Ауыл

Мал өсірсең, қой өсір…

Еңбек адамы

Шопан ата таяғын қадір тұтқан халқымыздан «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген қанатты сөз қалған. Уақыт озып, қоғам өзгергенімен бұл сөздің құны төмен түскен емес. Келешекте ол ұранға шығып, үгіт-насихаттың тұрақты тіркесіне айналар бәлкім?! Өйткені қойдың бейнетіне төзіп бағатындар қазір азайып барады.

Жылдың төрт мезгілінде де тыным таппай, қыста мұз жастанып, жазда маңдайы күнге күйіп, тер төгетін нағыз еңбеккерлер — осы қойшылар.

Бүгінде күні бойы ат үстінде жүріп, өз қойын өзі бағып келе жатқан адамды көрсең, адал еңбектің нақ иесін көргендей ішің жылиды. Ал көңілі пәс, өмірдің бұралаң жолдарын көрген жалдамалы қойшыны көрсең тағы өзгеше күй кешесің.

Таяуда Есет Көтібарұлы ауылдық округіндегі мал шаруашылықтарының қысқы жайымен танысу үшін шалғайдағы қожалықтарды араладық. Құмға іргелес Шағылқұдық жеріндегі «Шолақжиде» шаруа қожалығының қыстағына кештете табан тіредік. Шаруашылық иесі Бейбіт Ізбасаров та күн ұзағына қарлы шөпті отап тойынған отар қойын жалғызаяқ жолмен асықша тізілтіп, қораға беттетіп келе жатыр екен. Тұла бойын аяз сорып тұрса да, қойшы жігіт мал-жан амандығын сұрап, әңгіменің тиегін ағыта жөнелді.

— Отбасымызбен осы қыстақ басындамыз. Кезінде мемлекеттік бағдарламамен 5 миллион теңге несие алып, қой басын көбейтуге бекіндік. Қой малы өте өсімтал, бірақ бейнеті де жетерлік. Мал ауылда отырғасын, қораңда қойың болмаса, тағы жұтаң көрінесің. Қой бағу тіршіліктің тоқтаусыз сағаты сияқты, күні бойы бір адамды өзіне телміртіп қояды. Көбі осы бейнеттен қашып, қазір бірыңғай ірі қара бағуға көшіп жатыр. Дегенмен қойды кез келген уақытта сатып, өткізе аласың, сонысы тиімді. Бойда жігер барда Шопан ата таяғын тастағым келмейді. Осы кезге дейін алдымыздағы малымызды өзіміз бағып келеміз, —дейді бес баланың әкесі Бейбіт Боранбайұлы.

Шағылқұдықта қыстап, Сулыбұлақ жерін жаз жайлайтын «Шолақжиде» шаруа қожалығы Үкіметтен ауылшаруашылығын қолдауға берілетін жеңілдіктерді тиімді пайдаланып отыр. Жемшөп әзірлегеніне субсидия алады, мүйізді ірі қара малының сапасын арттыру үшін табынға асылтұқымды бұқалар әкеліп қосқан.

Осы округке қарайтын «Тұрғанбай» шаруа қожалығындағылар да қойдан көл-көсір пайда бар екенін біледі. Қожалық мүшесі Ораз аға зайыбы Жайнагүл жеңгей екеуі қойды қысы-жазы өздері бағады. Шаруашылық иесі, орда бұзар отыздан енді асқан Тұрғанбай Назарұлы ірі қара малды қадағалайды. Ол 2020 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 5 миллион теңге несие алып, жылқы басын көбейткен.

— Табысы көл-көсір болғанымен, кейінгі жылдары қой бағуға көбінің күші жетпей жатыр. Себебі қойдың соңына түсіп бағудың бейнетін ешкім көтергісі келмейді. Ал жалдамалы малшыға сұраған айлығын беріп, барынша жағдайын жасасаң да ұзаққа тұрақтамайды. Тұрақтылық үшін мал бағуға адамның ықыласы жоғары болу керек. Кезінде Отарбай атамыз бен Төлеу әжеміз табан аудармастан 40 жыл қой бағып, елге сыйлы болды. Біз сол атамыздан мирас болған кәсіпті жалғастырып отырмыз, —дейді Тұрғанбай.

