Рухани жаңғыру

Тарих және таным: Бәубек бабадан тартылған жол

Тарих және таным:

Бәубек бабадан тартылған жол

Тарихымызды түгендеу, өткеніміздің өнегесін жас буын назарына жеткізіп, ұрпақтар сабақтастығын лайықты жалғастырып отыру — бәріміздің қасиетті парызымыз. Осы ауқымда қазіргі уақытта елімізде көптеген игілікті істер атқарылып жатыр.

Сондай бағыттағы бір шара Ақтөбе қаласында 17-18 маусым күндері өтетін Бәубек бабаның 510 жылдығына орай ас беру рәсімі болмақ.

Бұл — бір атадан тараған, кешегі күні теріс саясат салдарынан жан-жаққа ел асып, қуғын көріп, пышырап кеткен арғы-бергі ағайынның басын қосу ғана емес, елдіктің туын жоғары көтеруге, тарихты тануға, ауызбіршілік пен жақсылыққа да ұмтылыс көрінісі.

Біз «Бәубек баба» атындағы қор төрағасы,техника ғылымдарының кандидаты, теология ғылымдарының магистрі, дінтанушы Ақылбек Дәдеұлымен сұхбаттасып, осы ауқымда өтетін іс-шаралар, олардың тәрбиелік,-тағылымдық мәні туралы әңгіме өрбіткенбіз.

 

— Ең алдымен, өзіңіз жетекшілік ететін қордың құрылу мақсаты, атқарған жұмыстары, алдағы жоспарлары жөнінде айтып берсеңіз.

— «Бәубек баба» атындағы қоғамдық қор халқымыздың бүгіні мен болашағы үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде атқарылып жатқан игілікті іс-шараларға үлес қосу мақсатында 2019 жылдың шілде айында құрылды.

Біз қордың мақсатын белгілегенде бастапқыда мынадай жұмыстардың жүзеге асуын көздедік.

1890-1940 жылдар аралығында тағдыр тауқыметімен атамекені Қошқарата, Бозой, Қыздаршыққан, Көкала, тағы басқа іргелес аймақтардан Қазақстанның әртүрлі өңірлеріне, сондай-ақ Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Түркия, Ресей жерлеріне тарыдай шашыраған Бәубек ұрпақтары өкілдерінің Ақтөбе жерінде кездесуін ұйымдастыруды басты орынға қойдық.

Содан кейін мәдени, ғылыми, ағартушылық жұмыстарды атқара отырып, Бәубек баба естелігін, одан тараған тарихи тұлғалардың өмір жолдарын насихаттау арқылы елдік саясатқа үлес қосып, бүгінгі жас ұрпақты елін, Отанын сүюге, ерлік істер мен адамгершілікке тәрбиелеу, қайырымдылық іс-шаралар атқаруды бір мақсат тұттық.

Бәубек ұрпақтарының тарихын түгендеп, энциклопедиялық деңгейдегі кітап шығару, рулық шежірені толық жинақтау да бір міндет ретінде белгіленді.

Міне, осындай нақты шаруалар біздің жұмыс бағдарымызға айналды. Жан-жақпен байланыс орнаттық, архивтерге үңілдік, тарихи деректерді зерделедік. Алда да атқаратын іс аз емес.

— Енді оқырмандарымызды алдағы екі күнде өтетін шаралар ауқымымен таныстырып өтсеңіз.

— Жалпы жиын барысын біз Бәубек бабаның 510 жылдығына орайластырып отырмыз. Осы арада елге тұтқа, көпке көсем болған біртуар тұлға туралы аз-кем дерек бере кетейін.

Бәубек — Әлімнің жаманақ (Шекті) ұрпағы. Жаманақтан — Шыңғыс, Өріс, Бәубек, Мәку. Бәубектен — Темірбақты, Көкбөрі, Жанқылыш. Кейбір шежірелерде Көкбөрі Бәубектің үлкен баласы деп көрсетіледі.

