Олар — жерасты байлығын игерушілер
16 қараша — Бұрғылаушылар күні
Қазақстан экономикасының көшбасшысы бұрынғыдай мұнай-газ саласы болып қала бермек. Еліміздің күнтізбесінде Бұрғылаушылар күнінің пайда болуына әсте таңғалуға болмайды, өйткені бұл мамандық баяғыдан-ақ ерекше құрмет пен мәртебеге ие болып келе жатыр.
Аталған мереке қараша айының үшінші сенбісінде аталып өтеді.
Ерекше мамандық иелері
Аталған кәсіби мереке «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының алты мың адамдық ұжымы үшін ерекше маңызды мәртебеге ие. Осы ұжымның көрнекті өкілдерінің бірі — Сағындық Ізбасқанұлы Иманғазин.
Біздің кейіпкеріміз Шұбарши поселкесінде майдангердің отбасында дүниеге келді. Оның әкесі Ізбасқан Иманғазин Ұлы Отан соғысына қатысып, елге Жеңіс туын көтерісіп оралды. Жауынгерлік міндетін орындап болған соң «Ақтөбемұнайбарлау» тресіне бұрғылаушы болып жұмысқа орналасқан.
— Тресте жұмыс істеушілер саны біраз болған. Шошқакөлде жұмыс істеп жүргенінде әкем бір ретте Шалқарға нан алуға барады. Сондағы дүкенде кездескен Раушан есімді қыз тағдыр жазып, өмірлік қосағына айналады. Ол біздің анамызбен осылай табысады. Көп ұзамай отбасында Айша есімді қыз — біздің үлкеніміз дүниеге келеді.
«Ақтөбемұнайбарлау» тресінің жұмысшыларын сол кезде Көкпекті, Шеңгелши, Кеңқияқ, Сарыкөл, Шұбарши жерлеріне жіберді. Әкем Шұбаршиден зейнет демалысына шықты. Рас, ол демалысқа шыққанымен, жұмыс істеуін жалғастыра берді. Біз інім екеуміз осы жерде дүниеге келдік. Бір қызығы, бір отбасындағы үшеуміз де әкемнің қалауы басқаша болғанына қарамастан, мұнайшы мамандығын қаладық. Егер көзімізді ашқаннан дерлік әкеміздің үлгісін көріп өссек, оның мұнайшылық мамандығына деген мақтанышын сезініп жүрсек, басқаша болуы мүмкін бе?! — дейді Сағындық Ізбасқанұлы.
Сағындық мектеп бітіргеннен кейін В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына оқуға түсті. Оны қызыл дипломмен бітірген жас маман негізгі базасы Ақтөбе қаласында орналасқан «Запказгеология» өндірістік бірлестігіне арнайы жолдамамен қызметке келді. Жаңа қызмет орны оны жатсына қойған жоқ, сондықтан да жұмысына ерекше құлшыныспен кірісті. Ол осында еңбек ете бастағанда балаларының алдында кездесуі мүмкін қиындықтар туралы үнемі айтып отыратын әкесінің осы мамандықты таңдауларына неге қарсы болғанын бірден ұғынды. Институт қабырғасында алған теориялық білімді практикада сол күйінде жүзеге асырудың реті келе бермейтінін ол бірден ұғынғанымен, шегініс білдіре қойған жоқ. Ол өзінің барлық кедергі-қиындықтарды да жеңіп, өзінің нағыз маман ретінде танылатындығына күмәнсіз сенді.
Сағындық барлаушылық пен бұрғылау жұмыстарын, осы ауқымдағы қандай да бір шараларды атқаруға белсене және қызығушылықпен қатысты. Студенттік кездердегі практика уақытында 12-15 мың шақырым тереңдіктен тұнбалы шөгінділерді шығарудағы өндірістік жұмыстарға қайта оралғандай болған тұстар да кездесті.
Уақыт өте келе Сағындық Ізбасқанұлының тәжірибесі мен білімі мұнай-газ ісінің түрлі салаларында сұранысқа ие болды. 1992 жылы ол Кеңқияқ мұнай барлау экспедициясында бас инженердің қауіпсіздік техникасы және экология жөніндегі орынбасары лауазымына орналасты. Бірнеше жылдан кейін Ақтөбе облысының жетекші мұнай компаниясының маңызды құрылымдық бөлімшесі болып есептелетін «Ақтөбемұнайсервис» басқармасына қызметке ауысты. Мұнда ол ұңғымаларды игеру шебері болып бастады, содан кейін күрделі жөндеу цехында бастықтың орынбасары, бастығы болды.
Қазіргі уақытта Сағындык Ізбасқанұлы «Ақтөбемұнайсервис» басқармасында орталық инженерлік-технологиялық қызметі бастығының орынбасары болып еңбек етуде.
— Егер қысқаша тоқталып өтетін болсақ, менің бүкіл еңбек қызметім осындай, — деп сөзін қорытындылады әңгімелесушіміз.
