Тағзым

Мемлекетшіл тұлға, ел адамы еді…

Тіршілігінде өзінің ел-халыққа жасаған ерен еңбегімен, өнегелі өмір жолымен, адамгершілік абзал қасиетімен терең танылған азаматтың артынан іздеушісі көп болады. Ондай жандар әсте ұмытылмайды: халқының санасында, замандастарының жүрегінде мәңгі орын теуіп қалады.

Сондай биік тұлғалардың бірі Келдібай Еспағамбетов еді.

Оның ортамызда жарқын жүзбен жақсы істерге араласып, баянды бастамалардың қозғаушысы болып жүргені кеше ғана сияқты еді. Өкінішке қарай, атпал азаматтың арамыздан алыстағанына да жылдың жүзі болыпты.

Бүгінгі күні кейбір келелі кеңестерде, алқалы жиындарда оның орны жетіспей тұратындай көрінеді. Осы бір түйінді мәселе туралы ол не айтар еді деп елеңдейміз.

Иә, ол айтары бар адам еді…

Аға буынның көрнекті өкіліне айналған Келдібай Еспағамбетұлының өткен жолдарына нақ осы бір тұста қайта үңіліп, игерген белестерін тағы бір зерделеп өтуді жөн көрдік.

Ол 1946 жылы 25 шілдесінде Байғанин ауданыныңБаршақұм ауылында дүние есігін ашқан болатын. Шалғайдағы ауылда өскен бала кішкентайынан алыс армандарға ұмтылады, оның дұрыс жолы жан-жақты білім алу екенін ұғынады.

1965 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін совхозда шопанның көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. Кең далада мал соңында жүріп еңбек адамының жағдайын жақсартуды, мал шаруашылығында жақсы жаңалықтар енгізуді ойлайды.

Осындай биік мақсаттар жетегінде Ресейдің Кострома қаласындағы ауылшаруашылық институтына оқуға түсіп, зоотехник мамандығын алып шығады. Дипломды маман елге оралып, өзі туып-өскен өңірдегі Крупская атындағы совхозда зоотехник болып еңбек жолын бастайды.

Біз заманымыз бір, қызметіміз тұстас әрі бір өңірдің перзенті болғандықтан да бір-бірімізбен қанаттас жүріп жетілдік, бір-бірімізге тілектес, ниеттес болып жүрдік.

Ол 1972 жылы облыстық ауылшаруашылық басқармасына қызметке келіп, алғашқыда аға зоотехник, содан кейін қой шаруашылығы жөніндегі бас зоотехник қызметтерін атқарды. Сол уақыттың өлшемімен алсақ, бұл бір тынымсыз лауазым еді. Аудандарға, шалғайдағы шаруашылықтарға жұмыс бабымен жиі жіберілетін. Облыстан барған өкілге жоғарыдан нақты тапсырма беріледі, ал елдегі еңбек адамдары өз мұң-мұқтажын айтып жатады. Келдібай соның қай-қайсысына да жоғары жауапкершілікпен қарап, шешімін табуға кірісіп кететін.

1982 жылы ол республика Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ақтөбе жүнді алғашқы өңдеу фабрикасындағы өкілі болып тағайындалды. Жаңадан ашылған кәсіпорынның көп жұмысы сол кезде Келдібайдың қолымен атқарылды. Кейіннен ол Ақтөбе аймақтық жүн лабораториясы ашылуына байланысты сол лабораторияның бастығы қызметіне бекітілді.

Ол Ақтөбе аймақтық жүн лабораториясын он жеті жыл басқарыпты. Бұл лаборатория 1982 жылы ұйымдастырылып, бастапқыда республикамыздағы тоғыз облысты, оның ішінде төрт жүз шаруашылықты қамтыған болатын. Аталған кезеңде елімізде арзан ет пен сапалы жүн өндіру шаруашылықтардың алдына міндет етіп қойылған-ды. Ұжым басшысы ретінде Келдекең он мыңнан астам білікті жүн сорттаушылардың аталған аймақта жұмыс істеуіне өз ықпалын тигізді.

Ақтөбедегі алғашқы жүн өңдеу фабрикасы облыстағы қой шаруашылығының қарқынды дамуы нәтижесінде жемісті жұмыс істеп жатты. Бұның нақты бір дәлелі — фабриканың 1991 жылды 252 миллион сом таза пайдамен аяқтағандығы. Осы пайда көзінің негізгі жұмыс істеушілері — ауыл шаруашылығы еңбеккерлері осы мол қаржыдан ешқандай үлес алмайтыны сол уақыттың заңды құбылысы іспетті болды. Бірақ бұл барып тұрған әділетсіздік екенін сол кезде лаборатория директоры Келдібай Еспағамбетовтің өзі айтты. Ол осылайша ақиқаттың алдаспанын ешкімнен қаймықпай, жоғары көтере білді.