Қолға түскен деректерге қарағанда әуел баста Бәубек атамыз бен оның ағайындары, атқамінер жауынгерлері Орынбор жерінде тұрақтағанға ұқсайды.

Баласы Жаманақтың аты — Бәубек,

Қойылған ат демеңіз әншейін тек.

Үйінде ол туғанда қонақ еткен,

Жақсылар жасы үлкен мыразалар-бек!

Бұл — бізге ілгеріден жеткен өлең жолдары. Осыдан-ақ Бәубектің тегін адам болмағандығын байқауға болады.

Салтанатты іс-шаралар 17 маусым күні таңертеңгілік Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бас ғимаратында Елтоқ Ділмұхамедов атындағы кабинеттің салтанатты ашылуымен басталады.

Енді Елтоқ Ділмұхамедов кім деген сауал туындауы мүмкін. Ол 1903 жылы Қарақалпақстан жерінде дүниеге келген. 1990 жылы өмірден өтті.

Елтоқ атамыз — тарихшы, тарих ғылымдарының докторы. Оның ғылыми еңбектері Қазақстанда жұмысшы табының қалыптасуы, ұлт-азаттық қозғалысы, т.б. мәселелерге арналды. Ғалым жетпістен астам еңбек жазды. Елтоқ Ділмұхамедов 1950-1953 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс туралы пікірталасы тұсында байыпты көзқарасын білдірді. Тіпті осы тақырыпта кандидаттық диссертациясын да әзірлеген. Алайда заманның теріс көзқарасы оны жарамсыз деп тапты.

Одан кейінгі жиын Шығармашылық академиясы қабырғасында өтеді. «Бәубек баба ұрпақтары — ел мақтанышы» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияда баяндамалар жасалады.

Конференция жүргізу тізгінін Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров қолда ұстайды деп отырмыз.

Бірінші болып Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов «Тақырыптан тағдыр жолына түсу» деген тақырыпта тарихшы-ғалым Елтоқ Ділмұхамедовтің өмір жолын саралайды.

Одан кейін Нөкіс қаласынан келген Қарақалпақ Гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтының тарих бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмашев «Меңдіқожа Ибнаминовтың тағдыры» тақырыбын қозғайды. Бірауыз сөзбен түсіндіре кететін болсақ, Меңдіқожа Ибнаминов жиырма үш жасында Хорезм республикасының Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болып сайланған.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Орынбор қаласындағы өкілдігінің төрайымы, халықаралық «Еуразия қазақтары» қауымдастығының жетекшісі, республикалық «Тіл жанашыры» сыйлығының иегері, қоғам қайраткері Сәуле Танкешова «Тағыберген — би, болыс, қамшыгер һәм ел қамқоршысы» деген тақырыбын қозғайды. Ұзақ жыл Қошқарата болысын басқарған, қолының дүлей күшіне қатысты қамшыгер атанған, өзі ағайынды Жұбановтардың нағашысы атанған Тағыберген Жамашұлы — қалың елге танымал тұлға.

Ал филология ғылымдарының докторы, профессор, Педагогика ғылымдары академиясының академигі Жұманазар Асан сөз жүйрігі атанған Ақпан ақынның шығармашылығы туралы сөз қозғайды.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сабыржан Мұхтаров «Құдайберген Жұбанов пен Жанғазы Жолаев. Қазақ тілінің емлесі мен грамматикасы туралы» сөз өрбітіп, тың тақырыпты қозғайды. Бұл әңгімеге кейіпкер болып отырған Жанғазы Жолаев жас кезінде Орта Азиядағы ескіше ірі оқу орнын тәмамдаған. 1915 жылдан бастап Қошқарата болысында бала оқытқан.

