне зират орны табылған. Бригадир А. Досов облыстық тарихи-өлкетану музейіне кейбірі бүтін сақталып, кейбірі сынған көне құрбандық тастарын, шағын қыш құмыра, алтын әшекей бұйымның сынығын, қола жебенің ұштарын және қоладан жасалған ат әбзелдерінің қалдықтарын тапсырған.

Бұл деректер 1975 жылы облыстық «Путь к коммунизму» газетінің 31 мамыр күнгі санында жарық көрген Г.Романованың «Даланың көне құпиялары» атты мақаласында айтылған.

Көне қорғандар, тарихи-мәдени ескерткіштер — өлке тарихының бір бөлшегі. Жазба дереккөздер пайда болғанға дейінгі ежелгі заман тарихының бірден-бір ескерткіші, айғағы, «куәгері» көне қорғандар болып саналады. Біздің өлкенің қай түкпірінде де, соның ішінде облыс орталығы Ақтөбе қаласы мен оны қоршай жатқан аймақтарда көне қорғандар өте көп болған. Жоғарыда айтылған деректер — кеңес кезеңінің соңғы 20 жылы ішіндегі оқиғалар. Бұл кезде әр нәрсенің сұрауы болды, соған орай халықта жауапкершілік те бар еді. Ал кеңес дәуіріне дейінгі уақытта, одан кейінгі түрлі дүрбелеңдер кезінде тоналып, жойылып кеткенескерткіштердің санын ешкім де білмейді. Тіпті тың игеру тұсында да тың жерлердегі қорғандардың сақталуына, қорғалуына көңіл бөліне қоймағаны белгілі.

Қай кезден зерттеле бастады?

Облыс аумағындағы көне ескерткіштерХVІІІ ғасырдан бастап зерттеліп келеді. Мысалы,Орынбордың ең бірінші губернаторы Иван Неплюевтің қарамағында істеген патша шенеунігі П.Рычковтың 1762 жылғы «Орынбор губерниясының топографиясы» атты еңбегінде Абат-Байтақ қорымы туралы дерек бар. Ал ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басында Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының мүшелері, соның ішінде айталық, Ж.Кастаньезерттеулер жүргізіп, өзінің «Қырғыз (Қазақ) даласы мен Орынбор өлкесінің көне ескерткіштері» атты еңбегінде деректер қалдырған.

Сондай-ақ өткен ғасырдың 30-жылдарында, яғни облыс құрылған кезеңде, Мәскеу билігі қазақ жерінің байлығын игеруге жаныға кіріскен еді. Осы тұста дала қойнауындағы пайдалы қазбаларды нақты анықтау үшін, көптеген геологиялық барлау жұмыстары жүргізілді. Геологтар зерттеу жұмыстарының барысында сонау ерте тас дәуірінен ерте темір дәуіріне дейінгі аралықты қамтитын ескерткіштерді ашып, табылған жәдігерлерді КСРО Ғылым Академиясының Антропология мұражайына тапсырған. Алайда 30-70 жылдардың аралығында археологиялық, басқа да тарихи ескерткіштерді зерттеу жұмыстары түрлі себептерге (1941-1945 жылдардағы соғыстың килігуі, т.б.) байланысты жүйесіз жүргізілді.

Жоғарыдағы Г.Романованың мақаласына үңілсек, 70-жылдары құрылыс көп жүргізіліп, сол құрылыстың астында қалып қоюы мүмкін қорғандардың кейбірі шұғыл түрде қазылған секілді. Мақала авторына Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы археология үйірмесінің жетекшісі Виктор Радионов былай дейді: «Жақын уақытқа дейін облыста ерте темір дәуіріндегі көшпенділерге тән 8 қорған белгілі болған еді… Ал біздің үйірменің мақсаты — апатты жағдайдағы ескерткіштерді тауып, сипаттау, өйткені олар болашақта жоғалып кетуі мүмкін. Кейде көне қорғанның үстіне үй немесе зауыт салу жоспарланатыны да бар. Міне, нақ қазір біз сондай қорғанға бара жатырмыз…».

Қасына үйірмеге қатысып жүрген 12 оқушыны ерткен Виктор Радионов автобуспен Ақтөбе қаласынан шығып, Елек өзені үстіндегі көпірден өтіп, одан әрі тағы жүріп, Қарғалы өзенінің тік жағалауына келіп тоқтаған. Бұл жерде үлкен көлемде ор қазылған екен. Радионов бұл қорғаннан қыш ыдыстардың және қара кірпіштің сынықтары табылғанын айтады. «Кірпіштердің қолмен жасалғаны көрініп тұр: оларда саусақ іздері бар», — дейді ол.

Сондай-ақ геолог мақала авторына 1973 жылы осы маңнан діни қызмет атқарған әйел адам жерленген қорғанның қазылғанын да баяндайды. «Табылған әшекей бұйымдары бай, қасында қылыш жатыр… Зооморфтық бейнедегі аяқтары бар, дөңгелек келген құрбандық үстелі де табылды. Бұрын ондай үстелдерге екі-үш тесігі бар құмыралар қойылып, хош иісті шөп немесе шайыр жағылатын болған. Бұрынғы адамдар қараниетті рухтар түтіннен қорқады деп сенген. Қасында үш жасөспірімнің сүйегі де бар. Олардың жанында садақ пен жебелер жатыр» дейді В.Радионов. Үш жасөспірімді ол дін қызметкері әйелді о дүниеде «күзету» үшін өлтірілген сақшылар деп түсіндіреді. Бұлай деп, бәлкім, кеңестік заманның көшпенділерді неғұрлым жабайы, қараңғы көрсетуге тырысқан идеологиясының әсерімен айтылуы да мүмкін. Өйткені Ақтөбенің айналасында көне қорған көп, мамандардың айтуынша, қаланың аумағында ғана 100-ден астам археологиялық ескерткіш бар. Олардың бір бөлігінде қазба жұмыстары ұйымдастырылып, зерттеліп те жатыр. Оның ішінде, бірнеше адам қатар жерленген қорғандар да табылды. Бірақ мамандар оларды «бір отбасының мүшелері болуы ықтимал» — деп түсіндіріп жүр. Біздің білуімізше, бір отбасы мүшелерін бір кесене, мазар ішіне қатар жерлеу — қазан төңкерісіне дейін болған ғұрып.

