Тынымсыз еңбектің жемісі
17 қараша — Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні
Жыл сайын елімізде қараша айының үшінші жексенбісінде Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Биыл облыстағы осы саладағы үздік еңбеккерлер мен мекеме басшылары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін марапаттау шарасына барады. Бұл — ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек озаттары мен шаруашылық басшыларына деген зор құрмет.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, биыл жыл басынан бері өңірде ауыл шаруашылығы саласында 311,0 млрдтеңгенің өнімі өндірілген. Көрсетілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында төрт түлік малдың саны өскен. Мәселен, ірі қара— 18,6 пайызға (593,9 мың бас), қой мен ешкі — 99,9 пайызға (1 054,7 мың бас), жылқы — 17,8 пайызға (322,9 мың бас), түйе 108,3 пайызға (23,7 мың бас) артқан. Сондай-ақ облыста ет өндірісі — 45,9 мың тоннаға, сүт өндірісі 101,7 мың тоннаға жеткен.
— Биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 16,4 миллиард теңге қаражат бөлінді. Атап айтсақ, 5,9 миллиард теңге —мал шаруашылығына, 1,3 миллиард теңге — өсімдік шаруашылығына, 5,6миллиард теңге — сыйақы мөлшерлемесі бар субсидиялауға, сондай-ақ 2,7миллиард теңгеинвестициялық субсидияға берілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігімен облыс әкімдігінің бірлескен 2024-2026 жылдарға арналған инвестициялық жобаларға арналған жол картасына сәйкес, инвестиция көлемі 51,4 миллиард теңге болатын 95 жобаны іске асыру жоспарланса, биыл құны 7,6 миллиард теңгелік 20 жоба жүзеге асырылуда, — дейді ол.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді көтеріп келеді. Биыл да бұл салаға қатысты біраз шаруа тапсырды. Оның ішінде қайта өңдеу саласын дамыту мәселесін баса айтты.
Басқарма басшысының айтуынша,өңірде агрокешен саласы қарқынды дамып келеді.
Биыл облыста астық бітік шықты. Мәселен, өңірімізде 403 мың гектарға дәнді дақылдар, 48 мың гектарға майлы дақылдар, 5200 гектарға көкөніс пен картоп, 220 гектардан астам жерге жемшөп егілді.
— Биыл ауа райы былтырғыға қарағанда жақсы, ашық болды. Былтыр жауын-шашын көп болған еді. Соның кесірінен былтыр егіннің 15-18 пайызын жинай алмай қалдық. Жиналған егіннің сапасы 5-класқа дейін төмендеп кетті. Жемнен басқа ештеңеге жарамай қалды. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілді. Дәнді дақылдарды гектарына 14 центнерден алдық. Күзгі егін ору нәтижесі бойынша облысымызда 606 мың тонна өнім жиналды. Әсіресе Мәртөк, Қарғалы, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласының жанындағы шаруашылықтар мол өнім алды. Ал Әйтеке би ауданында егін жинау жұмыстары кеш басталғанына қарамастан, диқандардың тынымсыз еңбегінің арқасында жақсы көрсеткішке қол жеткізілді. Сондай-ақ биыл Үкіметтің тапсырмасына сәйкес облыс бойынша тыңайтқыш енгізу жұмыстары қолға алынды. Жоспарға сәйкес биыл жыл аяғына дейін 27 мың тонна тыңайтқыш енгізуіміз керек. Бұл жерде бізге қойылып отырған талап — жердің өнімділігін арттыру. Алдағы уақытта біз астық өнімдерін гектарына 15-16 центнерден алуымыз керек.
Сондай-ақ қазіргі таңда өңірімізде 15 егін кептіретін кептіргіш бар. Алдағы уақытта тағы 4-5 кептіргіш сатып алынады. Биыл осы кептіргіштер егінді орып алып, дер кезінде кептіруге мүмкіндік берді. Бұл мақсатқа 7400 тонна жанар-жағармай қарастырылды, — дейді Қ.Сәрсембай.
Биыл аталған салада болған тың жаңалық — облысымызда ауыл шаруашылығы санағы басталды. Пилоттық жоба ретінде санақ облыстағы Алға ауданының Алға қаласында, Хромтау ауданының Ақжар ауылдық округінде, Мәртөк ауданының Тәңірберген селолық округінде жүргізілді. Келер жылы мұндай шаралар барлық ауданда өтетін болады. Санақ өткеннен кейін малдың басы, егістік және жайылымдық жерлер — барлығы нақтыланады.