1919 жылы Алматыға барып, оқуға түседі де, кейіннен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде студенттерге араб-парсы тілдерінен дәріс береді. Белгілі тіл маманы Құдайберген Жұбановтың Жанғазы Жолаевқа 1936 жылы жазған «Қазақ тілінің емлесі мен грамматикасының кейбір мәселелері» деп аталатын хаты сақталған.

Жанғазының баласы Рахмет Жолаев кезінде Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік институттың ректоры болған.

Міне, осы баяндамалар арқылы жиналған қауымның жүрегіне нұр, көңіліне мол рухани қазына құямыз ғой деп ойлаймын. Ең бастысы, жұртшылық бұрын біле бермейтін тың деректер ортаға ұсынылады, талай танымал-беймәлім тағдырлар тылсымы ашылады. Осының бәрі бәріміздің үлкен олжамыз болады деп ойлаймыз.

Түстен кейін университеттің Студенттер сарайында республикалық ақындар айтысы басталады. Айтысқа сөз өнерінің қадірін терең түсінетін қаламгерлер төрелік етеді. Кешке қарай Бәубек ауылында жыраулар, ақындар сайысы болады. Одан кейін қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынылады.

18 маусымдағы іс-шаралар қала сыртындағы Ақшат ауылы маңайындағы кең жерде жалғасады. Бұл жерде аламан бәйге ұйымдастырылып, бабалар рухына бағыштап ас беріледі, Құран бағышталады.

— Бағдарламада Өтеғұл палуан атында қазақша күрестен республикалық турнир өтетіндігі белгіленген екен. Енді осы адам жөнінде оқырмандарымызға нақты мәлімет бере кетсеңіз.

— Бәубек ұрпақтарының ішінде Өтеғұл батырдың тұлғасы өте биік, ол әрі палуан болған. Ол талай жерде шаршы топқа түсіп, небір атақты күш иелерімен кездескен. Елдің ары мен намысын қорғап, жоғын іздеп, түсі қашқан ұрымен, жасақталған жаумен шайқасқан. Ел есінде жауырыны жерге тимеген аруақты палуан ретінде сақталған. Доңызтауда қарақалпақтың ешкімнен жеңілмеген дәу қара палуаны Аламанды жеңіп, мәртебесі асқан.

Оның өз тұсындағы замандастары, елдің ұлы тұлғалары, жаужүрек батырлар Елтізер, Жәлімбет, Есет, Қарағұл, Қайдауыл, Әзбергендермен үзеңгілес, ат басын тең ұстағандығы туралы ел аузында талай естелік әңгімелер бар.

Өтеғұл Майлышұлы опат болғанын естігенде әйгілі Көтібар батыр айтты деген мынадай сөз бар: «Батыстағы қорғанымыз еді. Өтеғұл тұрғанда ол тұстан жау келіп қалады деп еш ойламаушы едім, есіл ерім-ай, қапыда кеткен екенсің ғой…».

Міне, осындай палуан бабамыздың рухын тірілту үшін ұйымдастырылған турнирге небір мықты күрес шеберлері қатысқалы отыр. Асқа жиналған халық олардың сайысын тамашалайтын болады.

— Осыдан екі жыл бұрын сіздің бастамаңызбен «Бәубек ұрпақтарына тарихи мұра» атты энциклопедиялық сипаттағы кітап шыққанын білеміз. Осы кітаптың шығу барысындағы атқарылған жұмыстар барысына тоқталсаңыз.

— Бұл кітапта Бәубек ұрпақтарыныңжиі қоныстанған жерлері, атамекендері туралы деректер жинақталған. Сондай-ақ көнекөз қариялардың, көзі ашық зерделі замандастардың естелік әңгімелері топтастырылды.

Сондай-ақ осы тармақтан шыққан танымал тұлғалар, зиялы адамдар, талантты өкілдер туралы да барынша мол мәліметтер жинастыруға талпындық. Соның нәижесінде бес жүз беттен асатын көлемді дүние жарыққа шықты.

