Спорт

Олимпиадаға үш ай қалды

Биыл Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына үш айға жетер-жетпес уақыт қалды.Бүгінге дейін еліміздің спортшылары50-ге жуық жолдамаға қол жеткізді.

Мейрамбек Олимпиадаға бармайды

Сәуірдің 19-21 аралығында Қырғызстан астанасы Бішкекте күрес түрлерінен Олимпиада жолдамасы берілетін құрлықтық іріктеу турнирі өтті.

Жарысты еркін күрес шеберлері бастады. Спорттың бұл түрінен Олимпиада жолдамаларын сарапқа салу былтыр күзде Сербияда өткен әлем чемпионатында басталды. Қазақ балуаны Азамат Дәулетбеков (86 кг) осы жарыста қола медаль иеленіп, алғашқы лекте Олимпиада жолдамасын алды.

Ал құрлықтық іріктеу турнирінде әр салмақ дәрежесіндетек финалға дейін жеткен екі балуанға ғана Олимпиада жолдамасы табысталды.

Еркін күрес бойыншаБішкекте Әлішер Ерғалиев (97 кг) пен Юсуп Батырмырзаев (105 кг) Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Сондай-ақ біз 57 кг салмақ дәрежесіндегі балуан Ерасыл Мұхтарұлының жолына да көз тіккен едік. Өйткені аталған салмақта өнер көрсететін жерлесіміз Мейрамбек Қартбай да ұлттық құраманың мүшесі. Бішкекте Ерасылдың жолы болмағандықтан, мамыр айында Ыстанбұлда өтетін соңғы іріктеу турнирінде Мейрамбекке тағы бір мүмкіндік беріле ме деп күткенбіз. Алайда жарыстан кейін еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов бұл салмақта Ыстанбұлға Рахат Қалжанның баратынын мәлімдеді.

Грек-рим күресінің шеберлері Бішкекте 3 жолдамаға қол жеткізді: Айдос Сұлтанғали (60 кг), Демеу Жадыраев (77 кг), Әлімхан Сыздықовтарға (130 кг) сәттілік серік болды. Бұл жарысқа дейін грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) Олимпиада жолдамасын иеленген еді.

Өкінішке қарай, еркін күрестен еліміздің әйелдер құрамасы Бішкектен құр қол қайтты. Олар өткен жылғы әлем чемпионатында да жолдамасыз қалған еді. Әлем біріншілігінде Жәмила Бақбергенова (72 кг) қола медаль алған болатын, алайда оның салмағы Олимпиада бағдарламасына енбеген. Сондықтан Сербиядағы әлем чемпионатынан кейін Жәмила 76 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетуге көшті.

Енді 9-12 мамыр аралығында Ыстанбұлда өтетін турнирқыздарымыздың соңғы мүмкіндігі болмақ.

Айта кетейік, Бішкекте өткен іріктеу турнирінде көрші Өзбекстан елініңеркін күрестен әйелдер құрамасы Олимпиадаға тұңғыш рет жолдама ұтып алды. Оның иесі — сол елде туып-өскен қандасымыз Ақтеңге Кеунімжаева. Ақтеңге 50 кг салмақ дәрежесінде күреседі. Осылайша қазақ аруы осы уақытқа дейін Олимпиадада қыздары бірде-бір рет өнер көрсетпеген Өзбекстанға тарихи жолдама әперіп отыр.

Алғашқы бадминтоншы

Қазақстандық бадминтоншы Дмитрий Панарин — әлемдік рейтингте 25 мыңнан астам ұпаймен 31-орында тұрған спортшы. Ал командалық есепте Қазақстан 25-орынға көтерілген. Бұл нәтижелер Дмитрий Панариннің алдағы Олимпиада жолдамасына қол жеткізуіне жол ашты.

Дмитрий — спорттың бұл түрінен Олимпиадаға біздің еліміздің атынан баратын тұңғыш спортшы. Дмитрий жекелей сыннан бөлек, Артур Ниязовпен бірге — ерлер арасындағы жұптық сында, сондай-ақ Кәмила Смағұловамен бірге аралас жұптық сында өнер көрсетіп, халықаралық жарыстарда жетістікке жетіп жүр.

Марафоншы Жанна

Сәуір айындағы іріктеу жарыстарының бірі — Роттердамда өткен марафонда (42,1 км) Жанна Мамажанова ел рекордын жаңартып, сондай-ақ Олимпиада нормативін де орындады.Ол2017 жылдан бері ұлттық құрама сапында келеді, ал Олимпиадаға осымен екінші рет қатысады. Токио Олимпиадасында ол 2:37:42 уақыт көрсеткішімен 46-орын алған еді.

Ескекшілер де ерледі

19-21 сәуір аралығында Жапония астанасы Токиода каноэ мен байдаркада есуден Азия чемпионаты өтті. Бұл жарыс Олимпиадаға іріктеу турнирі ретінде өтіп, құрлық біріншілігінің алтынын алған спортшыларға жолдамалар берілді.

Біздің елімізден алдымен каноэде ескек есуден 500 метрлік жарыста Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жұбы алтын алып, Олимпиада жолдамасына қол жеткізді. Одан кейін каноэде нақ осы қашықтықта Мария Бровкова мен Руфина Ысқақова жұбы да чемпион атанды.

Байдаркада да ескекшілеріміз 500 метр қашықтықта топ жарды. Атап айтқанда, Бекарыс Раматулла мен Сергей Токарницкий жұбы мәреге бірінші болып келді. Сарапшылардың айтуынша, спорттың бұл түрінен жұптық жарыста жолдама алған жағдайда, жекелей жарыстың жолдамасы да қоса беріледі.

