Су тасқыны

Қобдада тұрғын үй құрылысы басталды

Қолдау

Облыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, табиғи апат салдарынан жапа шеккен тұрғындарға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Күні кеше Қобда ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін жаңа баспананың құрылысы басталды.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, қазір Қобда ауылында 117 тұрғын үйдің іргетасын қалау үшін жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Қобда ауданы бойынша тұрғын үйлердің құрылысын 10 мердігер мекеме өз қаражаты есебінен салуға ниет білдіріп отыр. Қазір техникалар да, құрылыс материалдары да дайын. Тұрғын үйлер аудан әкімдігі берген хаттамалардың шешімі бойынша типтік жобамен 80 және 100 шаршы метр көлемде салынады.Біздің дәл қазіргі мақсатымыз — ең алдымен, сапасына мән бере отырып, аз уақытта үй тұрғызу. Құрылыс жұмыстарын 2 айдың ішінде аяқтаймыз, — деді басқарма басшысы.

Қобда ауданы бойынша әлі де аудан әкімі Ізгілік Тынымгереевтің шешімімен жарияланған төтенше жағдай режимі сақталуда.

Жалпы Қобда ауданы бойынша 289 үй су астында қалды. Залалды бағалау жөніндегі комиссияның алдын ала мәліметтеріне сәйкес 148 үй тұруға жарамсыз, 105-і жөндеуді қажет етеді. Ал 39 үйдің құжаттары қаралып жатыр.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button