Тарих

Қасірет пен қасиет

Чернобыль апатына — 38 жыл

Биыл — Чернобыль апатының зардаптарын жоюға 38 жыл. Осыған орай Чернобыль апаты құрбандарына арналған ескерткіш-белгі маңында іс-шара өтті.

Шараға радиациялық апаттың салдарын жоюға қатысқан жауынгерлер мен олардың туыстары, облыстық мәслихат депутаттары, қала тұрғындары қатысты.

1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль қаласында мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат болды.Соның салдарынан 5 миллионнан астам адам зардап шекті. Чернобыль апатының зардабын жоюға біздің облыстан 2 мыңнан астам адам қатысқан. Бүгінде солардың 180-і ғана ортамызда.

Мемлекеттік Гимннен соң жиынға қатысушылар құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

— Осыдан 38 жыл бұрын Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған сарбаздар өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, Чернобыльдағы үлкен апаттық жарылыстың зардабын жоюға қатысты. Олардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Ардагерлерге мықты денсаулық тілейміз, — деді шараға қатысқан Ақтөбе қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысының орынбасары Н.Серғалиев.

Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерлан Рамазанов, ҚР Қарулы Күштері ардагерлері қоғамының облыстық филиалының төрағасы Қажымұқан Сәтенов, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Қойлыбаев Чернобыль апатының бірнеше ұрпаққа тигізген зардабын айта келе, мұндай жағдай тарихта енді қайталанбауын тіледі.

«Ақтөбе облысының Чернобыль мүгедектері» қоғамдық бірлестігіне жетекшілік ететін Бақытжан Сатовтың айтуынша, 9 мамыр — Жеңіс күніне орай өңіріміздегі Чернобыль оқиғасының куәгерлеріне 230 мың теңге көлемінде бірреттік төлем аударылды. Бүгінде чернобыльдықтардың бас қосатын кеңсесі бар. Олар жиын өткізіп, жастармен, оқушылармен, әскерилермен кездесу өткізіп тұрады.

Чернобыль апатының куәгері — Мұғалжар ауданы Қандыағаш аудандық ауруханасының дәрігері Сейіткерей Нәбиев:

— Киевте әскерде болғанмын. 1986 жылы 29 сәуірде бізді Чернобыль қаласына апарды. Сарбаз болған соң айтқандарын істедік. Ол кезде жаспыз, түсінбедік. Бүгінде әскерде бірге болған жігіттердің біразы өмірден өтті. Олардың біразы онкологиялық аурулармен арпалысты. Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандарға Алматыдағы әскери госпитальде тегін медициналық тексерістен өтуге мүмкіндік бар. Былтырдан бері Жеңіс күніне орай бірреттік қаржылай көмек беріліп жатыр, — дейді.

Іс-шара соңында «Оксана» украин этномәдени бірлестігінің мүшелері «Чернобыль» әнін орындады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button