Мереке

Қыш құмыралар құпиясы

Көнеден келе жатқан атамұра — қыш өнері бұйымдары бүгінде аса бір сұранысқа ие болмаса да, көрмелерде, үлкен-үлкен шараларда, музейлерде байқалып қалады. Қыш құмыралар десе, археологиялық қазбалар кезінде табылған ернеуі жарылған, сынған құмыралар көз алдымызға келеді. Жалпы, қыш құмыралар Қазақстан жерінде неолит дәуірінен бастап белгілі. Ертеректе жерлеу рәсімі бойынша мәйіттің қасына ыдыс-аяқтар қойылатын болғандығын ескерсек, бұл қыш құмыралардың ішінде тарихтың талай құпиясы сақталғандығы айқын. «Облыстық өлкетану музейінде археологиялық қазбалар кезінде табылған көне қыш бұйымдары баршылық. Дегенмен қазіргі мен жасап жүрген қыш бұйымдары мен көне қыш бұйымдарының айтарлықтай айырмашылығы жоқ, технологиясы бір, бірақ күйдіру процесінде ғана ерекшеліктер бар, ертеректе отқа салып күйдірген болса, мен электрлі пеште күйдіремін»,  — дейді қыш шебері, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде экспозициялық-көрмелік қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісі Орынбасар Төлегенов. Шеберден қыш өнері туралы сұрадық, ұлттық өнер мұрасының қыр-сыры, ерекшеліктері, қолданылу аясы турасында әңгімелестік…  

Мүсіншілік өнері Орынбасарға бала кезден таныс. Өйткені оның арғы аталары қолөнер шеберлері болған. Әкесі де мүсін өнерінің шебері. Орынбасар — атакәсіпті үзбей жалғастырып келе жатқан әулеттің төртінші ұрпағы.

— Мүсіншілікпен айналысуыма әкем қатты әсер етті. Себебі өзі де шебер, атақты мүсінші, 100-ден астам туындының авторы. Кезінде Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтің қолынан«Даңқ» медалін алып, Өзбекстан Суретшілер академиясының мүшесі болды. Бүгінде Ақтөбе қаласында тұрады. Зейнетке шықса да, қолөнерін тастаған емес, тапсырыс бойынша мүсіндер жасайды.

Қарақалпақстан Республикасының Нөкіс қаласында туып-өстім. Мектеп бітіргеннен кейін Жапақ Шамуратов атындағы Нөкіс мемлекеттік көркем өнер училищесі дизайнер бөлімін, Ташкент қаласының Камаладдин Бекзад атындағы Ұлттық суретшілік және дизайн институтының қыш өнері мамандығын меңгердім. Әкем екеуміз құжат тапсыруға барған кезде мүсінші мамандығын таңдағаныммен, оған орын болмай шықты, ақылдаса келе, қыш өнері бөліміне құжат тапсырдым. Бұл бөлімге де он адамға бір орын ғана берілген еді, бұйырып, оқуға түсіп, бітіріп шықтым. Содан бері осы өнердің «досымын». Жалпы, бұл мамандыққа көп студент қабылдамайды, себебі оқытушыларда шәкіртпен жеке жұмыс жүргізілетіндіктен уақыт тапшы болады. Теориядан гөрі тәжірибе, практикалық жұмыстар көп болады.

Менің ұстаздарым мықты болды. Алғашқы ұстазым әкем екенін айттым. Маған үнемі бағыт-бағдар беріп, өнерге деген құштарлығымды оятты. Әділ Ходжаев, Ислам Камалов, Абылайхан Рысбаев деген ұстаздарым болды. 2005 жылы оқуды бітіргеннен кейін атажұртымыз — Қазақстанға, Ақтөбе қаласына көшіп келдік. Бұл жерде де маған қолдау көрсеткен ұстаздарым болды.

—  Археологиялық қазбалар кезінде табылған қыш бұйымдар, соның ішінде қыш құмыралардағы ою-өрнектер, таңбаларды анық көруге болады, солардың ұзақ уақыт бойы бүлінбей сақталғаны — таңғаларлық нәрсе. Қыш өнерінің басқа қолөнерден ерекшелігі неде?

