Құм астындағы тарих
Ұлы даланың жеті қыры
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология және этнография бөлімінің қызметкерлері биылғы мамырдан бастап, қазан айының соңына дейінгі аралықта Ақтөбе қаласының маңында, Ойыл, Ырғыз, Шалқар аудандарында зерттеулер жүргізді, соның ішінде энеолит дәуірі тұрақтарының орнында, қола дәуіріне және ғұндар заманына, орта ғасырларға жататын қорымдарда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді, Шалқар өңірінен тарихи-мәдени ескерткіштерді іздестіру және есепке алуды жалғастыру мақсатымен экспедициялар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде адамдар сонау тас дәуірінен бері мекен етіп келе жатқан Ақтөбе жерінің тарихы — жаңа деректермен, ал облыстық музейдің қоры көне замандардан сақталған көптеген құнды жәдігермен толықты.
Мүсінтас — тарих куәгері
Ақтөбе қаласының айналасынан қола дәуірінен бастап, ғұндар заманына, орта ғасырларға жататын көне жәдігерлер көп табылады. Мысалы, өткен күзде қала тұрғыны Айдос Ақдәулет өз жер телімінен діни рәсімдер кезінде пайдаланылған, сондай-ақ ат әбзелдеріне жататын көне жәдігерлер тауып, облыстық музей қорына табыстаған еді. Археолог мамандар ол жәдігерлерді біздің жыл санауымызға дейінгі VI-V ғасырлардан қалған бұйымдар деп болжаған болатын.
Биылғы мамыр айында қаланың тағы бір тұрғыны — Григорий Юсембели археологтарға Жіңішке өзенінің жағалауынан тас мүсін көргенін хабарлаған. Сол жерге дереу жеткен мамандар құлап жатқан мүсінтасты көргенде қатты қуанған. Өйткені мүсінтас орта ғасырлардан қалған, соның ішінде қыпшақ кезеңіне тән ескерткіш деп жорамалданды. Ал Қазақстанның Батысынан түркі-қыпшақ кезеңіне тән мүсінтастар сирек табылады. Ақтөбе өңірінің тарихы Түркі қағанатымен, одан соң ХІ-ХІІІ ғасырлардағы Қыпшақ хандығымен де тікелей байланысты болғанымен, мамандардың айтуынша, біздің облыстың аумағынан нақ осы кезеңдерге тән ескерткіштер, басқа дәуірлермен салыстырғанда, өте сирек табылады екен.
— Сондықтан да бұл — өте құнды жәдігер, — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.
Ал музейдің археология және этнография бөлімінің ғылыми қызметкері Аслан Мәмедовтің айтуынша, мүсінтаста қылыштың не басқа заттардың суреті болмағандықтан, оның нақты қай кезге тән екенін анықтау қиынға түсіп отыр, дегенмен кейбір белгілері арқылы Х-ХІІІ ғасырлардан қалған ескерткіш деп болжауға болады.
Аталған ғасырлар, негізінен, Қыпшақ хандығының өмір сүрген уақытына тұспа-тұс келеді. Қазақстанның батыс өлкесі, соның ішінде Ақтөбе аймағы хандықтың оң қанатына қарады. Оң қанаттың орталығы Сарайшық қаласы болса, сол қанаттың орталығы Сығанақ еді. Бұл қалалардың кейіннен Қазақ хандығының астаналары қатарында болғаны белгілі.
Ал мүсінтастар — түркі, қыпшақ кезеңдеріндегі жерлеу рәсімінің ғұрыптық құрамдас бөлігі. Кейіннен Ұлы далада исламның кең қанат жаюына байланысты мүсінтастардың орнын құлпытастар басқан.
Етікке тігілген моншақтар…
Сондай-ақ мамыр айында Ақтөбе қаласына қарасты Қурайлы ауылы маңынан көне қыш ыдыстар табылған. Бұл жөнінде музейге Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің биылғы түлегі Айман Тауман хабарлапты. Осыған байланысты зерттеу жүргізген музейдің археологиялық тобы Қурайлының солтүстік-шығыс жағынан жермен-жексен болып жатқан көне қабір тапқан. Мамандар сүйекпен бірге көмілген заттарға қарап, қабірді андронов мәдениеті кезеңіне жатады деген болжам жасады. Бұл — қазіргі жыл санауымызға дейінгі ХVІІ-ІХ ғасырлардың аралығы.
Жалпы, көне замандардағы жерлеу орындары қорған түрінде немесе тас қоршаулы болып келеді, сондай-ақ үстінде не айналасында ешқандай биік үйіндісі, қоршаулары жоқ, марқұмның бетін топырақпен жауып қана қойған, бүгінде жермен-жексен болған зираттар да көптеп кездеседі. Әдетте мұндай зираттар кездейсоқ жағдайда немесе кең көлемдегі археологиялық зерттеулер кезінде табылады. Бұлар, мамандардың айтуынша, әсіресе андронов мәдениетіне тән келеді.