Осы сәтте тағы да әкесі туралы айтты. Оның айтуынша, әңгіме жұмысқа, әсіресе әкесінің майдандағы әскери жолына қатысты болған кезде, ол ашылып сөйлей қоймайды екен. Шамасы, қорқынышты, қиыншылық пен қауіп-қатерге толы жайларды балаларым білмей-ақ қойса екен деп ойлайтын болар.
Сондай-ақ Сағындық Ізбасқанұлы өзіне ғана таныс, өзіне ғана жақын күнделікті жұмыстары мен тыныс-тіршіліктер басқалар үшін қызықты емес болар деп санайды.
Қазіргі жұмыс жағдайларын өзінің еңбек жолында болған ахуалмен салыстыру тұрғысынан ол ашық әңгімеге көшті. Ол үшін өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңғы кезеңдеріне ой жіберуге тура келді. Бұрғылаушының, жалпы мұнайшының жұмысы жаздың аптап ыстығында, қыстың аязды боранында да бір тынбайды. Былайынша айтқанда, олар уақытпен де, күрделі климаттық жағдайлармен де санаспайды.
— Күн сайын біздің жұмысымызда жаңашылдықтар болады. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамында жақсы техника мен заманауи кәсіпшілік жабдықтар бар. Бұрын бұрғылау бригадасын жаңа орынға көшіру процесі қалай өткені есімде. Ол уақытта «Орал» базасында сегіз тоннадан артық көтермеген АК-8 көтергіші болды. Трактор негізінде тағы 25 тонналық көтергіш болды. Үлкен ауыр жүктерді көтеру керек. Қазір импортталған телескопиялық крандар пайда болды, олардың көтергіштігі — 50-100 тонна. Тек жұмыс істей білсең болғаны!
Мысалы, бұрын ұңғыма оқпаны қатаң түрде тік болған, қазір көлденең бұрғылау нормаға айналуда, — деп жалғастырады мұнайшы.
Сағындық Ізбасқанұлы кәсіби жолдың бастауында бірге жұмыс істегендер туралы жылы лебізін білдірді. Ол сонау кеңестік жылдары геологиялық барлау экспедициясының бастығы Илья Абрамович Славуцкиймен және аға геолог Георгий Павлович Савченкомен қызметтес болғанын мақтан тұтады.
Ол бүгінде кілең кәсібіне кәнігі мамандармен бірге жұмыс істейді. Олар — «Ақтөбемұнайсервис» басқармасының басшысы Анарбек Қуандықұлы Дүйсембаев, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Бауыржан Төребекұлы Қонаров, орталық инженерлік-технологиялық қызмет басшысы Қожағали Орынбасарұлы Жантілеуов. Сондай-ақ Жанат Садықов, Александр Маркин, ауысым бастығы Мейірхан Бақбергенұлы Қарақов та осы қатарда. Цех бастықтары Нұрбек Мақсатұлы Мұхамбетқазин, Сергей Георгиевич Ким, Әлібек Шамелұлы Көшкімбаев, Совет Бекназарұлы Сабыров та өз ісінің шеберлері. Олар үш кен орнында ұңғымаларды күрделі жөндеуден өткізуді үйлестіреді, бұл — мамандықтың екінші бір қыры. Бұл бағыттағы басты мақсат — ұңғымалар мен бұрғылау қондырғыларын жөндеудің кешенді бағдарламаларын орындау. Мұның өзі — игеріліп жатқан кез келген кен орындарындағы ең көкейкесті процесс. Бірқатар уақыттарда өнімі сарқыла бастаған кен орындарындағы ұңғымаларда көптеген апаттық, тарату жұмыстарын жүзеге асыруға тура келеді. Бұл шаруалар да қаншалықты күрделі болғанымен, белгіленген міндеттерді орындау жан-жақты қимылды қажет етеді.
— Ұңғымаларды күрделі жөндеу – күрделі жұмыс. Бір жерлерде қабаттық қысым төменгі деңгейде болады, енді бір тұста көтеріліп кетеді. Біз жерасты жабдықтарымен, құбырлардың жерасты колонналарының әртүрлі құрылымдарымен жұмыс істейміз. Солардың әрқайсысына жеке ұстаныммен қарау керек. Жұмыс барысында ескеретін жайлар көп. Біз барлық экологиялық талаптарды және қауіпсіздік техникасының қатаң нормаларын сақтауға тырысамыз, — деп түсіндірді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ «Өндіріс үздігі» белгісінің үш мәрте иегері.
Сағындық Ізбасқанұлы бұрғылаушы ең алдымен ерік-жігері мықты адам болуға тиіс екеніне сенімді. Бұл мамандық адамдардан шыдамдылық, төзімділік пен табандылықты талап етеді. Бірақ іскерлік сипаттамалардан басқа, бұрғылаушы басқа да маңызды қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, ол жауапты, тәртіпті және мұқият болуға тиіс. Өйткені кен орындарындағы қауіпсіздік оның жұмысына байланысты, яғни кәсіпорынның беделі де осыдан туындайды.
