Облысқа — 90 жыл

Алғаш рет қалай мерекеленді?

Осыдан 30 жыл бұрын, 1992 жылдың 16 желтоқсаны күні, Қазақстан халқы тәуелсіздіктің бір жылдығын тойлады.

Сол кездегі облыс басшысы Шалбай Құлмаханов осыған орай өңір халқына жасаған үндеуінде: «Қымбатты ақтөбеліктер! Қазақстандықтар өз тарихында тұңғыш рет өз мемлекетінің тәуелсіздік алған күнін атап өтіп отыр. Қазақстан Республикасы халықаралық қауымдастықтың толық құқылы субъектісі болды. Жасыратыны жоқ, егеменді мемлекет өз тәуелсіздігіне қиын жағдайда кірісті. Дегенмен қазір республикада — тыныштық», — дейді.

Сол жылдар естеліктеріне үңілсек…

Қарсаңдағы жылдар

Алдымен тәуелсіздік қарсаңындағы кезеңге көз жүгіртсек, сол жылдары еліміздің көптеген өңір секілді Ақтөбеде де тіл мәртебесін көтеру,  ұлттық салт-дәстүрлерді жандандыру мәселелерінің жұртшылық тарапынан қызу қолдау тапқанын көреміз. Бұл істердің басы-қасында ақтөбелік зиялы қауым, солар құрған түрлі қоғамдық ұйымдар жүрді. Журналист Марат Мырзағұл «Үміт пен күдік» атты мақаласында: «Республикалық (кейін халықаралық) «Қазақ тілі» қоғамы құрылтайына қатысып, елге оралған соң, біз де осы қоғамның бастауыш ұйымдарын, Ақтөбе қалалық ұйымын құруға атсалыстық. Тіл заңын жүзеге асыруда, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуде осы қоғамның атқарған істерін халық жақсы біледі. Ақтөбеде ұлттық салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың қатарға тұруына салмақты үлес қосқан замандастарым С.Ерғалиев, К.Ахметов, З.Бралова, З.Құдайбергенованың есімдерін атаудың жөні келген сияқты.

1990 жылы Ақтөбеде тұңғыш рет наурыз мейрамы атап өтілді. Осы шараның бар ауыртпалығын көтерген қала басшылығы емес, «Қазақ тілі» қоғамы, «Алдаспан» жастар клубы болатын. Бүгінде ұмытыла бастаған, бірақ шын мәнінде тілді дамытуда із қалдырған жылдарды еске алғанымыз өзімізді марапаттау емес, мақсат — қалай басталғанын еске түсіру еді», — дейді.

Сол жылдары жүргізілген жұмыстың арқасында, тәуелсіздіктің алғашқы бес жылында облыс орталығында қазақ мектептерінің саны 11-ге жеткен. Ал облыста қазақ балаларының 78 пайызы өз ана тілінде білім алды. Өз кезеңі үшін бұл үлкен жетістік болатын.

КСРО қалай ыдырады?

1991 жылы 25 желтоқсанда, КСРО-ның біржола ыдырағаны айқын болған тұста, оның алғашқы және ең соңғы президенті М.С.Горбачев бұрынғы орталық телевизия арқылы мәлімдеме жасады. Өз мәлімдемесінде ол: «СССР Президенті ретінде соңғы рет сіздердің алдарыңызда сөйлей отырып, 1985 жылдан бастап жүріп өткен жолға өз бағамды білдіруді қажет деп есептеймін. Оның үстіне, бұған қатысты көптеген қарама-қайшы, атүсті және әділетсіз пікірлер айтылуда.

Тағдыр жазып, мен мелекет басына келгенде еліміздің жағдайы жақсы еместігі сол кезде-ақ айқын болды. Барлығы да жеткілікті: жер, мұнай мен газ, басқа да табиғи байлықтары бар, сондай-ақ Құдай ақыл мен дарындардан да кенде қылмаған, ал дамыған елдерден әлдеқайда нашар тұрдық, күннен-күнге олардан артта қалдық.

Себебі сол кезде-ақ көрініп тұрды: қоғам әкімшіл-бюрократтық жүйенің қысымында тұншықты. Идеологияға қызмет етуге және жанталаса қаруланудың қауіпті жүгін арқалауға ұшыраған ол шыдам шегіне жетті», — деп, өзі билікке келген кездегі жағдайға баға береді.

Сондай-ақ ол өзі бастаған реформалардың сәтсіздікке ұшырағанын да мойындайды.

Дүниежүзінің тануы

Тәуелсіздіктің алғашқы айларында Қазақстан баспасөзінде «Дүниежүзі Қазақстанды тануда» деп аталатын тұрақты айдар пайда болды.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Заң 16 желтоқсанда қабылданды. 21 желтоқсанда Алматыда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды. Оның құжатына бұрынғы КСРО-ның 11 мемлекетінің басшысы қол қойды.

