Жеңіс

Жауынгер аға жұлдызы

Жеңіс жаңғырығы

Жыл сайын Жеңіс күні жақындаған тұста жүрегіміз бір тебіреніп, толқулы сәтті бастан кешеміз. Кешегі күні аталарымыз бен әкелеріміздің қан майданда ел қорғап, етігімен су кешіп, мұз жастанған тұстары санамызда жаңғырып, олардың аруағына тағзым етеміз.

Соғыс басталған кезде мен үш жаста ғана екенмін. Біздің балалығымыздың қандай жағдайда өткенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Ал есімізді жинаған тұста майданнан елге орала бастаған әкелерімізді көрдік.

Соның бірі Тахау Байсадақов ағамыз еді. Олар еңсесі түскен елге ерлік рухын ала келді. Майдангер ағалардың жігерлі жүзі, ірі іс-қимылдары, батыл әрекеттері бізге бала болсақ та сезілетін, әсер ететін.

Мен майдангер ағамның жанына жақын жүрдім, оның тәрбиесін көрдім. Сол кездерде соғысқа аттанғанға дейінгі өмір жолдарымен де тереңірек таныстым. Өзі де біраз естеліктерін қағазға жазып, кейінгі ұрпағына қалдырып кетті. Сол деректерге сүйене отырып бүгінде оның жас жігіт кезіндегі қалыптасу, ел ісіне араласу сатылары туралы пайымдауға болады деп ойлаймын.

Отызыншы-қырықыншы жылдардағы қазақ жастарының арасындағы жаңалықты жақсы қабылдап, ілгеріге ұмтылу, білім алып, көпке пайдалы іске кірісу ниеті Тахау ағаның бойында да орын алғаны анық. Оның көзі ашылып, көпті тануына, замана ағымын тереңірек түсініп, өзіндік ұстанымын қалыптастыруына комсомол ұйымында жұмыс істегені өзіндік ықпалын тигізгенін аңғару қиын емес.

Ауылда көптің қатарында еңбек етіп жүрген ол жоғары басшылықтың көзіне түседі. Өзіне тапсырылған шаруаларды тиянақты орындап, қатарына үлгі болып жүрген жас жігітті аудандық комсомол комитеті қызметке алады.

Сол кездегі оқиға былай баяндалады. Ауылдық кеңес төрағасымен бірге жүріп, бір тайға салт мініп, Қарабұтаққа жетеді. Өңірдегі беделді ұйым — аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ислам Дүйсенбин өзі бұрыннан сынынан өткізген жас кадрды дереу қызметке қабылдайды да, ол арада бірер ай өткенде аудандық комсомол конференциясында есеп бөлімінің меңгерушісі болып сайланады. Жиырманың үстіне енді ғана шыққан жас жігіт үшін бұл жауапты қызмет, күрделі міндет еді.

Үлкен жауапкершілікпен қызметке кіріскен ол елдегі саяси ахуалдың соншалықты күрделі екенін бағамдай бастайды. Өйткені сол тұста қуғын-сүргіннің лаңын, айнала толған қауіп, күдік екенін айқын сезінеді.

Бұл ахуал кейінірек Тахау ағаның күнделіктегі жазбаларынан былайша орын алыпты: «…Мұндай жағдай біздің Қарабұтақ ауданына да келді. Бірінші болып аудандық атқару комитетінің төрағасы Ақшолақов ұсталды. Содан соң аупарткомның  екінші хатшысы Дәукеновті Қыстаубаев Мизам екеуміз әңгімелесіп отырғанда НКВД бастығының орынбасары Жанбаев келіп алып кетіп, жауып тастады. Ауданнан және ауылдардан көптеген адамдар ұсталып, жабылды.

Міне, содан бастап көптеген комсомол мүшелері халық жауының тұқымы делініп, комсомолдан шығарылды. Жастарды комсомол қатарына алуда көптеген сенбеушіліктер орын алды. Баяғы Қайрақтыда өзім оқыған Шыңдалин Әбуғали аупарткомда қызмет істейді және аудандық комсомол комитетінде бюро мүшесі екен, ол да ұсталып кетті. Бір кездері Қарақалпақ елінен көшіп келе жатып, біздің үйге қонып өткен Жақас ағамыз №17 ауылда кеңестің төрағасы болып қызмет атқарып жүр еді, ол да осы науқанның қармағына ілігіпті».

