Төл теңгеміздің тарихы
1993 жылы 15 қарашада ұлттық валютамыз — теңге қаржы нарығында айналымға енді. Ал 1997 жылдан бері елімізде 15 қараша төл теңгеміздің «туған күні» әрі қаржыгерлер күні болып аталып келеді. Мереке қарсаңында Қазақстан Ұлттық мемлекеттік банкінің Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Нағима Өмірбековамен әңгімелескен едік…
Алғашқы банкноттар
Теңгені айналымға енгізуең күрделі операциялардың бірі болғаны және оған дайындық 1991 жылы басталғаны тарихтан белгілі.
Теңгенің тарихы 1993 жылғы 3 қарашадан бастау алады. Дәл осы күні ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. 1993 жылғы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылды. Ал 15 қарашадан бастап теңге еліміздегі жаңа төлем бірлігіне айналды.
— Теңге» – тарихи атау. Орта ғасырда түркілердің күміс монеталары «денге» немесе «таньга» деп аталған. Бұл атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынған еді,— деді Нағима Өмірбекова.
Айналымға енгізу
Теңгені енгізу өте қиын, тіпті ауыр процесс болып шықты: жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізіп тұруға, айырбастау коэффициентіне, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшін қолма-қол ақшаны айырбастаудың шегін белгілеуге қатысты көптеген рәсімдік мәселелерді шешу керек болды.
— Осы кезеңде бұл мәселені шешумен қатар филиалға өңірдегі тозған банкноттарды жарамдыларына ауыстыру, сұрыптау, эмиссиялық ақшаны айналысқа шығару секілді функциялар қосылды. Теңгенің енгізілуі Ұлттық Банктен ұлттық валютаның тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз ету жөнінде белсенді шараларды талап етті, — деді Нағима Өмірбекова.
Шетелдік сарапшылар теңгені посткеңестік кеңістіктегі ең сенімді және тұрақты валюталардың бірі деп есептейді. 1993 жылы өз ұлттық валютасын енгізу туралы шешім қабылдауы жас мемлекетке экономиканы дамытудың жаңа кезеңіне өтуге ықпал етті. Теңгені айналымға енгізу Қазақстанға ұлттық нарықтық инфрақұрылымды құру бойынша алғашқы қадамды жасауға мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда теңге — тәуелсіздіктің экономикалық негізі және егемендіктің символы. Сондай-ақ ол экономикалық егемендікті, өзіндік ақша-кредит саясатын және реформаларды тереңдей жүргізуді қамтамасыз етті, қоғамның тіршілік әрекетінің барлық салаларына нарықтық тетіктерді біртіндеп енгізу, ұлттық банк жүйесін құру процесін бастау үшін негіз болды. Қазақстанның егемендігін, кейіннен оның ұлттық валютасын халықаралық деңгейде тану, ел банктерінің әлемдік банк жүйесіне кіруіне мүмкіндік берді.
Осы ретте аға буын мен жас ұрпақтың бірлігі, еңбек пен руханияттың өзіндік эстафетасы — дәстүрлер сабақтастығы — банк кадрларының тәжірибесінде үлкен маңызға ие. Өзінің бүкіл саналы өмірін Ақтөбе облысының банк саласын дамытуға арнаған зейнеткер әріптестер, Ұлттық Банк жүйесінің ардагерлері — біз үшін әрқашан үлгі және мақтаныш. Қажырлы еңбегімен, сүйікті ісіне адалдығымен, туған жерге деген сүйіспеншілігімен олар қаржы жүйесін дамытуға және нығайтуға, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Филиал ардагерлермен байланысын ешқашан жоғалтпай, ұрпақтар сабақтастығын сақтап келеді. Қазақстан Ұлттық Банкі жүйесінің зейнеткерлеріне, аға буынға көп жылғы адал еңбегі, еліміздің дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз, — дейді филиал директорының орынбасары. Нағима Өмірбекованың айтуынша, ұлттық валюта қолданыста болған кезеңінде бірнеше рет ауыр сынақтарға тап болды, бірақ соған қарамастан біздің экономикалық моделіміз әркез өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Сондай-ақ осы кезеңдерде ұлттық валюта дизайны үнемі өзгеріп отырды: жақсарды, инновациялық тұрғыдан қорғалды және айта кететін тағы бір жайт, төл теңгеміз халықаралық банкноттар байқауларында бірнеше рет жеңіске жетті.