Келдібай Еспағамбетұлы облыстың қоғамдық өміріне белсене атсалысып, көптеген күрделі мәселелердің оңды шешілуіне өзінің білімі мен білігін, қажыр-қайратын аямай жұмсады.Ақтөбе қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы бола жүріп мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты көптеген игі істерді жүзеге асырды, қазақ мектептерін ашуға ұйытқы болды.

Ауылда өскен, кішкентайынан ел тірлігімен етене таныс, шаруа адамының жай-күйін жақсы білетіндіктен де болар, оның бүйрегі оларға ерекше бұрып тұратын.

Қазақстан Халық Конгресі партиясының облыстық атқару комитетінің мүшесі, Қазақстан шопандар одағының вице-президенті міндеттерін атқарды. Облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. Осының барлығында ол қолынан келген мүмкіндікті пайдаланып, ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін көтеріп, түйінін шешуге ұмтылыс жасайтын. Және бір ерекшелігі, нақты нәтижеге, көздеген межесіне жетпей қоймайтын. Бұл тұрғыда табандылығы ерекше еді. Тіпті екіұдай пікір туындап қалғанның өзінде ұстанымынан қайтпай, лауазымы жоғары шенеуніктермен тура айқасқа шығатын.

Ақтөбе облысындағы шаруа қожалықтары, фермерлер қауымдастығының төрағасы, сонымен бірге Қазақстан Республикасы Ұлттық фермерлер федерациясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы болып жүріп еңбек адамдарының мүддесін қорғады, мал шаруашылығын дамытуға байланысты шаруалардың талап-тілегіне жан-жақты қолдау жасады. Қазақстан Республикасының «Шаруа қожалықтары мен фермерлік туралы» Заңының қабылдануы ісінде өз белсенділігін көрсетті, нақты өмірден алынған қажеттіліктер мен ескерілуге тиісті жайларды жүйелеп, жоғары жолдап отырды.

Ол ел ішіндегі қандай да бір қиыншылықтарды көрсе, шыдап отыра алмайтын. Өткен жылдың су тасқыны кезінде Қобда өңіріндегі күрделі жағдайды көріп қайтуға өзі бастама көтерді. Оның бастауымен бір топ азамат жолға шығып, баспанасыз қалған қобдалықтардың жай-күйімен таныстық. Келдібай баспанасын су алған әрбір үйге дерлік барып, адамдармен сөйлесті, олардың жан азабын бөлісті. Жұбату сөзін айтты. Сонымен қатар нақты көмек берілетін жолдарды қарастырып, тиісті орындарға қозғау да салды.

Оның азаматтық тұлғасын ел адамы деген теңеумен берген дұрыс секілді. Республикада алғаш болып Ақтөбеде бастау алған «Ауыл аманаты» бағдарламасы алғаш іске асқан шақта Келдібай Еспағамбетұлы өз меншігінен өңіріміздің кез-келген аз қамтылған отбасына 1 сиыр мен 5 қойды жәрдем ретінде тегін беретіндігін айтты. Бұны халқына деген қайырымдылық үлгісі деп бағалауымыз керек.

Ол «Ауыл аманаты» жобасын ел-жұртқа насихаттап, әлеуметтің әлеуеті көтерілсін деп көп шаруа атқарды. Ауыл-елді аралады, қолында мүмкіндігі болмағанымен, талабы бар, ынталы адамдарды тауып алып, ақыл-кеңесін айтты, жаңа жобаның, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін пайдаланып қалуға үндеді.

Сонау тоқсаныншы жылдардың басында өзі туып-өскен өңірдегі Алтай ауылы тұрғындары үшін ұн тартатын диірмен сатып алып бергенін де елдегілер ұмытпай, әлі күнге дейін айтып жүреді.

Ол бас қаламыз — Астананың да тағдырына алаңдап отыратын. Бұрынғы тарихына да біршама қанық болатын. Бір әңгіме барысында: «Мен бұрынғы Целиноград қаласында уақытында жұмыс бабымен үш рет болған едім. Ол кезде Астана болатынын кім ойлапты? Есіл өзенінің бойына бытырай орналасқан сол қаланың  көзге түсер көрікті жерлері қатарында — Тыңгерлердің Мәдениет үйі, «Турист» қонақүйі, сондай-ақ одан басқа үш-төрт облыстық мекемелердің ғимараттары көзге түсетін.

