Тарих

 «Болайық біздер садаға»

Ақтөбе өңірі аумағынан 1926 жылға дейін жұмыс істеген 237 мешіт анықталған. Бұл мешіттер тек құлшылық үйлерінің қызметін емес, олардың жанында бастауыш діни мектептер, сол заманғы орта білім ордасы саналған медреселер жұмыс істегендіктен, білім беру-ағартушылық қызметін де атқарды.

Сондай-ақ ауыл адамдары «көзі ашық, көрген-түйгені көп» деп, түрлі мәселелерді талқылау, ақылдасу үшін де осы мешіттердегі дін қызметкерлеріне жиі жүгінген. Яғни қазақ ауылдарындағы мешіттер үлкен рухани орталық болды.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргіндер кезінде осы мешіттердің жұмысы тоқтатылып, мешіт ұстаған діни қайраткерлер және шәкірттерге сабақ берген молдалар жаппай қудаланды. НКВД жергілікті халық көп шоғырланған Темір, Арал, Шалқар, Ырғыз, Жұрын, Қарабұтақ, Ойыл, Қобда, Табын (Байғанин) аудандарындағы имам-молдаларға ерекше шүйліккен.

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, өлкетанушы Зәкіратдин Байдосовтың архивтік, оның ішінде ҰҚК архивінің деректері бойынша шығарған «Зұлмат пен үрей: зобалаң анатомиясы» атты 4 томдық кітабында саяси қуғын-сүргін кезінде облыста жарты мыңнан астам танымал дін қайраткерлерінің (ислам діні бойынша) ауыр жазаға ұшырағаны жазылған. Әрине, жарты мың дегеніңіз — сол кездегі анықталған адамдарға қатысты мәлімет. Ал әлі күнге дейін дерегі анықталмаған қанша адам бар?..

2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, өңіріміздің киелі жерлері, көне мешіттер мен қорымдардың орындарын анықтау, сондай-ақ ХІХ ғасырдың соңы және ХХ ғасыр басындағы өңіріміздің танымал руханият өкілдерінің өмірі мен қызметін зерттеу бағытында жұмыстар жүргізу мақсатымен, облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан «Руханият» танымдық клубы құрылды. Оның жетекшісі — Жібек Абдуллина. Осы клубтың мүшелері жыл сайын «Аманат» экспедициясын ұйымдастырып, аудандарға шығып, қуғын-сүргінге ұшыраған діни қайраткерлерге қатысты деректер жинастырып жүр.

«Аманат» экспедициясының 2018-2020 жылдардағы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қарақобда бойындағы Сарытоғайда (қазіргі күні Алға ауданы) Шәкен (Шәймерден) ишан Әбжанұлының інілері — ағайынды Байжан, Ізжан Істеміровтердің қудалауға ұшырап, 5 жылға бас бостандығынан айрылғаны, ал қобдалық Оңай қажы Ізгілікұлының «Мешітсай» елді мекеніндегі мешітте өзімен бірге діни-ағартушылық қызметте жүрген баласы Едіге Оңайұлының 1937 жылы атылғаны, т.б. деректер анықталды. Қиылдық Хамитжан Сисенғалиев те (1886-1937 жж.) кеңес қызметкері, большевик И.Құрмановтың серігі болғанына қарамастан, әкесі Сисенғалидың мешіт ұстап, қажы болуы себепті қудаланып, ең қатал жазаға кесілген.

Тіпті әлдеқашан қайтыс болған танымал дін қайраткерлерінің ұрпақтары да саяи қуғын-сүргінге ұшыраған. Мысалы, Ешнияз ишан Пұсырманов Темір ауданының Қайыңды ауылдық округі аумағындағы Ақтасты деген жерде мешіт ұстап, баласымен бірге  Шибұлақ, Бабатай, Әбдібұлақтан келген шәкірттерге ұстаздық еткен. Замандасы Досжан ишан Қашақұлының үлгісімен ол да ауылдастарын отырықшылыққа баулып, тоған, бөгет тұрғызып, суармалы бау-бақша ектірген, қыстау салдырған. Ешнияз ишан 1921 жылы дүниеден өткен. Ал Ойыл ауданының Қараой ауылдық округі аумағындағы Құлақши елді мекенінде мешіт (Көкмешіт) ашып, бала оқытқан Тәжмұхамбет (Тәшмұхамбет) Қартұлы 1918 жылы қайтыс болған. Соған қарамастан, олардың ұрпақтары да 30-жылдарда түрлі жала, қудалаудан көз ашпай, ақыры бас сауғалап Ресей жағына, соның ішінде Орынбор облысына, Башқұртстанға көшіп кетуге мәжбүр болған.

Ойыл ауданының Көптоғай селолық округі аумағындағы Шұбарши елді мекенінде бала оқытқан Ерғали қажы Рысқұлов та 1931 жылы қайтыс болғанына қарамастан, артында қалған ұрпақтарына жазалаушы органдар тыным бермеген.

Ойылдың Жекенді-Жетікөл өңірінде Мекке-Мәдине қалаларында, Түркияда білім алған дін қайраткерлері болған. Солардың бірі — имам Сисенғали Қарағұлов та 1937 жылы атылып, сүйегі Түйетөбеде жерленген. Сисенғали Қарағұловтың сарбиелік Сәрсенғали қалпеге мынадай өлең жолдарымен сәлем жолдағаны ел аузында қалыпты:

«Қалпеге бізден сәлем айт!

Қыдырмасын далаға —

«Әулием, пірім, шайқым» деп,

Құбасайдағы «Қараға».

Әулиелігін білмеймін,

Білімі бірдей шамада

………………………………..

Кездеспесек алғы күн —

Болайық біздер садаға!»

Ақтөбе өңірінен шыққан дін қайраткерлерінің өздері ғана емес, жоғарыда айтқанымыздай, ұрпақтары да бірге қуғын-сүргінге ұшырап, Ресейдің Орынбор, Башқұртстан жағына, көршілес өзбек, түрікмен, тәжік арасына, тіпті шекара асып, Қытай, Иран, Түркияға қарай босып кетті. Сөйтіп, халыққа рухани тұрғыдан жөн сілтеп, бас-көз болған қайраткерлер мен олардың әулеттері туып-өскен орталарынан біржола аласталды.

 

Қыдырғали ЕРМҰҚАН,

ҚР мәдениет саласының үздігі,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button