Бүгінгі таңда Ұлттық Банк «Сақ стилі» жаңа банкноттар сериясын айналысқа кезең-кезеңімен шығаруды жоспарлап отыр. Банкнот дизайнын өзгерту — әлемде кеңінен тараған тәжірибе. «Сақ стилі» жаңа ақша сериясын айналымға енгізудегі негізгі мақсат — ұлттық валютаның қорғаныс деңгейін арттыру, оны пайдалануға ыңғайлы ету, сондай-ақ Қазақстанның мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттау.
«Сақ стилі» жаңа банкнот сериясы дизайнының тұжырымдамасы 2022 жылы әзірлене басталды. 2023 жылғы 15 қарашада банкнота сериясы ресми түрде таныстырылды. 5 000 теңге айналымға — 2023 жылғы 25 желтоқсанда, 10 000 теңге айналымға — 2024 жылғы 28 маусымда шығарылды, ал 2 000 теңге — 2024 жылғы 24 желтоқсанда, 1 000 теңге — 2025 жылдың басында, 500 теңге — 2025 жылдың екінші жартысында, 20 000 теңге — 2026 жылы шығарылады.
Серияны әзірлеген кезде отандық және шетелдік ғалымдардың, археологтардың, антропологтардың, этнографтардың, суретшілер мен реставраторлардың көптеген еңбегі мен материалы зерттеліп, қолданылды. Банкноттардың жаңа сериясы ежелгі көшпенділердің дүниетанымындағы ерекшеліктерді, олардың табиғатпен және жануарлар әлемімен байланысын бейнелейді. Сондай-ақ «Сақ стилінің» бірегейлігін айқындап, ұлт мәдениеті мен тарихын зерттеуге деген қызығушылықты оятуға арналған.
Теңге тарихына арналған мұражай
Ұлттық валюта — теңгенің енгізілуіне 20 жыл толуына орай 2013 жылы Ұлттық Банктің Ақтөбе филиалында мұражай ашылды. Теңге тарихына арналған мұражай өңірде бұрын-соңды болған емес. Оны ашу туралы бастаманы филиалдың қазіргі директоры Перизат Әсімбетова көтеріп, өзі ұйымдастырды.
Мұражайда 1932 жылы Мемлекеттік Банктің Ақтөбе облыстық кеңсесі құрылғаннан бастап, Ақтөбе облысының банк жүйесін басқарып, дамуына үлес қосқан әр кезеңдегі басшылар және еңбек ардагерлері туралы ақпараттар және сол жылдары қолданылған көне жәдігерлер мен техникалар орналасқан.
Сонымен қатар мұражайда теңге айналымға енгізілгенге дейінгі елімізде қолданыста болған ақшаның түрі, шетел валюталары, алғашқы шыққан теңгелердің жиынтықтары және мерейтойлық (коллекциялық) бағалы металдан жасалған күміс монеталар да сақталған.
Мұражайдағы бұл жәдігерлерді жоғары оқу орындары мен коледждердің студенттері мен мектеп оқушыларының келіп көруіне мүмкіндік жасалған.
Теңге күніне орай турнир өтті
Жыл сайын Қазақстан Ұлттық Банкі Ақтөбе филиалының және екінші деңгейдегі банктердің қатысуымен дәстүрлі спартакиада ұйымдастырылып келеді. Биыл да Ұлттық валюта — теңгенің енгізілуін мерекелеу аясында 9-10 қарашада «Әлихан» спорт кешенінде шағын футбол мен волейболдан турнир өткізілді. Турнирге шағын футболдан — 11, волейболдан 8 команда қатысты. Барлық қатысушы белсенділік танытып, жеңіске деген ерік-жігерін көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша шағын футболдан I орынды Қазақстан Ұлттық Банкі Ақтөбе филиалы жеңіп алды. Ал II орынды — «Kaspi Bank» командасы, III орынды «ЦентрКредит Банкінің» командасы иеленді.
Волейболдан I орынға Қазақстан Ұлттық Банкінің Ақтөбе филиалы ие болды. II орынды — «Қазақстан халық банкі» АҚ облыстық филиалының командасы, III орынды «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының командасы еншіледі.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.