Ұлы Отан соғысының алдындағы жылдарда Қарабұтақ өңірінде аудандық жастар ұйымының жетекшісі болған Құлшәріп Өміршин өзінің жалынды жігерімен, іскерлік, ұйымдастыру қабілетімен көзге түскен, жас та болса бас болған азамат екен. Ол жас комсомол Тахауға да қамқорлық көрсетіп, келешегіне үлкен сенім артады. Оны   нұсқаушылық қызметке алады. Бұл кезде жастар комсомол қатарына көптеп алына бастайды, шаруашылықтарда бастауыш ұйымдардың рөлі арта түседі. Нұсқаушының міндеті — сол қызу жұмыстардың қалың ортасында жүру. Қызметін жоғары деңгейде атқарып, сенімге енген Тахауды енді партия мүшелігіне кандидаттыққа қабылдайды.

Тахау Байсадақовтың алдында үлкен жұмыстар күтіп тұрған-ды. Өйткені ол сол тұста іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен қоса, жауапкершілігі жоғары, сөзі мен ісінде айырмашылық болмайтын, беделді азамат ретінде таныла бастаған болатын. Сондықтан облысқа басшылық қызметке ауысқан Құлшәріп Өміршин оның болашағына сенім білдіреді. Оның аудандық комсомол комитетіне жетекшілік ететіне үміт артып, соған бейімдейді. Бірақ осы шаруаны уақытша атқарып жүрген Тахау Байсадақов елдегі жағдайды дұрыс бағамдап, «бәрібір армияға алып кетеді, одан да сол міндетімді өтеп келейін» деп ойлайды.

Айтқандай, 1939 жылдың 5 қарашасында жұмысшы, шаруа Қызыл армиясының қатарына шақырылады. Көп ұзамай 13 қарашада ол Қарабұтақтан армия қатарына аттанады. Жүрегі жалындаған жас жігіттің алдында Отан қорғау міндеті тұрды. Ол бірақ осы сапардан елге қашан ораларын, қандай жағдайда қайтатынын тіпті де білмейтін еді…

Біз Тахау ағаның әскер сапындағы өмір жолдарының көбін оның күнделіктегі жазбалары арқылы біле аламыз.

Онда былай деп жазылған жолдар бар: «Біз барғасын көп кешікпей 31 қараша күні Финляндия бізге қарсы соғыс жариялады. Кеңес-фин соғысы басталды. Желтоқсан айының ішінде ант қабылдадық. Содан кейін біздің бөлімімізді Старыцина деген қалаға алып келді. Мұнда қаңтар айының соңына дейін тұрдық. Бұл қалада әскери казарма жоқ екен, бір ғимараттың ішінде нар сәкінің үстінде тығылысып жаттық. Асханамыз орыстың шіркеуі болды».

1940 жылдың қаңтар айының аяқ шамасында олар фин соғысына кірісуге бұйрық алады. Кілең жалындаған жас жігіттер, бәрінің де көкірегінде Отан қорғау деген қасиетті ұғым бар, сондықтан да тайсалмастан алға ұмтылады.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді». Осындай қауіпті сәттер Тахау ағаның басынан сан мәрте өтеді. Соның бірінде фин соғысы кезінде әскери тәртіп бойынша күніне жеті шақырым жер ауыстырып, қыстың қақаған аязында жертөле қазып, соған орналасып отырады. Бірде түнгі ауысымда пеш түбінде бір орыс, бір әзірбайжан және екі қазақ баласы қалады. Бір кезде бомба түскендей бірдеңе гүрс етеді де, жертөленің төбесі ішіне құлап түседі. Содан үш жігіт сол арада қаза табады. Мұндай қатерлі шақтан аман қалуды ол тағдырдың сыйы деп түсінеді. Осы әңгімесін де өз аузынан естіп, бойымызды қорқыныш сезімі билегені бар.

Арада бірсыпыра уақыт өткенде финдермен келісімге келіп, екі арада тыныштық орнағанымен, оның әскери қызметі жалғаса береді. Маусым айында кіші командирлер даярлайтын тоғыз айлық полктық мектеп ашылып, сол мектепке қабылданады, онда саперлер даярлайтын саптан табылады. 1941 жылдың сәуір айында емтихан тапсырып, бөлімше командирі дәрежесін алады.

Тахау ағаның естелігінде жазылғандай, 1941 жылдың маусым айының бас шамасында дивизия штабынан бір саяси қызметкер келіп, жауынгерлермен жиналыс өткізеді. Ол өзінің сөзінде Германияның Кеңестер Одағына соғыс жариялайтын қаупі бар екендігін білдіреді. Осылайша алда тағы да қиын күндер күтіп тұрғанын сезеді бұлар .

