Мереке

Әлеуметтік қызметкерлер марапатталды

Қалалық Мәдениет үйінде әлеуметтік сала қызметкерлері күніне арналған  «Жылы жүрек» атты мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік кешті «Әлия гүлі» ансамблі «Махаббат бекеті» би композициясымен ашты. Бұдан соң Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Қуантайұлы жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында өмірлік қиын жағдайға душар болған азаматтар қажетті қолдау алып, еңсесін тіктейді. Айналасынан жәрдем күткен азаматтардың қайғысы мен қиындығын бөлісіп, бірге жеңуге аянбай еңбек етіп жүрген сіздердің әрбіріңіз құрметке лайықсыздар! Осы кәсіби мереке жылдар бойы ресми шара ғана емес, қайырымдылық пен мейірімділіктің мерекесіне айналды. Қаламызда әлеуметтік қорғау саласында 300-ге жуық азамат еңбек етуде. Осындай жанашыр азаматтардың қатысуымен жыл басынан бері қаламызда 47 мыңнан астам әлеуметтік қызмет көрсетілді. Бұл адамдарға деген қамқорлық пен ешкімді қиындықта қалдырмауға және адамдардың қажеттіліктеріне уақытында жауап беруге деген ұмтылысты білдіреді.

Құрметті сала қызметкерлері, сіздерді тағы да кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Қажырлы еңбектеріңіз, кең жүректеріңіз, өзгенің қайғысына көз жұмып қарай алмайтын адалдықтарыңыз, ақжүректіліктеріңіз үшін сіздерге мың алғыс, — деді қалаәкімінің орынбасары.

Сондай-ақ сала қызметкерлерін қаланың дамуына қосқан үлесі үшін «Ақтөбе қаласына — 155 жыл»төсбелгісімен және қала әкімі Азамат Бекеттің Алғыс хатымен марапаттады.

Марапатқа ие болған қызметкердің бірі Әсел Таумұханова Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әкімшілік құқықтық секторында  бас маман болып жұмыс істейді.

Мемлекеттік қызмет саласында тоғыз жылдан бері еңбек етіп келемін. Әлеуметтік сала — күрделі саланың бірі. Көпшілікпен, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылармен  жұмыс істейміз. Олардың мәселелерін шешуге ықпал етеміз. Ал бүгінгі марапат менің осы еңбегімнің еленгені  деп ойлаймын. Қала әкімінің Алғыс хатына ие болдым, — деді Әсел.

Марапатқа ие болғандар естелік суретке түсіп, мерекелк концертті тамашалады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button