Бізге дейін де көптеген аға буын өкілдері шежірені жинастырып жүрген. Солардың еңбектерін де барынша пайдалануға тырыстық. Солардың бірі Рейімберген Бекенбаев ағамыз 1997 жылы өзі тұратын Жаңақоныс елді мекенінде бабалар рухына арнап ас берудің ұйытқысы болды. Одан кейін өзі еңбектеніп жүріп «Бәубек ата ұрпақтарының шежіресі» деген еңбекті жарыққа шығарды. Соның бәрі бүгінгі күні біздің танымымызды кеңейтуге, білігімізді арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Аталған кітапты 500 дана таралыммен шығарған болатынбыз. Қазіргі уақытта жер-жерде тұратын бауырларымыз бұл кітапқа деген ықыластарын білдіріп, сұраныс танытуда. Бұл ең алдымен, өткенді білуге ұмтылыс, тарихқа құштарлық деп білеміз.

— Тарих тағылымы деген ұғымды жиі айтамыз. Осы шаралардың жас буынға берер әсері қандай деп ойлайсыз?

— Әрине, біз ең алдымен ұрпақтар сабақтастығын ескереміз. Өткенді айта отырып, бүгінгі жастарымыздың солардан тағылым алғанын қалаймыз.

Сондықтан да конференцияға, басқа шараларға жастардың әсіресе студенттердің көбірек қатысуын ойластырдық.

Сондай-ақ Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінен әрқайсысы 5 студенттен, барлығы 10 студентке 100 000 теңгеден бірреттік шәкіртақы сыйлауды жоспарладық. Бұл — жастарға қамқорлығымыз, оларды ілгері ынталандыруымыз.

Танымал болған тұлғалар

Қазақта елдің атын шығаратын — тізгін ұстаған ел ағалары, батыр-билері, ақын-жыраулары, діни ғұламалары, палуан-серілері, тағы да басқа дарынды тұлғалары. Бәубек ұрпақтары арасында да осындай ерекше есімдер аз болмаған.

Біз бүгін оқырмандарымыз назарына кезінде атақ-даңқы жер жарған, қазақ деген ұлы халықтың намысын қорғаған бабалар туралы қысқаша деректерді ұсынамыз.

Асан ишан

Асан ишан Жанназарұлы 1828-1912 жылдары Шалқар ауданының Қошқарата болысында өмір сүрген. Әкесі Жанназар діни сауатты адам болған.

Әуелі әке тәлімін алған Асан Хорезмде хазіреттен білім үйренеді, кейін Бұхараға барып қол береді. Хорезмде бірнеше жыл ұстаздық ете жүріп, өз деңгейін де көтере түседі.

Жас кезінде өзіне қамқорлық көрсеткен Қарқымбай ишанды пір тұтып өтеді.

Асан ишан Қошқарата болыстығына қарасты жерлерде мешіт салдырған. Тұз деген жерде қысқы мешіт, Кендірліде күзгі мешіт, Шағанның бойында жазғы мешіт салдырады.

Асан ишанның тақуалығы, жомарттығы, үлкен діндар ғалым адам болғандығы туралы ел аузында ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан аңызға бергісіз естелік әңгімелер жеткілікті.

Ақпан ақын

Ақпан Әйітбекұлы 1837-1874 жылдар аралығында өмір сүрген. Одан қалған мұра  1847-1858 жылдары Есет Көтібарұлының басшылығымен өткен ұлт-азаттық көтерілісі мен оның салдарының көркем бейнесін жасаумен ерешеленеді. Яғни Ақпан – нақтылы тақырыпты сөз еткен ақын. Ғарифолла Құрманғалиевтің жеке архивінен алынған төмендегі жолдар осы пікірімізді растайды.

Ойпаңға орда қондырып,

Ойтаңға біткен орайды,

Ордырып, малға шалдырып,

Отырушы еді бір күнде.

