Әдебиет

Кітап оқып жүрсіз бе?

23 сәуірде кітапсүйер оқырман Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнін атап өтті. Жазушы Әбіш Кекілбайұлының  «Адамды адам еткен — кітап, адамзат еткен — кітапхана» деген сөзі бар. Алматыдағы Ғылым академиясы кітапханасының мерейтойына байланысты шығатын кітапқа алғы сөз ретінде жазылған бұл сөз бүгінде кітапсүйер қауымның ұранына айналғандай.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» атты үшінші отырысында жастарды кітап оқуға баулу керектігін айтты. Бүгінде қазір жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары. Өңірдегі кітапханашылардың дені — жастар. Кітапханашылар осылай дейді.   

Біз облыс орталығындағы бірқатар кітапханаға барып, қазыналы мекемелердің жаңашыл жобаларымен танысқан едік…

Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні қарсаңында кітап оқуды насихаттау және бос уақытты мазмұнды өткізу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараларға облыстық және қалалық кітапханалар белсене атсалысты. Кезекті рет ұйымдастырылған мазмұнды кешке мәдениет саласының қызметкерлері мен кітапхана ардагерлері, жастар қатысты.

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Әйгерім Жасанованың айтуынша, кітапхана ісін дамыту, кәсіби ынтымақтастық құрылымдарда қоғаммен байланыс жасау, сонымен қатар кітап оқуды насихаттау мақсатында кітапханада ай сайын креативті іс-шаралар ұйымдастырылады.

Биыл Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай Қазақстанның барлық  өңірінде  «Кітап-шоу» фестивалі ұйымдастырылды. Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен фестиваль барысында «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында таңдалған Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығын насихаттауға бағытталған «Ақиқаттан айнымаған қаламгер» атты әдеби кеш өтті. Мазмұнды іс-шараға қаламгерлер Ертай Ашықбаев, Бауыржан Құрманқұлов, Бижан Қалмағанбетов, Гүлімай Әбішқызы, Талғат Тілеулесов қатысып, студенттермен әсерлі әңгіме өрбітті. Одан бөлек 22-26 сәуір аралығында «Кітап — асыл қазына» апталығы, «Жаңа кітаптар жаңалығы» кітап көрмесі, буккроссинг, өңірімізге белгілі журналист, талантты ақын Жанар Нұрғалиді еске алуға арналған кеш ұйымдастырылды. 

Оған қоса түрлі акциялар, іс-шаралар өткізіліп келеді. Жастар емін-еркін бара алатын коворкинг орталықтары да облыста көптеп ашылды. Қолы тимейтін, арнайы кітапханаға бара алмайтын оқырман үшін де облыста бар жағдай жасалған — әуежайда, теміржол вокзалында, басқа да орындарда арнайы кітап оқуға бағытталған QR-кодтар орналастырылған, — дейді кітапханашы.

Кітапқұмарлық — жақсы қасиет. Кітапханашылардың айтуынша, қазір телефоннан электронды нұсқада кітап оқудың мүмкіншіліктері артып отыр. Кітапханашы Гүлзада Бейсованың айтуынша, жастар бос уақытын кітапханада өткізгенді жөн көреді:

Мемлекет басшысы «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» атты үшінші құрылтайда сөйлеген сөзінде: Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет», — деген еді. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы — кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек. Ол үшін кітапханашы үнемі ізденісте жүруге тиіс. Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өлке тарихын насихаттауға бағытталған «Тарих тұңғиығындағы тұлғалар», «Тарих.Тұлға.Тағылым», «Тарихы терең  Ақтөбе» сынды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Кітапхана қоры жыл сайын отандық және шетел әдебиеттерімен, ақпараттық, ғылыми басылымдар, оқу-әдістемелік  құралдармен  толықтырылып келеді. Қазір оқырмандардың дені фантастика, детектив, психологиялық, мотивациялық кітаптарды көп оқиды. Олардың талғамына сәйкес кітап дүкендерінен мемлекеттік тапсырыс арқылы жаңа кітаптарды сатып аламыз. Бір қуантарлығы, қазір кітап оқитын жастар артып келеді. Олар кітапханада өткізілетін ауқымды іс-шараларға атсалысып, бос уақытын коворкинг орталықтарында өткізеді, — дейді кітапханашы Гүлзада Бейсова.