Сол кездегі Ресей басшылығы былай деп мәлімдеме жасапты: «Ресей басшылығы Қазақстан халқы мен Парламентінің демократиялық ерік білдіруіне сәйкес осы республиканың тәуелсіздігін тану туралы мәлімдейді. Біз Ресей мен Қазақстан арасында, соның ішінде екі халық арасындағы сан ғасырлық достық, тату көршілік, өзара құрметтеу дәстүрі негізінде, Тәуелсіз мемлекеттердің достық одағы негізінде де жаңа мемлекетаралық қатынастардың жедел қалыптасуы қажеттігіне шынайы сенеміз…».

Алғашқы күндері Түркия, Швейцария, Канада, Израиль, Куба, Египет, т.б. көптеген мемлекеттің бұрынғы КСРО республикаларының тәуелсіздігі мен егемендігін мойындайтыны және олармен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуды қалайтыны туралы хабарлар бірінен соң бірі ағылып жатты…

Ырыспен басталды

1992 жыл, яғни тәуелсіздіктің алғашқы жылы аймағымыз үшін ырысты болды.

Бұл сөзімізге жоғарыда айтылған үндеуінде сол кездегі облыс басшысы Шалбай Құлмахановтың келтірген деректері дәлел. Нақты жеткізер болсақ, үндеуде: «Ақтөбеліктер осы айтулы күнді қалай қарсы алып отыр? Биыл астықтың түсімі бұрынғы қай кездегіден де жоғары болды. Ақтөбе облыс болғалы мұндай мол астық алынған жоқ. Астық жинау науқанын жоғары дәрежеде ұйымдастырудың, диқандардың және биылғы егін жинауға қатысқан басқа да адамдардың жанқиярлық еңбегінің арқасында өнімді толық жинап, сақтауға мүмкіндік туды. Бүгінгі күнге егеменді Қазақстанның қамбасына 1 миллион 300 мың тоннадан астам Ақтөбе астығы құйылды. Облыс өзіне тұқым қорын толық қамтамасыз етті. Астық тапсыру одан әрі жалғасуда.

Облыс әкімдігі жасаған өзін-өзі қамтамасыз етудің кешенді бағдарламасы жақсы нәтижелер берді. Облыс қыс айларына өзіне қажетті картоп, ұн және сәбіз қорын толықтай қамтамасыз етті. Оның үстіне, бұрын облыста өсірілмеген қант қызылшасы, күнбағыс, қарақұмық жоғары өнім берді. Басқаша айтқанда, биылғы қыста ақтөбеліктер азық-түлік проблемасынан қыспақ көрмейді деуге негіз бар.

Өнеркәсіпте де істің барысы жаман емес. Биыл құрылысшылар айрықша еңбек етті. Ақтөбеліктер бұл жөнінен 1991 жылға қарағанда едәуір алда келеді. Селоларда ғана 84 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, 1368 орындық мектеп, 95 орындық балалар бақшасы, тағы басқа маңызды объектілер пайдалануға берілді. Ақтөбеліктер 1992 жылы құрылыс салу жөнінен республиканың көптеген облысына үлгі болды деп мақтанышпен айтуға болады», — деген мәліметтер келтіреді.

Жарқын мереке

1992 жылы ең алғаш рет Тәуелсіздік мерекесінің облыс орталығында қалай атап өтілгені жөнінде аймақ өмірінің жаршысы «Ақтөбе» газетінің 19 желтоқсан күнгі санында жазылыпты: «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні біздің облыста да жарқын мереке ретінде атап өтілді. Еңбек коллективтерінде, оқу орындарында бұл мерекеге күні бұрын әзірліктер жасалып, бағдарламалар белгіленді. Сондықтан желтоқсанның 16-сы күні қаланың көптеген жерінде шын мәнінде думанды ойын-сауық,  көңілді концерттер болды. Әр жерде жиналған халыққа, әсіресе сауда орындарының қызметкерлері, көркемөнерпаздар ұжымдары көп қызмет көрсетті. Көшелерде, көпшілік орындарда ақ тілек айтылған ұрандар, транспоранттар орын алған.

Химиктер Мәдениет үйінің алдында өткен мереке балаға да, үлкенге де көңілді демалыс болды. Бұнда жиналғандар көркемөнерпаздар үйірмелерінің концерттерін тамашалап, радио тыңдады, мультфильмдер қарап, әртүрлі аттракциондарға қатысты.

