Ауыл

Мәслихат хатшысы көмектесті

Биылғы жаз Ойыл ауданында да қатты қуаңшылықты болып өтті. Егін түгілі, далалықтардағы табиғи шабындықтардың өзі нашар өсті. Соның салдарынан мал азығының бағасы көтерілді. Бұл күнкөрісін малмен айырып отырған отбасыларына елеулі ауыртпалық әкелді. Елдегі осы жағдайды билік басындағы бірқатар азаматтар дұрыс түсінді. Таяуда облыстық мәслихаттың хатшысы Балғали Ордабаев өз қаржысына Көсембай ауылының тұрғыны Берікбай Изматовқа бір көлік — 120 тайлап буылған шөп сатып алып берді.

Мұнымен шектелмес, Балғали Құрманғалиұлы көрсеткен қайрымдылық істі жалғастырушылар табылып қалар деп ойлаймыз. Себебі, облыс орталығында Ойыл өресінен шыққан, белгілі кәсіпкерге айналған азаматтардың көп екенін жақсы білеміз.

Ж. Мүбараков,

Ойыл ауданы.

Мектепке жол

Екі оқушыны киіндірді

«Мектепке жол» акциясы аясында жергілікті жерлерде нақты жұмыстар жүргізілуде. Сабаққа қатысуы қиын, мектеп жасындағы балалар есепке алынып, алдын –ала шаралар белгіленді. Оларға жәрдем берудің барлық мүмкіндіктері қарастырылуда. Бұл ретте облыс орталығында лауазымды қызметтердегі  жерлестер де қол ұшын беруде. Соның бірі—облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Кенжетай Мұханов. Ол таяуда аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаевпен бірге Құмжарған ауылында болды. Осында тұратын асыраушысынан айырылған Әмірхан мен Боранбайдың жағдайын білді. Бұл екі баланың бірі — алтыншы, екіншісі — сегізінші сыныпта оқиды. Әке-шешеден жастай жетім қалып, ағасының тәрбиесінде келеді. Кенжетай Мұханов осы аз қамтылған отбасына жәрдемдесуді ұйғарған. Екі оқушыны бастан-аяқ киіндірді. Оқу құралын берді. Отбасына азық-түлік жеткізді.

Екі баламен кездесу кезінде Кенжетай өзінің де біраз қиындықтар көріп өскенін әңгімелеп, мұнан былай да бұл отбасына келіп, жәрдем беріп тұратынын айтты.

А. Бурин.

Ойыл ауданы.

50 бүлдіршіннің бақшасы

Темір — 1869 жылдары іргесі қаланған қала. Арнаулы орта білім беретін облыс орталығындағы кейбір оқу орындарының іргетасы алдымен осы Темір қаласында құрылған. Әрине, жүйе өзгерген тұста қаланың бірсыпыра әлеуметтік нысандары нарықтың алғашқы қыспағына шыдас бермей жабылды. Мінеки, соңғы жылдары қаланың тұрмысы түзеле бастады.

Әсіресе, былтыр мен биыл аудан әкімі Бауыржан Қаниевтың аумағында жұмыс жүргізіп жатқан инвесторлармен тіл тауып шешуінің арқасында бірнеше нысандар — 9 балалар бақшасы, 4 клуб үйі салынып, пайдалануға берілген-ді. Соның бірі — өткен жылы қалада пайдалануға берілген 150 орындық жаңа клуб үйі. Биыл да қала халқының көптен күткен бір тілегі орындалды. «Гауһар» атты 50 орындық балалар бақшасы пайдалануға берілді. Елбасының «Балапан» бағдарламасын қуаттаған аудандағы биылғы үшінші балалар мекені — осы. Ата заң күнінде пайдалануға берілген балабақшаның тұсаукесеріне аудандағы мекеме, кәсіпорын басшылары, қала тұрғындары қатысты. Балабақшаның тұсауын кескен аудан әкімі Бауыржан Қаниев келесі жылы қаладағы С.Бәйішев атындағы мектеп үйін күрделі жөндеуден өткізіп, еуропалық сән-салтанатқа сай етіп беретінін айтты. Ал ардагер ұстаз Айша Балмағанбетова:

— Қаламыздың өсуіне, мәдени тұрмысының көтерілуіне мұрындық болып отырған аудан әкімі Бауыржан Нұралыұлына үлкен рахмет айтамыз. Биылғы тазалық марафоны да қала сәнін көріктендіре түсті. Жаңа құрылыстар жалғаса берсе, қаламыз да гүлдене беретініне сенімдіміз. Балабақшамыз құтты болсын. Осындай жаңа ғимарат салып берген азаматтар аман болсын, еңбектері жемісті болсын, — деп, жылы лебізін жеткізді.

М.ӘДІЛХАНҰЛЫ,

Темір ауданы.

Марафон Астанаға жол салды

Тамыздың аяғына таман Ойыл ауданында өткен «Біз жалынды жастар — болашаққа жол бастар» тақырыбын арқау еткен жастар форумында аудан әкімі Мұхтар Жұмағазиев оқушыларға марафон мәресінің марапаты мен туристік жолдамаларын тапсырған еді. Одан кейін 51 бала облыс орталығына барып, Ақтөбенің көрікті жерлерін тамашалап келген болатын.

Ал өткен жексенбі күні ойылдық марафоншылар Арман қала — Астанаға жол тартты.  Аудандық білім бөлімінің бастығы Саян Сүлейменов пен аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев екі автобусқа мініп, елорданы көруге асыққан 49 оқушыға ақ жол тілеп  шығарып салды. Ойыл қазақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Айжан Нұрқасова  тек бала ғана емес, үлкендердің де барғысы келетін әсем қаланы көру бақытын бұйыртқан аудан басшыларына алғысын білдіріп, жастардың атынан шексіз ризашылығын жеткізді.Туристік жолдамаға ие болғандар барып келу жолымен қоса есептегенде 4 күн бойы серуендемек. Жолаушы балалардың денсаулығы, жол жүру тәртіптері, тағы басқа жағдайлары ескеріліп, екі жол басшы және арнайы медбике қызметкері бөлінді. Олар күн санап қимыл қозғалысы көбейіп бара жатқан бас қаланы аралау кезінде балалардың қауіпсіздігін қадағалайды.

С.Нарегеев

Ойыл ауданы

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button