Андронов тайпаларынан қалған көне ескерткіштер Қазақстанда көп кездеседі, соның ішінде осы Қурайлы ауылының маңынан ондай жерлеу орындары бұрын да табылған. Биылғы мамырда қазылған зираттан басын батысқа беріп, аяқ-қолдарын бүгілдіріп, оң жағымен жатқыза жерленген ересек әйел адамның сүйегі табылыпты, оның қолдарында қола білезіктер болған, бас сүйегінің айналасынан — дөңгелекше келген қола сырғалар, ал аяқ жағынан қола моншақтар шыққан. Бас жағына екі қыш ыдыс қойылған. Археологтар моншақтарды етікке тігілген деп жорамалдайды. Сол заманға тән жерлеу орындарынан көптеп табылатын осындай моншақтарға қарап, мамандар андроновтық тайпаларда түрлі моншақпен көмкерілген аяқ киімді ер адамдар да, әйелдер де киген болса керек деп болжайды.
Ал білезіктерде сақталып қалған символикалар іздері оның тек әшекей бұйым ретінде ғана емес, сонымен бірге түрлі пәле-жаладан сақтайтын тұмар секілді пайдаланылғанын да білдіреді.
12-том: аудандардағы жұмыстар қорытындыланады
Облыс аумағындағы барлық тарихи-мәдени ескерткіштерді тізімдеп, олардың толық жинағын шығару ісі 2006 жылы қолға алынған болатын. Бұл жұмысты сол кезде Арман Бисембаев басқарған облыстық тарих, этнография және археология орталығының мамандары бастады. Барлық аудандар мен облыс орталығы аумағында жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде 13 томнан тұратын «Ақтөбе облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері» ғылыми басылымын шығару жоспарланып, алғашқы том Мәртөк ауданына арналған еді. Кейін жоғарыда аталған орталық жабылып, бұл жұмысты одан әрі жалғастыру міндеті облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлеріне жүктелді.
Музей қызметкерлері соңғы жылдары облыстағы жер көлемі жағынан ең үлкен саналатын Шалқар, Байғанин аудандарындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алу жұмыстарын жүргізді. Соның ішінде биылғы маусым және қыркүйек айларында Шалқар ауданына экспедициялар ұйымдастырылып, 100-ге жуық жаңа ескерткіш анықталған. Бұлар — тас дәуіріне, ғұндар кезеңіне және орта ғасырларға жататын көне тұрақтар мен жерлеу орындары, сондай-ақ бергі ғасырлардағы, яғни қазақ ескерткіштері де бар.
— Шалқар ауданы аумағынан түркі кезеңіне жататын «мұртты» обалардың да табылғанын ерекше атап айтқымыз келеді. Жаңадан есепке алынған ескерткіштердің хронологиясы сонау тас дәуірінен басталып, ХХ ғасырдың басына дейінгі аралықты қамтып отыр, — дейді музей директоры Мейрам Дүйсенғали.
Осы экспедициялардың нәтижесі бойынша биыл Шалқар ауданы аумағындағы табиғат және тарихи-мәдени ескерткіштердің жинағын дайындау көзделген. Бұл толық жинақтың 12-томы болмақ, яғни барлық аудандар бойынша ескерткіштерді іздестіру және есепке алу жұмыстары қорытындыланады. Этнограф және археолог мамандар бұл жұмыстарды енді Ақтөбе қаласының аумағында жалғастырмақ.
Ғұн заманындағы қорымдар
Соңғы жылдары облыс аумағындағы ғұн дәуірі ескерткіштерін анықтау және зерттеу жұмыстары мақсатты түрде қолға алынып отыр. Біздің өңірдің ғұндар кезеңімен байланысты тарихын тереңдете зерттеу үшін, SAS Planet бағдарламасы арқылы ғарыштан түсірілген суреттер арқылы, басқа да жұмыстар нәтижесінде анықталған көне қорымдар тізімделіп қойды және олардың бірқатарында қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осы жоспарға сай, былтыр Ойыл ауданындағы Саралжын ауылдық округі аумағында зерттеулер жүргізілсе, биыл Көптоғай ауылдық округі аумағына қарасты Шөптікөл жеріндегі ғұн дәуіріне тән көне қорымнан 4 қорған қазылған. Бұлар — қазіргі жыл санауымыз бойынша ІІ-ІV ғасырлардан қалған ескерткіштер.
Археология және этнография бөлімінің ғылыми қызметкері Аслан Мәмедовтің айтуынша, қазылған қорғандардан ер, әйел адамдардың сүйектері, қола, темір, сүйек, шыны, тас, қыш секілді түрлі материалдардан жасалған бұйымдар шыққан. Мамандар, негізінен, екі жағы дөңгелек келіп, ортасы ұзынша «дәлізбен» жалғасатын, ғылыми терминде «гантель тәріздес» аталатын құрылыстарға тақау қорғандарға көңіл бөлген. Өйткені, болжамдар бойынша, ондай қорғандарға қоғамда мәртебесі, салмақты орны бар адамдар жерленетін болған.