Сонымен қатар Оңтүстік Кореяның Чунджу қаласында академиялық есуден өткен іріктеу турнирінде Владислав Яковлев те Олимпиада жолдамасын алды. Ол 2000 метр қашықтықтағы жекелей сында мәреге бірінші болып жетіп, жарыс жеңімпазы атанды.

Нариманның жұлдызды сәті

Спорттық гимнастикадан ұлттық құраманың көшбасшысы Милад Карими өткен жылғы әлем чемпионатында қола жүлде иеленіп, Париж Олимпиадасына жолдама алған болатын.

Милад Парижде ел намысын жалғыз қорғамайды, жуырда тағы бір гимнастымыз Нариман Құрбанов та Олимпиада жолдамасын иеленді. Атап айтқанда, 17-21 сәуір аралығында Катар астанасы Дохада спорттық гимнастикадан Әлем кубогының соңғы кезеңі өтіп, барлық кезең бойынша қорытынды есеп шығарылды. Қорытынды есепте ат снаряды жаттығуы бойынша Нариман 70 ұпаймен екінші орын алды. Бұл нәтиже оған Олимпиадада өнер көрсетуге жол ашты.

Олимпиадаға әзірленіп жүрген Милад та осы жарысқа қатысып, еркін жаттығуда топ жарды. Осылайша ол, бұйыртса, Париж Ойындарында жүлдеге таласа алатынын тағы бір дәлелдеді.

Бұл жолы жолдама жоқ…

2020 жылғы Токио Олимпиадасына 200 ауыр атлет қатысса, ал биылғы Париж Олимпиадасында олардың саны едәуір қысқарып, 120 спортшы ғана өнер көрсететін болды.

Өкінішке қарай, Қазақстан өз тарихында бірінші рет ауыр атлетикадан Олимпиадаға спортшы жібермейтін болды. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы жариялаған әлемдік рейтингте біздің спортшылар арасынан ең үздік нәтиже — 89 кг салмақ дәрежесіндегі Сергей Петровичтің 12-орны. Ал Олимпиадаға әлемдік рейтингтегі ең үздік 10 спортшыға жолдама беріліп отыр.

Осыған дейін ауыр атлеттеріміз, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасын есепке алмағанда, басқа Олимпиадалардан әрдайым жүлдемен оралған еді. 1996 жылдан бергі Олимпиадаларда олар 1 алтын, 4 күміс, 6 қола, барлығы 11 жүлде алыпты.

Дзюдошыларға үміт арта аламыз ба?

Соңғы жылдары дзюдо спортынан қазақ балуандарының деңгейі жанкүйерлер көңіліненшықпай жүр.

Жуырда Гонконгте өткен Азия чемпионатында Қазақстан атынан 18 дзюдошы өнер көрсетіп, нәтижесінде 3 қола медаль алып қайтты. Сондай-ақ өткен жылғы әлем чемпионатында да біздің дзюдошыларымыз еш жүлдеге қол жеткізе алмады.

Бүгінгі қазақ дзюдошылары қатарында тұрақты түрде нәтиже көрсететін спортшы кім дегенде, жанкүйерлер Әбиба Әбужақынованы (48 кг) ғана атап, одан әрі мүдіріп қалады. Әбиба халықаралық дзюдо федерациясы түзген Олимпиада рейтингінде 3-орында тұр. Алайда Гонконгте өткен Азия чемпионатында оның да жолы болмады. Бұл жарыста Әбиба жоғарыда аталған рейтингте 13-орында тұрған моңғол қызы Бовуудорж Басанхүүден жеңіліп қалды. Қыздар арасынан өз салмағында Парижге баруға үміткерлер қатарында тұрған тағы бір дзюдошымыз — Кәмила Берліқаш (+78 кг). Ол да ірі жарыстарда (Гран-при, Grand Slam) жүлде алып жүргенімен, өкінішке қарай, ала-құла өнер көрсетеді.

Ерлер құрамасынан Нұрқанат Серікбаев, Мағжан Шамшаддин, Елдос Сметов (үшеуі де 60 кг),сондай-ақ Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Данияр Шамшаев (73 кг) және Абылайхан Жұбаназар (81 кг) бүгінгі күні Олимпиада рейтингінде үздіктер сапында болмағанмен, жолдамаға үміткерлер қатарында тұр. Аліріктеу жарыстары әлі жалғасып жатыр. Солардың бірі — Grand Slam жарысының Олимпиада алдындағы соңғы кезеңі 10-12 мамыр аралығында Астанада өтеді.

Әрине, жанкүйерлер спортшылардың Олимпиадаға барып қана қоймай, ең бастысы, нәтижелі өнер көрсеткенін қалайды.

Жарыс жолында — мергендер

23 сәуірде Катар астанасы Дохада стендтік атудан іріктеу турнирі басталған еді.

Жарыстың алғашқы күнінде трап жаттығуы бойынша Мария Дмитриенко финалға дейін жетіп, сонымен бірге Олимпиада жолдамасына да ие болды. Бұл — стендтік атуданқазақ спортшыларының биылғы Олимпиадаға алған алғашқы жолдамасы.

Жолдамалар саны көбейеді деп үміттенеміз, өйткені бұл жарыста еліміздің                                      атынан 21 спортшы өнер көрсетіп жатыр.

Біз жарыс жолындағы барлық спортшымызға сәттілік тілейміз!

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button