— Жалпы статистиканың ережесі бойынша ауылдық жерлердегі малдың санын ауылдық әкімдік жүргізеді. Оларда электронды шаруашылық кітабы бар. Осы кітапқа жылына екі рет жазба түсіріледі. Атап айтсақ, 1 қаңтарда және 1 шілдеде. Яғни жылына екі рет ауылдық жерлерде мал саны мен жер аумағына инвентаризация жасалады. Ал біздің басқарма мен аудандардағы ауыл шаруашылығы бөлімдері мұндай инвентаризация жүргізе алмайды. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында статистика жүргізу мәселесі келер жылы өңірде толығымен шешіледі. Бүгінде біздің облыста 9 мыңнан аса шаруашылық болса, олардың әрқайсысы мал санын, егістік және жайылымдық жер көлемін шынайы әрі ашық түрде көрсетуге тиіс.Өкінішке қарай, биылдан бастап өңірімізде жемшөпке субсидия берілмейтін болды. Бұл орайда министрлік арнайы қаулы шығарды. Ережеге сәйкес, жемшөпке субсидия облыста қуаңшылық болып, төтенше жағдай режимі жарияланған кезде ғана беріледі. Ал малға берілетін субсидия бірнеше санатқа бөлінеді. Мәселен, біріншіден, асылтұқымды ірі қара мен жылқыға, екіншіден, ірі қара мен қойды асылдандырып, селекциялық жұмыстар жүргізгенде беріледі. Үшіншіден, шаруашылықтар сүт өндіргенде субсидия ала алады,— дейді басқарма басшысы.
Өз сөзінде Құсайын Сәрсембай биыл ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көрген тұрғындар саны көбейгенін жеткізді. Мысалы, бүгінде жобаға бөлінген барлық қаражат толығымен игеріліп, 15,1 млрд теңгеге 2706 жобаға несие берілген. Атап айтсақ, құс шаруашылығы бойынша 2,4 млрд теңгеге 598 жоба, мал шаруашылығы бойынша 5,4 млрд теңгеге 761 жоба, өсімдік шаруашылығы бойынша 1,3 млрд теңгеге 252 жоба іске асырылған. 252 жобаның ішінде 105-і — шағын жылыжайлар.
Биыл несиенің басым бөлігі өңдеу және шағын бизнестің өзге де түрлеріне берілген. Бұл бағытта ауыл тұрғындары 1114 жоба бойынша6,1 млрд теңгеге несие рәсімдеген. Оның ішінде 88 наубайхана, 59 кондитер, 184 шағын сүт өңдеу және 93 ет өңдеу нысаны, 72 тігін цехы, 118 монша, 44 қоғамдық тамақтану орны, 10 балық өсіру цехы, 133 көлік жөндеу орталығы, 39 шаштараз, 13 әсемдік салоны және басқа да 261 жоба бар.
Барлық жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтік кәсіпкерлікке тарту, шағын несие беру мен сату нарығына қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 71 ауылшаруашылық кооперативі құрылып, 1 070,7 млн теңгеге 55 жобаға несие берілген.
— Былтыр облысымызда «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржылық несиемен қатар, тауарлық несие беру тетігі жүзеге асырылды. Тауарлық несиенің мақсаты — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеріп, мал басын көбейту. Осыған орай шаруа қожалықтары тарапынан банктерден қаржылық несие алуға жағдайы жоқ әлеуметтің осал топтарына банктердің қатысуынсыз тікелей несиеге мал беру механизмі жүзеге асырылды. Нәтижесінде 2023 жылы 209 шаруа қожалығы 339 отбасына жалпы саны 4804 бас мал берді. Оның ішінде бір отбасы 6 түйе, 34 отбасы 194 жылқы, 173 отбасы 1120 бас ірі қара, 131 отбасы 3484 бас қой алды, — дейді Қ.Сәрсембай.
Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлы несие алғандардың ішінде 197-сі жұмыссыз болса, 94-і — өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, 19-ы — жұмыс жасайтын азаматтар, ал 29-ы — атаулы әлеуметтік көмек алатындар.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазір шаруалар ескіргендерін жаңасына ауыстыруда. Бұл бағытта шаруашылықтар өз қаржысына да, лизингке де жаңа техникалар сатып алуда. Мәселен, биыл өңірімізге 345 трактор сатып алу жоспарланса, бүгінге дейін соның 270-і сатып алынған.
— Негізі биыл облыста ауыл шаруашылығы техникаларын 6,1 пайызға жаңартуымыз керек. Қазіргі таңда оның 4,5 пайызы орындалды.Жаңа заманға сай, соңғы үлгідегі техникаларды сатып алуда бүгінде Қарғалы ауданындағы «Дилэнд», Мәртөк ауданындағы «Родники Агро», Хромтау ауданында «Ақжар Агро» компаниялары көш бастап тұр. Бұл шаруашылықтар жыл сайын техникаларын жаңартып отырады. Алдағы уақытта бұл қатарға басқа да шаруашылықтар кіреді деп сенеміз, — дейді басқарма басшысы.
Р.S. Биылғы өңірдегі ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арналған мерекелік іс-шара қараша айының аяғында өтеді деп жоспарланып отыр. Аталған іс-шарада жылдағы дәстүр бойынша өңірдегі үздік шаруашылықтар мен диқандар, еңбек озаттары облыс әкімінің, сондай-ақ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының атынан марапатталады.
Данагүл ҚАЗИХАН.