Пушкин атындағы қалалық демалыс паркінде өткен мереке есте қаларлықтай болды. Ұлттық киім киген сатушылар әртүрлі тағамдар әзірлеген. Әсіресе қазақтың бауырсақ, күлше, қуырдағынан көпшілік аса зор ықыласпен ауыз тиді. Мерекені ұйымдастырушылар маңайдың көңілді ән мен күйге бөленуіне күш салды. Радионүктелерден толассыз ән шырқап тұрды. Ақтөбе мәдениет училищесінің оқушылары мен оқытушылары арнайы әзірленген бағдарлама бойынша концерт қойды. Н.Ешмұханбетов жетекшілік еткен қазақ фольклорлық ансамблі қалалықтарды өз өнерімен риза етті. Басқа да ансамбльдер мен көркемөнерпаздар ұжымдары термелер орындап, күйлер тартты. Осындай мерекелік шаралар қаланың бірнеше жерінде болып, көпшіліктің көңілін көтерді».

«Сегіз әулетті көшіріп алдық»

Газеттің 16 желтоқсан күнгі санында жарық көрген С.Қабашұлының «Өзгерісті кезең» аталатын сұхбатында сол кездегі ауыл өмірінің қиыншылықтары, ізденістер жайы баяндалады.

Сұхбат «Бегалы» совхозының директоры З.Отарбаевтан алынған. Шаруашылық басшысы өз ауылындағы өзгерістер жайын былай деп жеткізеді: «Біздің шаруашылық мал өсіреді, егін егеді… Қазан революциясына сенім артып жас ғұмырын пида еткен ардагер ағаларымыздың асқақ мұраты енді-енді жүзеге асып жатыр. Кеңестік жүйенің қатал тәртібінен ел табанынан үдере көшіп кеткен ағайындар арасы жақындады, барыс-келіс басталды. Біз де мұны тәуелсіздік берген бақыт деп қабылдап, Моңғолиядан сегіз әулетті көшіріп алдық. Көптен шетте жүрген ағайындарымызды құшақ жая қарсы алдық, алдарына мал салып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасадық. Олардың жетеуі шопан болуға келісті, біреуі мұғалім екен, интернат меңгерушілігіне тағайындадық.

Әрине, қазір қай жерде де оңай болып жатқан жоқ. Бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп, нарықтық қатынастың әліппесін ашудамыз. Отаршылдықтың ащы зардабы еңбек адамының жерге де, малға да қожалық сезімін кемітіп, «өкімет өлтірмейді» деген көңіл күйді қалыптастырғаны да шындық…

Қазіргідей қымбатшылық пен қардарлық қысқан кезде, еңбек адамының әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларын шешуді негізінен өз мойнымызға алып отырмыз.  Тұрмыстық қамту үйін совхозға алып, күнделікті қажетті киім-кешекті тігуді ұйымдастырмақпыз. Азық-түлік тапшылығын болдырмау үшін қант қызылшасын, күнбағыс егіп, жинап алдық, енді өңдеу кәсіпорындарына тапсырып, осы өнімге деген халық сұранысын өтейміз бе деп отырмыз».

«Осы қуанышты баянды етейік»

Ал қазақтың ойшылдары қатарынан орын алатын тұлға, қоғам қайраткері, сол кезде Ақтөбе педагогикалық институтын басқарған ғалым Мұхтар Арын «Ақтөбе» газетінің тілшісі Сағындық Ниянқұловтың: «Мұха, егемендік, тәуелсіздік дегенді қалай түсінесіз?» деген сауалына орай, ең алдымен, халықтың руханиятын басты орынға қоятынын жеткізіпті. Жауапты толығымен келтірсек: «Қазақта «Бірінші байлық — денсаулық» деген сөз бар. Ал осыны қазіргі жағдайда өзімізге икемдеп айтар болсақ, мен халқымның азаттық алуын рухани сауығуы дер едім. Ұлттың денсаулығы — оның азаттығы. Тәуелсіздік алуымыз — үлкен жетістік. Бұған аса мән беріп, нақты үлес қоса білу лазым. Мәдениетіміз, білім деңгейіміз, тұрмыс, салт-санамыз жағынан басқа ұлттарға еліктемей, олар арқылы емес, өзіміз биіктен көрінуге талпыныс жасау керек. Көкірегі ояу, халқым деп күресіп өткен Шәкәрім, Ахмет, Міржақыптардан ерте айырылып қалдық. Пендешілік дегенді ұмытып, бұқара үшін қам жейтін уақыт жетті. Халқымыз әлі де тәуелсіздік дегенді толық сезіне алмай жүр…

Әрине, алда да атқарылар жұмыстар көп. Шекарамыз белгіленген жоқ, теңгеміз шығарылмай жатыр. Конституция қабылданған кезде мен осының бәрі ескерілер деген ойдамын.

Республикамыздың тәуелсіздік алуының жылдығына орай мен отандастарыма осы қуанышты баянды етейік, кеудесінде ұлттық намысы бар әр азамат ортақ іске араласса деген ізгі тілек айтқым келеді».

Мұхтар Арын тәуелсіздікті баянды ету өз қолымызда екенін осылайша жеткізіпті. Біз де бүгінгі сөзді осы тілекпен аяқтағымыз келеді…

 Тарих беттерін парақтаған А.САРЫБАЙ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button