Тоғайдың иірім кенінде-ай,

Кеңдігіне мал салып,

Төгілмелі төбенің,

Төскейіне қоңсы алып…

Оның өлеңдерінде Ақтөбе өңіріндегі қазақтардың тұрмыс-салты, әдеп-ғұрпы, ішкі заңдылығы айқын көрініс тапқан. Оның туындыларының көркемдік қуаты күшті.

Ақпан «Есет батыр», «Ерназар-Бекет» тарихи жырларының авторы.

Ол өзінің жауынгерлігімен, ерлігімен, жалынды жырларымен ел-жұртының рухын көтерді. Ел тәуелсіздігін бәрінен жоғары қойды. Мұнысы кейінгілерге үлгі болды.

Тағыберген болыс

Тағыберген Жамашұлы 1847 жылы көктемде Қошқарата өңірінде дүниеге келген. Жамаштың одан басқа Тәңірберген, Жаңаберген, Құрманбек деген балалары болған.

Тағыберген болыс 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен «Жалпы Қазақ-Қырғыз съезі» деп аталатын жиынға қатысқан.

Ол Қошқарата болысын он тоғыз жыл басқарған деген дерек бар. Сол кездегі оның әділдігі мен адалдығы туралы әңгіме ұрпақтан-ұрпаққа ауысып жеткен.

Тағыбергенге қатысты оның қамшыгерлігі ерекше айтылады. Бұл туралы аңызға бергісіз әңгімелер айтылады. Биыл Жұмабай Асарбаевтың «Тағыберген-қамшыгер» атты тарихи романы баспадан шықты.

Қошық шебер

Қошық Бекболатұлы — өз заманындағы қолы шебер, ерекше таланты бар сәулетші адам болған.

Көпті көрген көнекөз ақсақалдарымыздың бірі Ысқақ Смағұловтың айтуы бойынша Қошық баба кезінде Жәңке тамын, Қалдыбай батыр кесенесін, Есіркеп тамын, Асан ишанның Кедірлі, Мешіт деп аталатын мекендердегі мешіттерін тұрғызған.

Шебер туралы тарихта сақталып қалған бір әңгіме — оның атақты батыр Көтібар балалары Есет-Дәрібай кесенесін салуына қатысты.

Бұл туралы белгілі журналист, Шалқар аудандық газетіне ұзақ жыл редактор болған Тауман Төреханов ағамыз өз естелігінде нақтылап жазады. «Халық Есеттің ордасының жобасын жасап салуды және басқаруды Жаманақтың Бәубектен тараған Жанқылыш аталығынан шыққан заманының белгілі сәулетшісі, он қолынан өнер төгілген зергері Қошыққа жүктейді».

Бұл кесене құрылысы 1890 жылы мамыр айында басталып, қыркүйекте төбесі көтеріліп аяқталады.

Қалдыбай батыр                           

Қалдыбай батыр Қадыр ұрпағы шамамен 1797 жылы Қыздаршыққан, Қошқарата өңірінде дүниеге келген.

Ол жасынан шымыр, қайратты болып өскен. Елге шапқыншылық жасаған түрікпендерге қарсы тұрып, ел қорғаған.

Батырдың өзі ғана мінетін керқұла аты болған. Есті жануар алда болатын шайқасты күншілік жерден біліп, тыпыршиды екен.

Қалдыбай тамы Қыздаршыққан шоқысы маңында.

«Шалқар» энциклопедиясында «Қалдыбай Жабағыұлы — аруақты батыр, мерген. Есет Көтібарұлының сарбазы болған адам» деп жазылған.

Үкі әулие

«Шалқар» энциклопедиясында мынадай деректер берілген:

«Үкі би — Кіші жүздің Әлім руынан шыққан. Қара халықтан шықса да, тілге шешендігінің арқасында көп жылдар бойы төбе би болған.