Аз ғана уақыт ішінде бұрынғы бұйығылау жатқан тыңгерлер қаласы өзгеше шаһарға айналды. Еліміздің солтүстігінен сәулетті де көрікті, осы заманғы дамыған жаңа қала бой көтерді.

Астана халықаралық үлкен жиындардың орталығына айналды. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, оның саммитін ұйымдастырды. Халықаралық аса ауқымды шара — ЭКСПО-2017 көрмесі өткізілді. Ең бастысы, Астана әлемге Қазақстанды жаңа қырынан таныта бастады.

Біз бұған қуанамыз, ерекше мақтан тұтамыз», — деген еді ол.

Бұл оның шынайы, жүрек түкпірінен шыққан адал сезімі еді.

Берегіректе де Астанаға барып қайтқан сапарларында ерекше көңіл күймен оралатын. Жас әрі жаңарған қаланың адам баласына жігер беретін, көз қуантатын әсерлері мол екенін ерекше сүйсініп айтушы еді…

Оның бойында өз елін, өз мемлекетін айрықша сүйетін патриоттығы мол болатын.

Ол облыс әкімдігі жанындағы насихат тобының тұрақты мүшесі, облыстық қоғамдық кеңестің комиссия төрағасы, сонымен бірге облыстағы халық Ассамблеясының мүшесі ретінде деөзінің азаматтық ұстанымымен елге қапысыз қызмет етті. ҚР мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау аймақтық орталығының директоры қызметінде кадрлардың сапалық деңгейіне ерекше көңіл бөлді.

Ол өзінің туған жері Баршақұм ауылына, оның мектебіне «Көркейе бер, туған жер» акциясыаясында балалардың спортпен шұғылдануына мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашып, спорттық -сауықтыру құралдарын алып берді.

Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және келісім кеңесінің Ақтөбе облысы бойынша төрағасы ретіндегі қоғамдық еңбектері де ерекше атап өтуге тұрарлық.

Табиғатты қорғау ісіндегі белсенді қызметімен халықаралық «Экология» академиясының академигі атанды.

Келдібай Еспағамбетовтің адал еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Құрмет» орденімен, көптеген медальмен марапатталды.

Ол үлкен әулеттің басшысы, жарасымды отбасының иесі болатын.Өмірлік серігі Роза екеуі ұл-қыз өсіріп, немере сүйді, балаларына жақсы бағдар, өнегелі тәлім-тәрбие берді.

… Кезінде Мемлекеттік хатшы, қазақтың белгілі қаламгері Әбіш Кекілбаев Ақтөбеге келген сапарындадәм тартып Келдібайдың шаңырағында болып, олардың арасында аға мен інілік бір жарасымды сұхбат болғанын өзі ерекше бір ілтипатпен айтып жүретін.

…Келдібай Еспағамбетұлы шын мәнінде мемлекетшіл тұлға, ел адамы еді…

 Серік БОТАҒАРИН,

мемлекеттік қызмет ардагерлері кеңесінің төрағасы,

Мәртөк, Қобда аудандарының құрметті азаматы.

РУХАНИЯТ ДҮНИЕСІНІҢ ДЕМ БЕРУШІСІ

 

Келдібай ағаның негізгі мамандығы мал маманы болғанымен, руханият әлемінің жоқтаушысы, игілікті де ізгілікті істердің дем берушісі ретінде жиі көрінетін.

Соның басты бір мысалы мынадай-тұғын.

Ел Тәуелсіздігін бәріміз бірдей қуана қарсы алып, қиял-ғажайып ертегідегідей күй кешіп, төбеміз көкке жетіп, көбіне құр шапқылап жүргенімізде ол Алматы қаласынан Мемлекеттік рәмізіміздің бірі — көк Туды әлпештеп орап әкеліп, Ақтөбедегі Кеңестер үйінің төбесіне өз қолыменен орнатты. Бұл 1992 жылдың жаз айы еді.

Бұл жаңалықты көзімізбен көргенімізге бәріміз тағы масаттандық, бірақ кімнің ісі екенін білгеніміз жоқ сол сәтте.

Оның батыл араласқан тағы бір тірлігі — қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қатысты болатын. Ол егемендігіміздің елең-алаңында қоғамдық негізде Ақтөбе қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін атқарды. Қалада қазақ мектептерінің ашылуына ұйытқы болды. Бұл ретте ең алдымен қандастарымыздың ар-намысына қозғау салды. Сондай-ақ қазақша балабақшалардың көбеюіне көңіл бөліп жүрді.

