Рухани жаңғыру

Мешіттен сауда кешеніне дейін…

Киелі жерлер

«Біз, қазақ халқы ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Мешіттен сауда кешеніне дейін…

Ақтөбе — қасиетті орындарға бай өңір. Айталық, облыс бойынша республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне 12 нысан енсе, жергілікті маңызы бар ескерткіштер саны — 46. Бұлардың барлығы жіті зерттеп-зерделеуге, экскурсияға сұранып тұр.

Газетіміздің өткен сандарында хабарлағандай, оқырмандарды арнайы тізімге алынған жергілікті маңызы бар ескерткіштермен таныстыруды одан әрі жалғастырамыз. Осы жолы соның бірнешеуіне тоқталсақ…

Исатай мешіті

Ырғыз ауданына қарасты Жайсаңбай ауылынан 4,7 шақырым оңтүстік-шығыста орналасқан Исатай мешіті XX ғасырдың басында бой көтерген. Ғимараттөртбұрышты қабырғалары шикі кірпішпен, қамкесек араластырылып қаланған. Солтүстік бұрышында күйдірілген қызыл кірпіштен өрілген 8,5 метрлік мұнара орналасқан. Конус тәрізді мұнараның басына кірпіштен өрілген айналма баспалдақ алып шығады.

Зерттелуіне келсек ,ескерткішті алғаш рет 1983 жылы ҚазССР тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау туралы архитектура-өнертану экспедициясы (жетекшісі — С.Әжіғали) зерттеді. Сондай-ақ жоғарыда аталған тарих ғылымдары докторының «Ескерткіш — ел тарихы» кітабында және «Архитектура кочевников — феномен истории и культуры Евразии» монографиясында да бұл туралы біраз мағлұмат бар. Мешіттің паспорты 1984 жылы берілген.

Кезінде мешітті Шомбал деген бай салдырған. Ол кісі Тоқаның Арзығұл руынан тараған. Мешітті 1920 жылы Жыға бастаған ұста, шәкірттері Бисенғали, Хасен деген кісілер тұрғызыпты. Кірпіші сол жерден күйдіріліп, басылған. Мұнараға көтерілер есігі және мұнараның жоғары жағында азан шақырар орны бар. Мұнараға кірер есігінің жанында кітап қоятын сөрелер орны сақталған. Негізінен, мешіт құрылысы екі бөлмеден: кірер ауыз және үлкен бөлмеден тұрған. Кірер ауыздағы бөлмеде кітап сөрелері болған. Ал мұнара бөлмелерге жапсарлас, бөлек салынған. Кейін сол кездегі елдің басшысы Исатай Сатыбалдыұлын Темір уезінен алдырып, осы мешітке ие бол дейді. Исатай — халықты діни оқуға үйретіп, белді істерге басшылық еткен адам. Сондықтан ел арасында бұл ғимарат Исатай мешіті атанып кеткен.

«Керуен-сарай» тарихи-архитектуралық кешені

XIX ғасырда Ойыл ауданында тұрғызылған аталған кешен туралы деректер аз емес. Көп зерттелген. Мешіт, сауда орны, жәрмеңке комитетінен тұратын кешеннің тарихы да бай.

Қазақстанның батыс аймағын зерттеген белгілі ғалым-саяхатшылар П.Паллас, Г.Георги, П.Рычков, т.б. өз жазбаларында сауда жолдары мен орталықтары жөнінде көптеген мәліметтер қалдырды. Қазақ жерінің тарихын зерттеген әйгілі ғалым Ермахан Бекмаханов осы жәрмеңкенің ашылуы жөнінде: «басқарушы органдардың тәртібі бойынша алғаш рет 1867 жылы көктемде Орынбор даласындағы Ойыл өзенінің жанында ашылған жәрмеңкенің сауда нәтижесі жақсы болды» деп нақты деректер келтірген.

Жалпы,Көкжар жәрмеңкесі туралы негізгі ережелерді 1866жылы 7қыркүйекте Ресей ішкі істер министрі бекіткен.Көкжар жәрмеңкесі ресми түрде 1867 жылы Орал облысының Қазбек болысында көктемде ашылған. 1867 жылғы көктемде жәрмеңке мейлінше қанағаттанарлық нәтижелер берді. Оған шамамен 250 мың сом тұратын тауарлар әкелінген, олардың 100 мың сомнан астам тұратыны сатылды және айырбасталды, жәрмеңкеде 20 мыңға дейін әртүрлі мал сатып алынды. 1867 жылы жәрмеңкеге 137 саудагер қатысты. Көкжар жәрмеңкесі екі мезгілде өтіп отырған: біріншісі — 15 мамыр-15 маусым, екіншісі — 15 қыркүйек-15 қазан аралығында.