Нұрпейіс Байғанин атындағы балалар кітапханасында да балалардың оқу мәдениетін қалыптастырып, кітап оқуға баулу мақсатында «Арман. Жігер. Жетістік», «Кітаппен бірге өсемін», «Мейірімділік және қамқорлық» және басқа да көптеген жобалар мен кітап фестивальдері ұйымдастырылып келеді. Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету мен инновациялық және әдістемелік жұмыс бөлімінің әдіскері Назерке Райысқызының айтуынша, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі жобалар қолға алынған.

Кітапхана жанынан «Атамекен» өлкетану-патриоттық,  «Желкен» әдеби, «Позитив» салауаттылық, «Шаңырақ»  отбасылық оқу клубтары ашылып, оқырмандармен тығыз қарым-қатыста жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ «Ымырттағы кітапхана» іс-шарасын облыс және қала кітапханалары бір мезетте өткізіп жүр. Одан бөлек әр аптаның бейсенбі күндері сағат 15.00-17.00 аралығында кітапхана өз оқырмандарына түрлі форматта іс-шаралар  ұйымдастырады. «Kitapland Travel» квесті — жастардың зияткерлік қабілеттерін арттыратын креативті іс-шараның бір түрі. Квест шартына сәйкес «Табалдырық», «Әудем жер», «Қозы көш», «Беласар», «Жолайрық»  секілді бес кезең бойынша кітапхана оқырмандары өзара сайысады. Аталған іс-шаралардың нәтижесінде балалар топтық жұмыс арқылы командамен жұмыс жасауды, бір-біріне қолдау көрсетуді үйренеді, — дейді Назерке Райысқызы.

Оқырман пікірі:

Нартайлы ШАЙМЕРДЕН, оқушы:

«Жақсы кітап — жан азығы» демекші, мен үнемі кітап оқуға уақыт табамын. Кітапты жаныма серік еткелі қазақ әдебиетіне деген қызығушылығым арта түсті. Әзірге қазақ, орыс тілдерінде кітаптар оқып жүрмін. Алдағы уақытта  ағылшын тілінде де кітаптар оқу жоспарымда бар. Менің кітап оқуға деген қызығушылығымды арттырған Нұрпейіс Байғанин атындағы балалар кітапханасының кітапханашыларына алғысым шексіз. Олар маған «Book pay it» жобасына қатысуды ұсынып, жаңашыл жобаның артықшылығын түсіндірді. Осы жоба аясында бір айдың ішінде он екі кітап оқып, шетел әдебиетінің озық шығармаларымен де таныстым. Осы кітаптардың ішінен ұнағаны — Миясе Сертбаруттың «Сыр жасырған тұман» шығармасы. Жаңа технологиялармен жабдықталған кітапхананың ішкі және сыртқы келбеті, заманауи коворкингтері мен оқу залдары ерекше ұнады. Кең әрі кітап қоры мол кітапханада бос уақытымды өткізгенді ұнатамын.

Бану ӨМІРЗАҚОВА,

Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, оқытушы, техника ғылымдарының магистрі:

Бала кезден кітап оқып өскен ұрпақпыз. Кітап оқығанда бейне бір кино көргендей әсерде боласың. Кітап оқуға арнайы уақыт бөлу керек. Қазіргі кезде қажет кітапты табу қиын емес. Кітапханаға бара алмасаң, үйде отырып интернеттен электронды нұсқасын тауып алып оқи беруге болады. Жақында Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабын сыйға алдым. Ол кітапта Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөздері мен кейінгі ұрпаққа ұсынар өсиет сөздері жазылған, қазақ салт-дәстүріне қатысты, әдет-ғұрпына байланысты да әңгімелер көп. Кітапты талғап, таңдап, саралап оқи білу, оны ой елегінен өткізіп түйсіну, кітаптан алған өмірлік тәжірибені өмірде өз қажетіне жарата білу әрбір адамның білігі мен біліміне байланысты.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button