Тарих

Жоламан Тіленшіұлы: елім деп өткен ер

Жоламан Тіленшіұлы — ХІХ ғасырдағы 20-жылдарындағы Елек өзенінің шұрайлы жерлерінен айырылып қалған қазақтардың Ресейге қарсы азаттық көтерілісін ұйымдастырып, ел жадында есімі сақталған атақты батыр, ұлы тұлға.

2007 жылы Астана қаласында тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің жетекшілігімен шыққан он екі томдық «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» еңбегі біздің тарихымыздың өткен дәуірлерін жаңғыртуымен құнды.

Жоламан қозғалысын алғаш рет жеке көрсетіп жазған Михаил Вяткин болатын. Ол 1941 жылы жарық көрген «Очерки по истории Казахской ССР» атты еңбегінде ежелгі Қазақстаннан бастап, XIX ғасырдың 60-70 жылдарына дейінгі ұзақ мерзімді қарастырған. Оның ішінде Жоламан Тіленшіұлы козғалысы туралы кұнды деректер қалдырады. Онда көтерілістің шығу себебі, қолдаған рулар, жазалаушы экспедициялар, Жоламанның Арынғазы хан, Хиуа ханымен байланыстары ашылып баяндалады.

XX ғасырдың орта шенінде Е.Бекмахановтың «Қазақстан — XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты еңбегі жарық көрді. Бұл еңбектің «Саржан мен Жоламанның өз-өзінен бастаған көтерілісі» деген тарауында тарихшы: «Кенесары көтерілісінің алғашқы хабаршысы ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары болған Саржан мен Жоламанның қозғалысы еді», — дейді және сондағы бес бет осы Жоламан козғалысы тарихына арналған болатын. Әрине, Е.Бекмахановтың ол еңбегінде Кенесары көтерілісі жазылғандықтан, Кіші жүзді сол көтеріліске қосқан Жоламан жайында жазбау мүмкін емес еді. Е.Бекмаханов Жоламанның Орынбор генерал-губернаторы Эссенге қойған талаптарын, қозғалыстың мақсат-міндеттерін ашып көрсетеді. Алайда қозғалыстың жүру барысына көп тоқталмайды.

Ал Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері Жоламанға арналған монографиялар жарық көрмесе де, оның есімін он тоғызыншы ғасырдың басқа да ірі тұлғаларына арналған еңбектерде кездестіреміз. Олардың қатарында Арынғазы хан, Кенесары хан, Қаратай сұлтан, Баймұхамед Айшуақов, Қаражігіт Бектауұлы, Исатай-Махамбеттерге арналған жекелеген еңбектер бар.

Қазақстан тарихының ежелгі кезеңінен бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын 5 томдық «Қазақстан тарихы» жинағында Жоламан Тіленшіұлының есімі екі-ақ жерде кездеседі. Қазақ тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың барлығы дерлік баяндалады да, тек осы Жоламанның көтерілісі тақырып ретінде қарастырылмайды. Бұл тарихшылар үшін үлкен сын.

Бір қуантарлық жағдай, соңғы кезде Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарыныің докторы Әбілсейіт Мұхтар бұл тақырыпқа айрықша көңіл бөлуде. Жоламан Тіленшіұлы туралы архив деректеріне толы мәліметтер «Қазақ тарихы» журналында, «Егемен Қазақстан», «Алтын Орда» газеттерінде бірнеше рет жарыққа шықты. Тарихшы 2008 жылы «Тарих тұңғиығындағы тұлғалар» атты мақалалар жинағында «Жоламан батыр: «мен қарақшы емеспін, Ресеймен соғысып жүрмін» бөлімінде Жоламанның зерттелмей келген тұстарын ашып жазады.

Жоламан Тіленшіұлының шежіресіне тоқталатын болсақ, біздің қолымызда мынадай деректер бар.

Қалдыбай Құттымұратов жазған шежіреге сүйенсек, Жоламанның арғы атасы Жиенбет әрі батыр, әрі би болған. Оның баласы Алдасүгір (лақап аты Қарабатыр) атына лайықты жаумен алысқан батыр екен. Жоламанның атасы Бөкенбай — осы Қарабатырдың баласы.

Бөкенбай батыр әрі қолбашы, саясаткер, қайраткер және Әбілқайыр ханның саясатын қолдаған ең сенімді серігі болған. «Бөкенбай кесек тұлғалы, ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей, мінезі өте батыл, жігерлі сөйлейтін адам болған» делінеді оның сипаттамасы туралы деректі жазбаларда.

«1710 жылы Бүкілқазақтық құрылтайда Бөкенбайдың жалынды сөздері қазақ тарихында ойып тұрып орын алады: «Жауларымыздан өш аламыз, қаруымызбен өлеміз, көшіміздің тоналуына, балаларымыздың қиналғанына қарап тұра алмаймыз! Кезінде қыпшақ батырлары жаудан қорқып көріп пе еді?!

Корамсақтағы өткір жебелер таусылған жоқ!» деген Бөкенбайдың жалынды өткір сөздерінен кейін қазақтар рух жинаған болатын».

Осы тұста айтатын тағы бір мәселе: кей тарихшылар осы сөзді Қанжығалы Бөгенбай батырға теліп жатады, бұл дұрыс емес.