Бұрғылаушыдан — кәсіподақ белсендісіне
Әлихан Сексембаев — көптеген мұнай кәсіпшіліктері мекемелері орналасқан Қандыағаш қаласының тұрғыны. Оның бала кезгі арманы мұнайшы мамандығын игеруге бағытталыпты. Әуе қорғанысы-десанттық әскери бөлімшесінде жауынгерлік міндетін атқарғаннан кейін ол «Ақтөбемұнайсервис» басқармасына жұмысқа тұрып, бұрғылаушының көмекшілігінен кәсіподақ комитетінің төрағалығына дейінгі жолдан өтті.
Ол кәсіподақтың жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда маңызды тетік бола алатындығына сенімді. Бұл ретте кәсіподақ жетекшісі еңбек дауларын шешуге көмектеседі, еңбек туралы заңдылықтардың сақталуын қамтамасыз етеді және еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік туғызады.
Мұнайшылардың қандай құқықтарын қорғауға тура келеді деген сауалымызға жауап ретінде Әлихан өзінің әңгімесін Еңбек кодексінің нормалары мысалында айтып берді. Заңнамадағы барлық өзгеріс компанияның Ұжымдық шартында көрсетілген. Бұл маңызды корпоративтік құжатқа өз уақытында ескерілмей қалған немесе өмірдің өзі ұсынатын талаптар да қосылады.
Мысалы, мұнайшылардың қолжетімді байланыс мүмкіндігі болуы үшін кен орындарын ұялы байланыспен қамтамасыз ету немесе жеткілікті мөлшерде арнайы тамақ, сүт және бөтелкедегі ауызсумен қамтамасыз ету сияқты жергілікті мәселелер. Сондай-ақ қатал ауа райында жұмыс істеу үшін арнайы киімдерді беру және бақылау.
Әлихан жұмысшы кадрларды даярлау кәсіподақтардың алдында тұрған маңызды міндет деп санайды. Ол мұнайшылар тұратын мекендерде кәсіптік мектептердің үлгісі бойынша жұмысшыларды даярлауды жаңғыртуды ұсынады, осылайша олардың балалары мамандық игергеннен кейін әкелерінің орнына келеді. Жұмысшы әулеттердің алтын тіні үзілмеуі керек.
«Ақтөбемұнайсервис» басқармасы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ негізгі өндірістік бөлімшелерінің бірі болып табылады. Бұл мекеме бұрын жұмыс істеп тұрған барлау-бұрғылау басқармасының базасында 1995 жылы ұйымдастырылды.
«Ақтөбемұнайсервис» басқармасының негізгі қызметі — қабаттардың мұнай беруін арттыру, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ кен орындарында ұңғымаларды бұрғылау және игеру, күрделі жөндеу.
Ұжымның штаттық саны 600 адамнан асады. Оның ішінде 40-тан астам маман — бұрғылаушылар.
Мұнай өнеркәсібінің майталмандары
Бұрғылаушы мамандығы — адамнан шыдамдылық, төзімділік пен табандылықты талап ететін күрделі және жауапты жұмыс. Білімі, тәжірибесі, жеке шеберлігі бар адамдар ғана игере алатын жұмыс. Бірақ, ең бастысы, мұнда ұжымның ұйымдасуы нәтижесінде қол жеткізген нәтиже қанағат пен қуаныш әкеледі.
Бұрғылаушылар — ел экономикасын дамыту үшін қажетті мұнай мен газ өндіруді қамтамасыз ететін нағыз еңбек ерлері. Олар күрделі жағдайларда жұмыс істейді, бірақ кез келген қиындықты жеңуге әрқашан дайын. Олар өздерінің еңбектері маңызды және қажет екенін біледі, сондықтан олар өз істеріне сүйіспеншілікпен және құрметпен қарайды.
— Өз тағдырларын Ақтөбедегі көмірсутек кен орындарымен байланыстырған еңбек адамдары өздерінің кәсібилігі және білімімен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның көпжылдық инвестициялық жетістіктерінің жоғары деңгейін белгілейді. Бұрғылаушы мамандығы өте құрметті, ол әрқашан біздің қызметкерлеріміз иеленетін мамандықтардың үлкен тобының алдында болады. Акционерлік қоғам мамандарының бәсекеге қабілеттілігі өте жоғары деңгейде, ал озық кәсіпшілік технологияларды қолдану саласындағы баға жетпес білім компанияға қазақстандық мұнай-газ саласының көшбасшылар тобында болуға мүмкіндік береді, — деп атап көрсетті «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Бас директоры Ли Шуфэн.
Нақ Сағындық Иманғазин және Әлихан Сексембаев секілді еңбекте шыныққан мамандар ғана қоғамда мұнайшы мамандығының мәртебесін көтереді. Олардың еңбек жолы бұрғылаушының жай ғана мамандық емес, күшті және жігерлі адамдардың қолынан келетін іс екендігін нақты көрсетеді.
Сара ТАЛАН.