Ол — Жәңгір ханның кеңесшілерінің бірі болған Қазы бимен құрдас. Кейбір дерек көздерінде 96 жасында дүние салған деп көрсетілген».

Кәдір-Мақаш

Шалқар ауданының бұрынғы Қосқақ елді мекенінен оңтүстік-батысқа қарай шамамен отыз шақырым жерде Кәдір-Мақаш деген жер аты бар. Бұл осы маңайды жайлаған Жанқылыш руының Ырсымбет бөлімінен шыққан атақты байлардың атымен аталған екен.

Кәдір, Мақаш атақты байлар болған. Олар — ауқатты, байлыққа ие болған адамдар. Қолдарында басқа малдан өзге алты мыңдай жылқы ұстаған деген деректер бар.

Мақаштың Ербөлек деген баласы өте қайратты болып өседі. Он үшжасында Тасқұдық деген жерде өзі қолына қауға ұстап, мыңдаған жылқыны суарып тұра береді екен. Бірақ көз тие ме, көп ауырмай, қайтыс болады.

Кеңес үкіметі тұсында қудалауға ұшырайтынын білген олар малдарын сата бастайды.

1928 жылы бәрібір тәркілеуге ұшырайды. Кәдір Қарқаралыға жер аударылады. Мақаш Ақтөбе түрмесіне қамалады.

Кезінде мал жиып, байлыққа қолы жеткен, айналасындағы кедей-кепшікке қарасып тұрған жомарт жандардың кейінгі тағдыры осындай болады.

Алдаберген жырау

Алдаберген Тасқынбайұлы 1926 жылы Арал теңізінің жағасында, Қарақалпақстанның Мойнақ ауданына қарайтын Үшсай ауылында дүниеге келеді.

Сондағы балық зауытында жұмыс істейді. 1946 жылы Нөкіс қаласына келіп, құрылысшы, прораб болып еңбек етеді.

Әкесі Тасқынбай сөзге ұста, домбыра тартып, жыр айтатын өнері болған.

Бесқала маңы, Хорезм аймағы, жалпы Қарақалпақ елі ежелден ауыз әдебиетіне, оның ішінде эпикалық жыр-дастандар мен терме-толғауларға құштар өңір болғандықтан, оның әсері Алдабергенге де тимей қоймайды.

Алдаберген «Асау-Барақ», «Қарасай-Қази», «Төрехан» жыр-дастандарын орындап, солар арқылы жырқұмар қауымға жақсы таныс болады.

Ол 1979 жылы Алматы қаласында өткен жыраулар слетіне қатысып, жыр орындап, одан жүлдемен оралады. Сол сапарында «Асау-Барақ» жырын бірінші рет таспаға түсіртеді.

Жыраудың «Жайылсын елге әр сөзім», «Атамыз Сәпи адамнан», «Шарла жырым, әлемді» атты жыр жинақтары бар.

Оған «Қарақалпақстан Республикасының халық жырауы» құрметті атағы беріледі.

Орынбай күйші

Шүйіт Орынбай — атағы бүкіл Кіші жүзге таралған күйші. Ол Бесқалада тұрған, шебер домбырашы ретінде даңқы жан-жаққа таралған.

Заманында Қазанғап Тілепбергенұлы өз талантын ашатын ұстаз іздегенде Орынбайдың алдынан бір шығады. Атақты күйшінің ауылында қона жатып, тәлімін алады. Жас жігіт Орынбай ұстаздың күйлерін қайталап тартқанда одан ешбір мін таба алмай, «Екі қолыңның ниеті дәйім бір жерден шығады екен. Саусақтарың да пернеге дәл түсіп, нық басады, шыққан дыбыста мін жоқ. Күйді айдаулатып бірыңғай тартпай, қажетті жерінде жігер үстеп, жандырып тартасың. Тағы бір жақсы әдетің — пернеге қарамайсың» деп жоғары баға береді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button