Әлеумет

Басты шарт — жайлы демалыс

Локомотив бригадаларының кезекті ауысым алдындағы демалысын ұйымдастыру – қауіпсіз жол қозғалысының  басты шарттарының бірі. Локомотив деполарының ішінде локомотив бригадаларының демалыс үйі бар. Мұнда тепловоз машинистері мен олардың көмекшілері кезекті рейстен кейін жайлы жағдайда демалып, тамақтанады (асхана мен буфеттер күндіз-түні жұмыс жасайды) және ауысым алды медициналық тексеруден өтеді.

Сонымен бірге демалыс үйлері мемлекетттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының ұдайы назарында. Батыс өңіраралық теміржол көлігіндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің қадағалауында 6 локомотив бригадасының демалыс үйі бар. Олар Ақтөбе, Қандыағаш, Никельтау, Әйтеке би, Шалқар, Жем стансаларында орналасқан. Осы локомотив бригадаларының демалыс үйлерінің төртеуі  «Локомотив қызмет орталығы» АҚ Қандыағаш филиалына қарасты, ал қалған екеуі  «Локомотив» АҚ Ақтөбе және Қандыағаш локомотив пайдалану депосының құзырында.

2004 жылдың соңында құрылған «Локомотив қызмет орталығы» АҚ-ның республика бойынша 14 филиалы жұмыс жасайды. Оның бірі — Қандыағаш стансасында орналасқан «Қандыағаш локомотив қызмет орталығы» мекемесі. Қазір бұл филиал  Жем, Шалқар, Қандыағаш, Никельтау стансаларына қызмет көрсетеді.

Локомотив қызмет орталығының негізгі қызметі — ТО-2 локомотивтерге техникалық қызмет көрсету, құммен жабдықтау, тепловоздарды  дистиллдік сумен жабдықтау, локомотив бригадаларына демалыс ұйымдастыру.

Биылғы  жылдың ішінде департамент қызметкерлерімен қадағалаудағы 6 локомотив бригадалары және демалыс үйлері тексеруден өтті. Тексеру кезінде  3 лауазымды тұлғаға айыппұл салынып, кемшіліктерді жою мақсатында  3 санитарлық ұйғарым берілді. Қадағалаудағы 6 локомотив бригадаларының демалыс үйлері санитарлық ережелерге сай келеді. Дегенмен, бригадалардың демалыс үйлерін әлі де жандандыру қажет-ақ. Мәселен, көрші Ресей елінің теміржол желісінде 380-нен аса локомотив бригадаларының демалыс үйлері жұмыс жасайды екен. Демалыс үйлерінің көпшілігінде  арнайы массаж орындықтары,  емдік дене шынықтыру, рефлекстерапия, психотерапия, функциональды диагностика, жылу мен сумен емдеу бөлмелері және  реабилитация орталықтары бар.

А.АРҒЫНБАЕВА,

Батыс өңіраралық теміржол көлігіндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің санитарлық гигиеналық бөлімнің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button