— Жалпы, қыш, яғни керамика — адамзат тарихында күнделікті тұрмыста алғаш рет қолданыста болған материалдардың бірі. Балшықтан бұйымдар жасау ісі сонау мезолит, неолит дәуірлерінде пайда болған деседі. Біртіндеп қыш өнері дамып, жетілдіріле түскен: көзе шарығы ойлап табылғаннан кейін қыш бұйымдарын әдемі, бірқалыпты, жұқа етіп жасау, қалыпқа құйып, күйдіру, оған таңбалар салып, бедерлеу, безендіру ісі дамыған.  Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қыш бұйымдар — адамзат қоғамының түрлі кезеңдерінен ақпарат бере алады. Музей қорында сақталған осындай тарихи қыш құмыралар, қыш бұйымдар қазақ даласында алтын қолды шеберлер өткенін айғақтайды. Менің мақсатым — сол шеберлердің мұрасын — ұлттық қолөнерді жалғау, үзбей, кейінгі ұрпаққа жеткізу.

— Қыш бұйымдарын жасау үшін қандай материалдар қажет? Оны қайдан аласыз?

— Саз балшық табиғи материал болғандықтан, оның химиялық құрамы таза, зиянсыз болып келеді. Ол отқа да өте төзімді. Қыш шеберлері саз балшықтың құрамын білуге тиіс. Шеберлер арасында «балы көп немесе тәттісі көп балшық» деген тіркес бар. Егер балшықтың құрамында «балы көп» болса, одан бұйым жасаған кезде жарылып кетеді, мұндай бұйымдар ұзақ тұрмайды. Сондықтан «балы аз» балшық керек. Сондай-ақ майлылығы тым жоғары немесе тым аз балшықтар да жарамайды, майы көп болса, бұйым кепкен соң кішірейіп кетеді, ал майы аз болса, жарылып кетеді. Ақтөбеге көшіп келгеннен кейін құрамы қыш бұйымдарын жасауға ыңғайлы келетін балшықты көп іздедім. Үш жыл дегенде таптым.

— Қай жерден таптыңыз?

—  Заречный елді мекені жақта бұрын суы болған, кейін тартылып қалған бір жер бар екен. Сол жердің саз балшығы мен іздеген балшық болып шықты. Одан бөлек Ақтөбе хром қосындылары зауыты жағындағы керамзит зауытының да балшығы жақсы екен. Қыш бұйымдарын жасау үшін алдымен қажетті материалдарды жеткілікті деңгейде дайындап алу керек. Бұл іспен түбегейлі айналысамын деген адам топырақтың құрамын жақсылап меңгеріп алғаны жөн. Әр жердің топырағы әртүрлі болып келеді. Кез келген балшық бұйым жасауға жарай бермейді, оны дұрыс таңдай алмасаңыз, қалыпқа, көзеге салғанда, күйдірген кезде сынып, жарылып кетеді. Сондықтан саз балшықты таңдау, оны дайындау технологиясын білу керек.

Балшықты дайындау кезінде алдымен саз кесегін езіп, суға жібітіп аламыз. Одан соң ішіне қамыс қоғасын қосамыз. Қоғаны Әйтеке би ауданының Белқопа ауылының маңынан теріп алып келемін. Қамыс қоға батпақты-сулы жерлерде өседі, ертеректе қоғаны арқан, жіп, ыдыс жасау кезінде қолданған, құрылыс материалы ретінде де пайдаланған. Қоға саз балшықтың иілгіштігін арттырады, жарылмайды әрі тез кебуіне септігін тигізеді. Одан соң балшыққа кварц құмын қосамын.

Одан соң бұйымның эскизін жасап аламыз. Оны ермексаз секілді жұмсақ қоспадан дайындайды. Эскизге карап, кәдесыйымыз немесе мүсініміздің бейнесі бекітіледі. Содан кейін туындының өзін балшықтан жасауға кірісеміз. Көзе шарығымен жұмыс жасау кезінде басқа нәрсеге алаңдауға, артық қимылдауға болмайды. Себебі саусақ сәл мүлт кетсе, жасап жатқан бұйымыңыздың пішіні өзгеріп кетуі мүмкін. Өнімді ұршықта айналдыра отырып, пішінін келтіріп, жан-жағын тегістеп алған соң, бетін, түбін қылмен кесіп, сумен шаямыз. Кепкеннен кейін арнайы 900 градуста күйдіреміз. Бұдан кейін бұйым пайдалануға дайын болады. Күйдіріліп шыққан бұйымды қалаған түске бояуға болады. Мен осы жергілікті батыстық стильде — терракотты стильде жасаймын, яғни сыр, ештеңе пайдаланбаймын. «Терракота» деген сөз италия тілінен аударылғанда, «күйдірілген жер» деген мағына береді екен. Алғашқы күйдірілгеннен кейін қыш қызыл-қоңыр немесе сарғыш-қоңыр түске боялады, жылтыратылмаған, боялмаған, сырланбаған қыш түрін «терракота» дейді.