Жәрмеңкеге солтүстіктен Орынбор, Сарытау, Самара қалаларынан орыс, татар саудагерлері келіп, сауда жасап, ішкі байланыс орнатылған. Оңтүстіктен Хиуа, Бұқара, Түрікменстан және Ауғанстан, Иран елдерімен  сыртқы байланыс орнатылып, осы аталған өңірлерден керуендер ағылып келген деседі.

Аңыз-әңгімеге сенсек,Ойылдың көнекөз қарияларыбір кездері   Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Көкжар жәрмеңкесіне  жүкті пілмен әкелгенін айтады. «Шамасы пілдерді жәрмеңкеге келе жатқан жолда Иасы-Түркістанда, Тәшкенде, Хиуада немесе Бұқарада қыстатса керек» деген долбар айтылады.

Тарихи сауда қатарлары туралы өлкетанушы Жақсылық Бисалиевтің пайымдауынша, құрылысты ағылшын, орыс, татар кәсіпкерлері мен саудагерлерінің қолдап, демеуімен белгілі орыс сәулетшісі А.Брюлловтің  жобасы бойынша салған,бұларды Орынбор жәрмеңке комитетінің, сондағы сауда корпустары мен мұсылман мешітінің, емхана, аса ауқатты татар байлары салдырған ғимараттардың дәлме-дәл көшірмесі  етіп келтірген.

Көк мешіт және медресе

ХХ ғасырдың басында іргетасы қаланған Мұғалжар ауданындағы Құмсай ауылынан 13,5 шақырым солтүстік-шығыстағы аталған тарихи ескерткішті де кешен десек әбден жарасады.

Бұл бірнеше ғимарат туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Әжіғалидың 2010 жылғы «Хан моласы» қорымы және оның тарихи аймағы туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарының есебінде Ор ауылындағы мешіт-кешені деп көрсетіліп, жалпы сипаттама берілген.

Ескерткіш мешіттен, медреседен, тұрғын үй мен ғибадат орнынан тұрады. Ор өзенінің сол жағалауында орналасқан. Ескерткіштің аумағында Кеңес өкіметіуақытында малшаруашылығы үшін тұрғызылған құрылыстардың қазіргі таңда қалдықтары ғана сақталған.

Мешіт — тік төртбұрышты солтүстіктен оңтүстікке қарай созыла орналасқан бір қабатты ғимарат. Ғимараттың қабырғасы өңделген қара тастардан сазбалшықпен қаланған. Ғимараттың үстіңгі жабыны ағаш бөренелер арқылы, ал шатыры жалпақ қаңылтыр металмен жабылған.Жалпы, медресе төрт есік және жеті терезе ойықтарынан (шығыс жағындағы бір терезе есікке айналған) тұрады.

Әу баста мешітті басқа жерден салу жоспарланған.Жерді таңдап жүргенде татар шебері осы жерге келіп, сөйлесе дауысының жаңғырығы жақсы естілетінін байқап, шешімін дереу өзгертіпті.  Жергілікті тұрғындардың мәліметінше, кешен 1902-1905 жылдары Тама руынан жиналған қаржыға тұрғызылған, сондықтан да мешіт «Таманың көк мешіті» деп те аталады.

Бұл Елек, Ор, Жем өзендерінің бойындағы жалғыз мешіт болған. Ембі, Ащысай ауылдары тұрғындарының барлығы Көк мешітке жұма намазына барып, Құдайына құлшылық еткен.

Мешіттің ашылу салтанатында Таманың Көкісі — Қосуақ деген ақсақал бір жарым сағат бойы бата берген деген дерек бар. Бұқарадан діни білім алып келген Тобажан деген кісі мешітке алғашқы боп имамдық еткен. Оны халық Сары ишан деп атап кеткен. Тобажан ишанның дауысы да керемет, зор болған… Ол ертеңгі таң намазына азан шақырған кезде дауысы 15-20 шақырым жерге дейін естілген деген аңыз-әңгіме бар.

Қазіргі таңда ғасырлар бойына бабалар мұрасы болып тұрған мешіт қабырғалары құламай, қаз-қалпында тұр. Мешіттің жанында кезінде балалар оқып, білім алған, тастан қаланған медреседе бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button