Сөзіміздің басында 1972 жылы қарапайым еңбек адамдарының жұмыс барысында көне жәдігерлер тауып, облыстық музейге тапсырғаны жөнінде айттық. Музей қызметкерлері мұны Алматыдағы Қазақ КСР Ғылым Академиясының тарих, археология және этнология институтына хабарлайды. Осыған байланысты 1973 жылы облысқа тарих ғылымдарының кандидаты М.Қадырбаев бастаған экспедиция келіп, «Хлебодар» совхозы мен Новоресей ауданының Дөң ауылы жанында қазба жұмыстарын жүргізіп, бай материал жинаған екен.

2007 жылдан бері облыста «Қадырбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми конференцияның тұрақты ұйымдастырылып келе жатқанына қарағанда,мамандар үшін жоғарыдағы зерттеулер мен олардың нәтижесі өте маңызды болса керек.

897 ескерткіш

1988 жылғы дерек бойынша облыста 897 тарихи және мәдени ескерткіш тіркеуге алынған.Бұлардың ішінде археологиялық ескерткіштер саны — 596, тарихи ескерткіш — 182, архитектуралық ескерткіш — 61, ал өзге 58-і монументалды-көркемөнерлік ескерткіштер екен. (Соңғыларының бір бөлігі, соның ішінде кеңестік замандағы көсемдер ескерткіштері, идеологиялық тұрғыдан ескіруіне байланысты, 1990 жылдардың басында алынып тасталғаны белгілі).

Бұл жөнінде облыстық «Коммунизм жолы» газетіне тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы облыстық кеңесі төрағасының орынбасары Ғ. Мұханбетжанов жазыпты. Оның «Ескерткіштерді қорғау — ел тарихын қорғау» атты мақаласы 1988 жылдың 8 қарашасында жарық көрген.

Сол жылы облыста 90,1 мың адам аталған қоғамға мүше болған. Олар — жұмысшылар, колхозшылар, зейнеткерлер, қызметкерлер мен мектеп оқушылары.

Мақала авторы былай дейді: «Облысымызда археологиялық ескерткіш саны 596-ға жететінін жоғарыда айтып өткенбіз. Ақтөбе педагогикалық институтының археологиялық экспедициясы жылма-жыл ескі қорғандар мен бейіттерді зерттеу жұмыстарын үзбей жалғастырып келеді. Осы мақсатқа 1986-1988 жылдары облыстық қоғам 40 мың сом қаржы бөлді, соның нәтижесінде Мартук, Қарабұтақ, Ақтөбе аудандарында 174 объект зерттелді. Қазба жұмыстары зор ғылыми мәні бар мәдени бұйымдар коллекциясын табуға ықпал жасады. Облысымыздың территориясында біздің эрамызға дейін 2-2,5 жыл бұрын өмір кешкен адамдар тарихының жаңа парақтары ашылды».

Сондай-ақ осы тұста Ойыл мен Темірдегі мешіттерді қайта қалпына келтіру туралы бастама көтеріліп отырғаны жазылыпты. Сол кез үшін бұл, әрине, үлкен жаңалық, жақсы леп еді. «Қазір облыс бойынша алғанда, Темір қаласындағы шіркеу мен мешіт, Ойыл селосындағы мешіт қайта өңделуде. Оларды қалпына келтіруге 194 мың сом қаржы бөлінді»деген дерек келтіріліпті. Ал Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданының аумағында әуесқой «қазына іздеушілердің» кесірінен археологиялық ескерткіштердің талан-таражға ұшырау фактілері бар екені айтылған.

Көне тарихымыздың бір бөлшегі ретінде дала толы ескерткіштерді зерттеу ісі тәуелсіздік жылдарында қарқын алды. Қобда ауданында Қобыланды батырдың, Әйтеке би ауданында Әбілқайыр ханның жерленген орындары зерттеліп, олардың кесенелері қайта көтерілді. 2003 жылдан бастау алған «мәдени мұра» бағдарламасының аясында Қобда ауданындағы Абат-Байтақ кесенесі, Ырғыз ауданындағы Жаныс тамы, Мұғалжар ауданындағы Қарағұл тамы, Байғанин ауданындағы Індібай тамы зерттеліп, қайта қалпына келтірілді. Байғанин ауданындағы біздің заманымызға дейінгі V-ІІ ғасырлардағы сармат дәуіріне жататын Қызылүйік ғибадатханасына кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.

2019 жылдан бастапоблыс әкімдігімен Әлкей Марғұлан атындағы археология институты бірлесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында бірқатар жобаны іске асырды. Соның нәтижесінде Темір ауданындағы І Тасқопа қорымынан ежелгі көшпенділер көсемінің қабірі табылды. Ескерткіштің ғылыми тұрғыдан қайта қалпына келтірілген нұсқасы қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр.

2017 жылы қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының аясында өңіріміз бойынша 12 ескерткіш — республикалық, ал 46-сы жергілікті маңызы бар ескерткіштердің тізіміне алынды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button