Орынбасар Төлегенов шығармашылық жолын 1997 жылдан бастады. 1999 жылы Қарақалпақстан Республикасы Нөкіс қаласында әкесімен бірге «Мұңды ана» мүсінін жасап  орнатты. 2005 жылы Қарақалпақстаннан Ақтөбеге қоныс аударған  Орынбасар Жақсыбайұлы бүгінгі күні облыстағы жалғыз қыш шебері. Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі.

Ол бірқатар көрмелерге, байқауларға қатысқан. Мәселен, Өзбекстан, Қазақстан қалаларында ұйымдастырылған « Арал тағдыры», «Түркістанды аңсау», «Арайлы Ақтөбе», «Сарқылмас саяхат», «ITFA-2011. Туризм. Саяхат. Спорт», «Алтын қол», «Дәстүрлі мұра жаңғырығы» секілді халықаралық, республикалық, облыстық көрмелерге, жәрмеңкелерге қатысқан.

Алға ауданы Бестамақ ауылындағы Тама Есет батыр мемориалды кешенінің,

Тама Есет батырға арналған музей экспозициясының авторы, Әйтеке би ауданы  Толыбай ауылындағы Әбілқайыр хан музейінің жабдықтаушысы.

Орынбасар әкесі екеуі  Ырғыз ауданы Құмтоғай ауылында «Үміт» композициясын жасаған.

— Сіз қандай бұйымдар жасайсыз? Қыш бұйымдарына сұраныс бар ма?

— Мен, негізінен, сұранысқа сай келсе, таба, құмыра секілді тұрмыстық бұйымдар жасай беремін. Бұрын ата-бабамыз қыш бұйымдарды пайдаланған, қазір ғой Қытайдан, басқа елдерден әкелінген шыны ыдыстарға құмар болып кеттік. Олардың химиялық құрамы да бізге белгісіз. Ал балшықтың химиялық құрамы зиянсыз, табиғи өнім. Саз құрамында кальций мол болады екен, сондай-ақ оның құрамындағы радий элементі ағзадағы зиянды заттарды ыдыратуға көмектеседі екен. Жалпы, кейбір Азия елдерінде қыш өнері жақсы жолға қойылған. Мәселен, Үндістан, Өзбекстан халқы қыштан ыдыс жасап, күнделікті тұрмыста пайдаланып отыр…

Сонымен бірге кәдесыйларға сұраныс бар. Неше түрлі кәдесый жасауға тырысамын. Ең бастысы, тұтынушының қалтасы көтеретіндей қылып жасаймын.  Шағын қыш мүсіндерін, құмыралар, жан-жануарлар мен рулар таңбасы бейнеленген шағын бойтұмарлар жасаймын. Ру таңбасын жасау идеясын маған зергер Болат Атыраубаев айтып, арнайы таңбалар бейнеленген суреті бар кітапты сыйлаған болатын. Бойтұмарға да сұраныс жоғары.

— Бұл өнерден бизнес жасауға бола ма?

— Өнер ешқашан бизнеске айналмайды. Иә, қолөнершілер өз бұйымдарын сатады, бірақ ол ақшасы шикізатқа, қажетті материалдарға жұмсалады. Мұны шәкірттеріме де үнемі айтып отырамын. Әзірге 2-3 шәкіртім бар. Біріншіден, бұл өнерге жастар келгісі келмейді, қолөнермен айналысуға құмар бозбалалар көп емес. Екіншіден, шәкірт тәрбиелеу жолына түсу үшін шеберханамның жоқтығы қолбайлау болып отыр. Дегенмен бұл ұлттық өнердің қыр-сырын іні-қарындастарыма үйретуге барынша тырысамын.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button