Ер адамдардың қабірінен қылыш, ат әбзелдерінің бөлшектері табылса, ал әйелдердің қабірінен қыш ыдыстар, моншақтар, қола айна мен әсем әшекей бұйым түріндегі түйреуіш және басқа да бұйымдар шыққан. Шөптікөлде қазба жұмыстарын жүргізген экспедицияның мүшелері, сондай-ақ Көптоғай ауылдық округі аумағынан сармат-ғұн кезеңіне тән ескерткіштерді табу мақсатымен барлау жұмыстарын жүргізіп, бірнеше көне қорымды анықтаған.
Энеолит дәуіріндегі тұрақтар
Осы ауданның Қаратал ауылынан үш шақырымдай қашық жатқан Қаздыаралдағы құм арасынан тұрғындар әр жылдары түрлі бұйымдарды, ескі құмыраларды, топырағы ашылып, жер бетіне шығып қалған мәйіттерді көріп, археологтарға хабарлап келген. Биыл Қаздыаралда да зерттеу жұмыстарын жүргізген археологтар оның ерекше жер екенін айтады. Біріншіден, бұл — энеолит дәуіріндегі, (ал Аслан Мәмедовтің пікірінше, бәлкім, одан да сәл әріректегі) тұрақтың орны.
— Бұған осы жерден 200-ге жуық тастан жасалған құралдың табылуы дәлел, — дейді Аслан Мәмедов.
Энеолит — тас дәуірінің соңғы сатысы, яғни неолитті қола дәуіріне «жалғайтын» аралық кезең. Ғалымдар оны «мыс-тас кезеңі» деп те атайды, олардың пікірінше, ең алғашқы мыстан жасалған бұйымдар осы кезде пайда болған. Бұл дәуір, шамамен, біздің жыл санауымызға дейінгі ІV-ІІІ мыңжылдықтарды қамтиды.
Екіншіден, Қаздыарал — қола дәуірінен бастап, андроновтардың мәдени-тарихи бірлестіктері кезінде, одан кейінгі темір дәуірінде, ғұндар заманында, ал одан соң орта ғасырларда, яғни мыңдаған жылдар бойы жерлеу орны болған жер. Энеолиттен бері есептесек, мұндағы құмның астында бес-алты мың жылдық тарих көмулі жатыр!
Қаздыаралдағы зерттеулерге Ойыл аудандық Шығанақ Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің қызметкерлері де қатысқан. Қазба жұмыстары кезінде қола инелер, қоладан жасалған жебе ұштары, қанжар сынықтары, ыдыс-аяқ сынықтары, т.б. табылған.
Ал энеолит дәуіріндегі тұрақтың орны облысымыздың батысы ғана емес, шығысынан да табылған. Ол Ырғыз ауданындағы Шеңбертал ауылы маңындағы қола дәуірінен қалған қорымдарда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде анықталған.
Аслан Мәмедов және Нұрсұлтан Байыров сынды тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен музей қызметкерлері Шеңберталда екі жылдан бері археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Биылғы қазба жұмыстары кезінде 30 шақты қабір қазылған. Оның ішінде тас қоршаулы қабірлер бұрын қазылып, тоналған болып шықты. Бұлардан шашылып қалған сүйектер мен қыш ыдыстардың сынықтары ғана табылған. Қазылған нысандардың екінші бөлігі (және басым бөлігі), жоғарыда айтылғандай, еш белгісі жоқ, жермен-жексен болып жатқан қабірлер екен. Бір қызығы, олардың арасынан ер адамның бейіті табылмаған, негізінен, әйелдер мен балалар жерленген болып шыққан. Бұл қабірлер бұрын ашылмаған, жерлеу кезінде мәйіттердің алақандары бетке таяу қойылып, жанынан бүгілдіре жатқызылғанына қарап, мамандар мұнда қола дәуіріндегі андронов тайпаларының өкілдері (шамамен, 3-4 мың жыл бұрынғы уақыт) жерленген болса керек деп болжайды. Әйелдердің де, балалардың да бас жағына қыш ыдыстар қойылған. Сондай-ақ моншақ, сырға, білезік секілді әшекей бұйымдар, қол орақ, тастан жасалған ұршықтың басы сынды еңбек құралдары, қыш ыдыстар қоса көмілген. Ең құнды жәдігерлердің бірі — бұрымға тағатын алтын әшекей. Ол бүтін дерлік күйінде сақталыпты.
Бұл жерден де тас құралдар табылған, бұл мамандардың қорымның орнын әріректе, яғни энеолит дәуірінде адамдар мекен еткен тұрақ болған деп санауына негіз болып отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған», — деп атап өткен еді. Ақтөбе өңірінің ол шеті мен бұл шетінде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған, Ұлы даланы бұдан мыңдаған жылдар бұрын мекен еткен жандардың қолынан шыққан көне жәдігерлер осы сөздің дәлелі секілді. Облыс аумағындағы мыңдаған көне ескерткіштердің әзірге тек аз бөлігі ғана зерттеліп отыр. Біз осы бағыттағы жұмыстар алдағы жылдарда қарқын ала түседі деп үміттенеміз.
Индира ӨТЕМІС.