Су тасқыны

Су басқан аумақтар дезинфекцияланып жатыр

Залалсыздандыру

Ақтөбе қаласында тасқыннан кейінгі дезинфекциялау жұмыстары басталды. Қазіргі таңда шаһарда қорғаныс министрлігінің  «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бөлімшелерінен келген 50-ден астам әскери қызметкер мен 16 техника жұмыс жасап жатыр.

Олар 10 күн бойы 5038 гектар жерге залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Мамандар «қолданылып жатқан препараттар адам мен жануарлардың денсаулығына зиянын тигізбейді» деп отыр. Яғни препарат Денсаулық сақтау министрлігінің реестріне тіркелген.

Эпидемиологиялық маңызы бар объектілер, оның ішінде зираттар және жеке үйлердің аумағындағы су басқан септиктер залалсыздандырылады. Себебі олардың кәріз жүйлерінен аққан су сыртқа шығып, аумақты  ластады. Жұқпалы, оның ішінде ішек ауруларының алдын алу үшін дезинфекция жасау маңызды. Қаладағы сумен жабдықтау обектілері — департаменттің бақылауында. Су тасқыны кезінде ауызсу көздерін қарғын су басқан жоқ. Қазіргі күні ауызсудан сынамалар алынып жатыр. Тұрғындар алаңдамаса да болады, — деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Назима Сербаева.

Алғашқы күні екі тұрғын үй алабы мен алты саяжай аумағы залалсыздандырылды. Жалпы тасқын кезінде қала аумағындағы түрлі аурудың ошағы болуы мүмкін мал молалары және зираттар қорғалды, оларды су басқан жоқ. Дегенмен су келген зираттардың маңайы да залалсыздандырылып жатыр. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, бұл мақсатқа бюджеттен қаражат бөлінбеген. Яғни барлық шаруа Қорғаныс министрлігі тарапынан өтеусіз негізде орындалып жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button