Осы Бөкенбай батырдан Тіленші, Мәмбет, Бейбіт, Бүркіт тарайды.

Ал енді Бөкенбайдың ұлы Тіленші тархан жайында тоқтасақ. Тіленші Сырым батырдың серіктерінің бірі болған.

Өз елінде әкесі сияқты беделді, әрі би, әрі батыр Тіленші елдің отарлық бұғаудан құтылуы қажеттігін бұдан да ертерек түсініп, Сырыммен бірге Ресейдегі Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне катысады. Пугачев көтерілісі аяқталған соң, яғни 1775 жылы қазақ даласында «Көрінбейтін Көктемір» қозғалысы басталды. Тіленші де осы қозғалысқа катысады. Одан кейін 14 жылға созылған Сырым Датұлы бастаған көтеріліске 1785 жылы 1500 жігітпен барып косылады.

Тіленшінің құрметіне Қобда ауданы Қиыл өзенінің жағасындағы қыратты төбені Тіленші төбесі деп атаған. Осы сан көтерілістерге қатысқан Тіленшіден Әбдуәли, Ақпан, Тоқпан, Есенаман батыр, Жоламан батыр, Әжібай тарайды.

Бұл мәліметтердің бәрін біз осы кезге дейін жазылған зерттеу еңбектерінен алып отырмыз.

Сонымен, Жоламанның шежіресіне жүгінсек, атадан балаға мирас болып қалғаны — батырлық пен ел билеушілік. Тіленшінің қалған балаларының бәрі бай, дәулетті тұрған.

Профессор Әбілсейіт Мұхтар «Жоламанның әділ би ретінде мойындалуымен бірге, оның 500-дей жылқысы, 2000-дай ұсақ жандықтары, елу түйесі, көптеген ірі қарасы бар адам. Сонымен бірге оның он ұлы, екі бауыры — Есенаман мен Әжібайда тоғыз ұл, қайтыс болған бауыры Едігенің алты ұлы барлығы, олардың бар екендігі, бірге көшіп-қонатыны анықталған» дей келе, Жоламанның Бостыбай, Томалақ атты бауырлары туралы да атап өтеді.

Жоламан — он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысында қазіргі Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Алмаз ауылдық округінің Қаратал мекенінде өмір сүрген, қол бастаған батыр, табын руының старшыны. 1785 жылы билер кеңесінде Жетіру шекаралық сотының далалық бөлімшесі-расправының мүшесі болып сайланған.

Ал оның қайтыс болуына қатысты Әбілсейіт Мұхтар 1848 жылы 23 қазанда Арыстан Жантөриннің шекаралық комиссияға Жоламанның әлдеқашан қайтыс болғандығы туралы айтқанын алға тартып, оның қайтыс болған уақытын 1846 жыл деп жобалайды.

Жалпы Жоламан Тіленшіұлының өмірін бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады.

Ол балалық шағында әкесі Тіленші тарханның билік ісі мен батырлығының куәгері болып, өз бойында ұлтжандылық қасиетін жетілдіреді.

1817 жылдан 1822 жылға дейінгі кезеңде Кіші және Орта жүздің 365 игі жақсылары хан сайлауды ұсынған Арынғазы ханның жақтасы болады.

1822 жылдан 1825 жылға дейінгі тұста Жоламан Тіленшіұлы бастаған халық-азаттық қозғалысы өріс алады.

Одан кейінгі кезеңде патша үкіметі сұлтан-правительдер арқылы Жоламанды қалайда болса ұстауды, тұтқындарды қайтаруды талап ету уақыты жалғасады.

1835 жылдан 1838 жылдар аралығы көтерілістің екінші кезеңін қамтиды. Жоламан Исатай-Махамбет, Қайыпқали сарбаздарымен бірігеді.

1838-1841 жылдары Жоламан Кенесарының басты серіктерінің катарында орын алды.

1841 жылдан 1846 жылға дейінгі кезең. Бұл кезде Жоламан қартайған шағында орысқа басын имей, Бұқар аймағына тұрақтанады. Ақыр соңында осы Бұқар жерінде мәңгілікке көз жұмды.

Осылайша халқым, елім, жерім деп өткен Жоламан Тіленшіұлының Орынбор әкімшілігіне қойған талаптары бірінен соң бірі күйреді. Мақсатына жете алмады. Кезінде Жоламанның Електің төменгі ағысы үшін соғысқан жерлері 1924 жылға дейін Қазақ АКСР кұрамына енгенмен, кейін заңды түрде Ресейге қарады.

Бүгінгі байлығымыз — ұлан-байтақ атамекенді сақтауға келгенде Жоламан сынды ерлер 1822-1846 жылдар аралығында ерекше көзге түсті. XIX ғасырдағы отарлауға қарсы күрескен Арынғазы, Қайыпқали, Кенесары, Көтібар, Исатай, Махамбет, Есет т.б. батырлармен үнемі коян-қолтық араласып, елі мен жұртының ертеңі үшін алаңдауы оның халқының нағыз патриоты екендігін дәлелдейді.

Алдағы уақытта Жоламан Тіленшіұлының әлі де тарих тасасындағы ерлік істерін жүйелеп жарыққа шығару бәріміздің парызымыз деп білемін.

Нұртай ЖЕТЕСОВ,

тарихшы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button