Дерек бойынша 1992 жылы Шалқар ауданындағы қой-ешкінің жалпы саны 278 535 болған. Ал биыл жыл басында өлкемізде жалпы ұсақ мал саны 104 мыңнан асқан. Оның 96 088-і — Шопан ата төлі.

Қой малы қазір ауданымыздың барлық ауылдық округінде бар. Сала мамандарының пікірінше, өріс жағынан құмы жақын келетін Айшуақ, Бозой, Есет Көтібарұлы, Жаңақоныс, Кішіқұм, Шалқар ауылдық округтерінде қой өсіру экономикалық тұрғыдан тиімдірек екен.  Мәселен, Айшуақ ауылдық округінің «Сынтас», Бозой ауылдық округінің «Ақжол», Есет Көтібарұлы ауылдық округінің «Мойынқұм», Кішіқұм ауылдық округінің «Авань», «Байман», Шалқар ауылдық округінің «Ебес», «Жәнібек», «Қаражиде», Жаңақоныс ауылдық округінің «Қопасор», «Жанар» және Қауылжыр округінің «Әділ-Жан-Би-Әлібек» шаруа қожалықтарының отарында қазір 500-1000 бас аралығында қой бағылып жатыр.

Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Рашид Ержанов ауданымызда қой шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүріп жатқандығын айтады.

—Қазіргі таңда қой шаруашылығын дамыту, шопандарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар көмек қарастырылған. Соның бірі — субсидиялау, яғни мемлекет тарапынан шаруаға қайтарымсыз қаражат төлеу. Ол үшін қой шаруашылығымен айналысатын қожалық асылтұқымды мәртебесі бар екендігі расталған шаруашылықтан асылтұқымды қошқарлар сатып әкелуі шарт. Осы жағдайда қожалық асылтұқымды қошқар сатып әкелгені үшін 15 мың теңге және әр саулық қойға 2 жарым мың теңге субсидия алады. Зоотехникалық нормативке сәйкес, субсидия асылтұқымды 1 қошқар мен 25 саулық қойғадеп есептелінеді, яғни 250 саулық қойы бар шаруашылыққа аталған субсидияға қол жеткізу үшін асылтұқымды 10 қошқар қажет деген сөз.

Бұл бағытта асылтұқымды қошқар сатып алмай-ақ, асылтұқымдық және дистрибьютерлік орталықтардың, ұрықтандырушы техниктердің көмегіне жүгініп те мемлекеттік субсидияға қол жеткізуге болады. Шаруашылықтар асылтұқымды қошқар сатып әкеліп немесе қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жүргізіп субсидия алып қана қоймай, бағымындағы қойға селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар арнайы алаңдарда бордақылауға немесе союға ет өңдеу кәсіпорындарына еркек тоқтыларын өткізген жағдайда шаруашылық әрбір тоқты басына3 мың теңге субсидияға қол жеткізе алады.

Жалпы бүгінгі таңда аудан бойынша қой шаруашылығын дамыту үшін жайылымдық жер жеткілікті. Тек мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларды барынша тиімді пайдаланып, жастардың осы салаға деген қызығушылығын арттыру өзекті мәселе болып отыр,— дейді бөлім маманы.

Бұрын жыл сайын шопандар слеті болып, мақтаулы малшының абырой-даңқы асқақтап жатушы еді. Мерекеге лайықты бұл күн кешегі кезеңмен келмеске кеткендей болғанымен, кейінгі жылдары еліміздің әр аймағында арнайылап шопандар тойын өткізуді қайта қолға алып жатыр. Бұның мәні — осы айтулы басқосу арқылы елімізде ата кәсіп қой шаруашылығын өркендетіп, нағыз еңбек адамы саналатын шопандар мәртебесін айшықтау.

Түйіндеп айтқанда, әрдайым сергек жүріп, дала өрісіндегі өмірі жылжыған жылдармен жалғаса беретін кәнігі қойшыларды анықтап, еңбегін елейтін кез келді.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button