Күткен қауіп көп ұзамай хабарын береді. Олар соғыстың басталғанын Финляндиямен жаңа шекара аумағында тұрып біледі. Әскери құрам жедел түрде қару-жарақпен толық жарақтандырылып, ел қорғауға кіріседі.

Тағы да күнделіктегі жазбалар бойынша ел қорғау көріністеріне назар аударайық.

1943 жылдың шілде айының соңында оны үшінші Украин майданының 59-гвардиялық атқыштар дивизиясының 183-гвардиялық атқыштар полкіне взвод командирінің орынбасары етіп жібереді. Ол келгенде взвод командирі болмайды да, бірден соның орнын басады. Арада он бес күннен кейін үш айлық курсты бітірген кіші лейтенант командир болып келеді. Ол соғысқа бірінші келіп тұрған жас жігіт екен. Осы жағдайын айтып, тәжірибелі жауынгерге «өзің үйлестіре бер, мен де үйренермін» деді. Сол кезде біздің әскерлер Харьковты жаудан босату үшін күш жинап, қорғаныс соғып жатады.

Харьков қаласын азат ету шабуылы тамыз айында басталады. Сол тұста взводты басқару міндеті тағы да оған жүктеледі. Қалаға жеті шақырым қалғанда, 1943 жылғы 20 тамызда шабуыл жасау үстінде ол сол аяқтың қара санынан жаралы болады да, дереу госпитальға жөнелтіледі. Көп ұзамай «Харьковты жаудан босаттық» деген қуанышты хабар жетеді. Осы операция қорытындысымен марапатталғандар қатарында Тахау Байсадақовтың кеудесіне жауынгерлік Қызыл Ту ордені тағылады.

1944 жылдың он екінші қазаны күні госпитальдан тиісті құжаттарын алып, бес жыл армия қатарында болып, Финляндия мен Отан соғысына қатынасып, Отан үшін бір аяқты беріп, елге бет алады…

Тахау аға өмірде сан түрлі тағдыр иелерімен кездеседі. Мәселен, Черкасс станциясында лагерьге басшылық етіп тұрған тұсында соғыста жаралы болып, елге қайтарылған жауынгер Қуаныш Сайымовты қиын жағдайдан құтқарып, қамқорлық көрсетеді. Ол елге жеткесін хат жазып, алғысын білдіреді. Арада біраз жыл өткен кезде бұл екі жауынгер Қарабұтақ ауданында кездеседі. Сол бір өткен шақты еске алысып, бір-біріне құрметтерін одан әрі жалғастырады.

Ілгеріде аудандық комсомол комитетін басқарған Құлшәріп Өміршин кейінірек Ақтөбеге келген бір сапарында аудан басшысы Жағыпар Әміровке: «Хатшы жолдас,  мен сізді білемін. Менің өтінішім — Тахауды есіңізден шығармаңыз, тиісті жерде көмектесіңіз. Бұл жігіт сізді жерге қаратпайды, сеніміңізді ақтайды», — деп тілегін айтады.

Бір жылдары облысты басқарған Жұмабек Тәшеновтің өзі Тахауға: «Жігітім, сырттай оқы. Ал келесі айда Ойыл аудандық кеңесіне төрағалыққа ұсынамын. Ойлан, шешіміңді айт!» — деп ұсыныс білдіреді.

Мұны күтпеген Тахаң: «Жұмеке, ниетіңізге рақмет! Мен өзім жарымжан адаммын ғой. Әлі мойнымда төрт-бес бала-шағам, қарт әке-шешем бар. Басқа ауданға қызметке жағдайым көтермейді», —- деп сыпайы жауап қайтарады.

Майдангер аға туралы кезінде айтылған, жазылып қалған естеліктер аз емес. Сол өңірде аудандық тіл қоғамына жетекшілік еткен, бүгінде өмірден өткен Мәриям Жұмағалиева былай депті: «1938  жылы ағай Қарабұтақ ауданында комсомол  комитетінде  істегенде, менің анам есепке тұруға құндақтағы мені көтеріп барған екен. Сонда алдағыны болжай білген Тахау  ағай: «Балтәтті, мына қызың тіл  маманы болады», — депті. Кейін менің әкем Төреғали  Бөгетсай МТС-да  директор, ал Тахау ағай селолық  кеңестің төрағасы болып, көп жылдар бойы тату-тәтті, қиын кезеңдері бірауыздан — сөз, бір жеңнен қол шығарып қызмет етті. Еңбектері абыройлы болды».

Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері Көпжасар Еңсепов: «Тахаудың  нағыз азаматтығы халқының ықыласынан-ақ көрініп тұрды. Оның өмірдегі ұстанымы, атқарған қызметі ол өмірден өткен соң да көмескіленген жоқ» десе, Муфтолла Қалилин: «Тахау ағамыз әуелгі кезде елде комсомол ұйымында қызмет атқарып, оған қоса ауылда сауатсыздар оқуын ашып, ересектерді оқытқан. Соғыстан кейін Бөгетсай селолық советіне хатшы, сонан соң төрағасы болды. Бөгетсай ауылы — көлемі кең, халқы көп, әртүрлі ұлттар тұратын елді мекен. Әрине, жұмыс Тәкең түгіл, сау адамға да оңай емес. Ағамыз сол бөгетсайлық Сағынтайдың қызы Қалиса жеңгемізбен бас қосып, тату-тәтті ғұмыр кешті. Балалы-шағалы болды. Жанғали, Бибізада, Мырзағали, Жолдыбай, Руслан, Ерлан, Қасымжан секілді перзенттер өмір жалғастығын жасады. Соғыстан алғашқы келген кезден бастап елге қамқорлығы, оның ішінде жағдайы нашарларға деген көмегі айрықша болды» депті.

Тахау Байсадақов, шын мәнінде, екі майданның ері атанған адам. Оның ел қорғаудағы ерлігі жауынгерлік Қызыл Ту, бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірнеше медальмен атап өтілді.

Ал соғыстан жеңіспен елге аман-есен оралғаннан кейін де ол жаралымын деп жайбарақат отыра алмады. Қайта дені сау, қайрат-жігері тасып тұрған жалынды жігіттерге үлгі болып, олардың намыс отын оята білді, қоғамның көкейкесті мәселелерін шешуге оларды жұмылдырып, өзі туып-өскен Қарабұтақ өңірінің өркендеуіне қапысыз еңбек сіңірді. Белқопа, Бөгетсай секілді селолық кеңестердің төрағалығы қызметін атқарып, ауыл тұрғындарын әлеуметтік жағдайларын көтеруге үлесін қосты. Ал «Тасөткел» кеңшарының іргелі бір фермасының тізгінін ұстап, ұжымның ауыл шаруашылығы науқандарында аудан бойынша үнемі алғы шептен көрініп жүруін қамтамасыз етуі оның бейбіт күндегі жасымас жауынгерлік қайратын танытқандай еді. Осы тұстағы еңбегі үшін ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бірнеше мәрте аудандық және облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы болған тұстарында оның қоғамдық белсенділігі арта түсті, өйткені ауыл тұрғындары қандай да бір қажеттіліктері мен мұқтаждықтары үшін өздері сайлаған депутатынан көмек күтетін.

Ағамыздың кейініректегі жазған бір естелігінде мынадай жолдар бар екен: «Ұлы Отан соғысы кезінде біздің ауылдан бүкіл дерлік ер-азамат соғысқа аттанды. Олардың көбі елге қайтып келмеді, майдан даласында қаза тапқандары туралы деректер бар. Бүгінде 180-нен астам жауынгердің есімдері ескерткіш тақтада жазулы тұр».

Өзі өмірден елу жасына жетпей ерте кеткен баласы Қасымжан аяулы әке-шешесі Тахау мен Қалиса туралы «Тағдыр және тағзым», «Мәңгілік сағыныш» деп аталатын екі кітапты жарыққа шығарған болатын. Осы кітаптар арқылы қалың жұртшылық бір әулеттің тағдыр-тарихын бағамдай алады.

Бүгінде Бөгетсай ауылындағы ұлы жолдың бойындағы үлкен көшеге майдангер, өмірден өткеніне биыл жиырма жыл толып отырғанТахау Байсадақов есімі берілген. Алыс сапарға шыққан жолаушылардың көзіне оның есімі жазылған тақта алыстан шалынады.

Бұл белгіні өз басым көрген сайын көзі тірісінде елге тұтқа болып, көпке басшылық жасаған, талай адамды тәрбие мектебінен өткізіп, өзі де басынан кешкен қиындықтарға мойымай, өмірден еңсесін биік ұстап өткен асыл ағаның кейінгілерге жақсы жол сілтеп тұрғанын сезінгендей болып, қуанып жүремін.

Қабидолла ЖОЛДАСБАЕВ,

еңбек ардагері.

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button