Елдіктің әңгімесі қозғалған екі күн
Ақтөбе жерінде Бәубек баба ұрпақтарының басқосуы өтті. Бұл жай ғана кезекті жиын емес, кешегі күні заман ағымымен талай теперішті бастан өткерген, сан сынақтан өткен, саясат қысымымен жан-жаққа тарыдай шашылып кеткен қазақ деген алып халықтың бір бөлігінің тағдырын тағы бір таразылап, тарихын түгендеген сәт еді.
Ең алдымен Шығармашылық академиясы ғимаратында өткен «Бәубек баба ұрпақтары — ел мақтанышы» деп аталатын халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда осы жайлар кеңінен әңгіме өзегіне айналды.
Оның алдында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бас ғимаратында Елтоқ Ділмұхамедов атындағы кабинеттің салтанатты ашылуы болды. Тарих ғылымдарының докторы болған бұл ұлы тұлға жас кезінде Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс туралы кандидаттық диссертациясын әзірлеген. Алайда сол қадамы үшін ол қуғынға ұшыраған. Кейін ғылым жолында аянбай еңбек еткен ол көптеген жетістіктерге қол жеткізеді.
Конференцияда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарихшы, халықаралық «Семей-Невада» қозғалысының белсенді мүшесі Марат Сембі «Тақырыптан — тағдыр жолына түсу» деген тақырыпта тарихшы-ғалым Елтоқ Ділмұхамедов туралы кеңінен баяндады.
Қарақалпақ Гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтының тарих бөлімінің меңгерушісі, профессор Асқар Жұмашевтың «Хорезм республикасының халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Меңдіқожа Ибнаминовтың тағдыры», Орынбор қаласынан келген халықаралық «Еуразия қазақтары» қауымдастығының жетекшісі Сәуле Танкешованың «Тағыберген — би, болыс, қамшыгер һәм ел қамқоршысы» баяндамалары жұртшылық ықыласына ие болды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Жұманазар Асан мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сабыржан Мұхтаровтың Ақпан ақын мен ағартушы-ғалым Жанғазы Жолаев туралы сөздері де көптеген тың деректердің бетін ашты. Оның ішінде көрнекті тіл маманы Құдайберген Жұбановтың Жанғазы Жолаевқа 1936 жылы жазған «Қазақ тілінің емлесі мен грамматикасының кейбір мәселелері» деп аталатын хатындағы жайлар көпшілік тарапынан қызығушылық тудырды.
Конференция соңында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінен әрқайсысы 5 студентке, сондай-ақ, Қарағанды полиция академиясының бір тыңдаушысына 100 000 теңгеден бір реттік шәкіртақы сыйлыққа берілді.
Түс ауа университеттің Студенттер сарайында өткен республикалық ақындар айтысына тыңдармандар көп жиналды. Бұл сайысқа Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Ертай Ашықбаев төрелік етті. Айтыс ақындары ерлік пен елдікті, Бәубек бабадан тараған ұрпақтар ұлағатын, замана ақиқатын жырға қосты. Халыққа кеңінен танымал қарағандылық Дидар Қамиев топ жарып шығып, 1 миллион теңгелік бас жүлдені иемденді. Бірінші орынды — ақтөбелік Аян Сейітов, одан кейінгі жүлделі орындарды оралдық Мұрадым Мирланов, шымкенттік Нұрлан Есенқұлов бөлісті.
Жексенбі күні баба рухына тағзым ету шаралары қала сыртындағы Ақшат ауылы маңында жалғасты.
Күн көтеріле басталған ат бәйгесін қызықтаушылар қарасы көзге мол шалынды. Аламан бәйгеде Ақтау қаласынан келген Хамза Бимырзаевтың Расул торысы шашасына шаң жұқтырмай мәреден бірінші болып өтті. Сөйтіп, бас жүлде — 3 миллион теңгені иеленді.
Екінші, үшінші орындарды шалқарлық Рақымжан Орынбасаровтың Ақ Жайнағы мен Ақтөбе қаласынан Сырым Ізбасов баптаған Самұрық деп аталатын жүйріктер иелері бөлісті.
Құнан жарыста Алға ауданының Бесқоспа ауылынан Дәурен Есеновтің, Қостанай қаласынан Ерлан Айсағалиевтың аттары топ жарып шықты.
Қазақ күресінен ашық турнирде 80 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде қызылордалық Бекзат Шакизаев, әйтекебилік Айбек Жолдыбаев, мұғалжарлық Бекзат Байзол, түйе палуандар Еламан Қойшыбаев, Азат Қуанов, Жангелді Айтжанов жеңімпаз атанды.
Бұл күні Ақшат ауылы маңы ән мен күйге бөленіп жатты. Көркемөнерпаздар халық әндерін шырқады, күмбірлетіп күй тартылды.
Жазық алаңда 34 ағаш үй тігіліп, ас беру рәсіміне төрт мыңға жуық адам қатысты деп хабарланды. Қарақалпақстан өңірінен келген қонақтар саны 600-дей болды.
— Жиын барысында біздің ұсыныс жасауымызбен бірнеше адамға «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атағы беріліп, бірқатар аға буын өкілдері «Ауыл шаруашылығының құрметті ардагері» төсбелгісімен, І және ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медальдарымен марапатталды, — деді Бәубек баба қорының төрағасы Ақылбек Дәдеұлы.
Ас беру рәсімінде кеңестік заманда Балық шаруашылығы министрі болған Құдайберген Саржанов, белгілі кәсіпкер, академик Қуандық Әлішев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі болған Қадырхан Отаров жастарға тағылымдық әңгімелерін айтып, үлкендік ұлағаттарын көрсетті.
— Қандай да жиынның тағылымды мәні болуға тиіс. Біз де осы басқосудан бірлік пен ұйымшылдық, ынтымақ пен ырыс, береке белгілерін анық байқадық. Ақтөбеден — Ақылбек, Маңғыстаудан — Медеу, басқа да іні-бауырларымыз, қарындас-келіндеріміз үстеріне ұлттық киімдерін киіп, қонақтарға қапысыз қызмет етті. Аймырза атты азаматымыз өзі арнайы үй тікті. Інілеріміз Алдияр, Самат, сондай-ақ келін-қыздарымыз Лиза, Марал, Несібелі, Жәния ұйымдастыру ісіне белсене қатысты. Үлкендеріміз оларға баталарын берді, соның бәрі жарасымды болды, — дейді Мұғалжар ауданындағы Ақкемер елді мекені ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Кәрібаев.
…Иә, екі күнге созылған алқалы жиынның тағылымдық тұстары аз болған жоқ. Бәубек баба атын иелеген отыз шақты жас өрен ортаға жиналып, ұрпақтар сабақтастығының сәтті көрінісін бейнелегендей болды.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.