Мұнымен де тоқталмады. Елдіктің әңгімесін кеңінен өрістету, қазақы қалпымызды жаңғыртуға үлес қосу үшін өзінің жеке қаражатына республикалық деңгейдегі «Елім-ай» деп аталатын газетті дүниеге әкелді. Бұл басылымның әсіресе облыс орталығында кеңінен таралуын басты назарда ұстады. Өйткені ол үшін ұзақ жылдар орысша тәрбиеленіп, орысша ұғымға ұйып тұратын бауырларымыздың бері бұрылып, тұғырын қайта тануы, турасын айтқанда «Елім-айлап» тұрғаны маңызды еді. Сол кезде «Елім-ай» газеті мол таралыммен шықты және мазмұны да ерекшеленіп тұратын. Басылым бетінде тың тақырыптар қозғалды, батыл ұсыныстар, жаңа идеялар жиі айтылатын. Ол газет жұмысын ұйымдастырып қана қойған жоқ, өзі де публицистикалық мақалаларын, оқырманға арнауын, бірқатар түйінді мәселелерде тура сөзін жариялап отырды. Бұл жазбалары батыл ойымен, тосын тұжырымымен ерекшеленетін.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қуғын-сүргін құрбаны болған атақты ақын Әкімәлі Қаржауовтың есімін ел жадында қайта жаңғыртып, оның шығармашылығын оқырмандарымен табыстыруға ұйытқы болғандардың қатарында осы Келдекең басқаратын «Елім-ай» газеті де болды.

Арқалы ақынның:

Ақ сұңқар құстай ұша алмай,

Ұмтыла түсіп құладым.

Төбеттер тартып құлатты-ау,

Арқаның киік құланын, — деген сарындағы өлеңдерін жариялау арқылы оқырманының ойын оятуға, намысын қозғауға ұмтылды.

Келдібай ағаның баспасөзді қозғаушы құрал ретіндегі бағалау ниеті одан әрі жалғаса түсті. Сондықтан да одан кейінгі уақытта «Отан Елім-ай», «Нартәуекел» газеттерін шығарды. Бұл басылымдар да заман ағымына сай ұлттық мүддені алға ұстанды, кей сәттерде осы жолда батыл айқасқа шықты, өзіндік ұстанымын танытты.

Оның шығарған әр газетінің кезең-кезеңімен атқарылар өзіндік бағыт-бағдары, мақсат-жоспары болған сияқты сезіледі кейде. Бірақ бәріне ортақ бір идея — тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіту, елдігімізді нығайту екендігі анық-ты.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде баспасөзде осындай белсенді қызметтер атқарды. Оның қаламгерлік қайратты белсенділігі ескерусіз қалған жоқ. Оған Қазақстан журналистикасының қайраткері атағы берілді.

Баспасөзге қатысты әңгіме болғанда мына жай ойыма орала береді. 1991 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің апталық газеті «Дала дидары» (кейін «Ауыл» деп аталды) деген атпен Алматыда жарық көре бастады. Ауылдың экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуы, ауыл тұрғындарының жағдайлары, тұрмыстық ахуалы және басқа да өзекті мәселелерді қозғаған басылымның қажеттілігін жақсы түсінген Келдібай Еспағамбетұлы облыс аумағында сала қызметкерлерінің, ауыл тұрғындарының газетке жазылуына ерекше жанашырлық жасады. Өз қаржысына да біраз адамды жаздырған кезі болды. Сонымен қатар ол газеттің белсенді авторы ретінде көптеген мақалалар жазды, маңызды проблемаларды қозғады.

Облыстық «Ақтөбе» газетінде «Малшының мың бір мұқтажы» деген тақырыпта үлкен әңгіме қозғалған тұста Келдібай аға осы саланың білікті де тәжірибелі маманы ретінде «Осы шаруа алдында қарыздармыз» деп өзінің тұшымды ой-ұсыныстарын білдірді. Әсіресе еңбек адамына көрсетілетін қамқорлықтың кемшіндігін, азға қанағат тұтып үйренген малшы қауымының көп игіліктен қағыс қалып келе жатқанын нақты мысалдармен, дәйекті дәлелдермен келтірді.

Келдібай аға облыстық телеарна төрінен де жиі көрінетін. Күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелерді батыл қозғайтын, ой-пікірлерін жүйелі, жеткізе айта білетін. «Ақтөбе — айтыстың астанасы» аталған осы өңірде аталған өнердің демеушісі болғаны да есімізде. Жалпы алғанда оның меценаттық қызметі руханият саласында айқын байқалды.

…Келдібай ағаны мен танығалы жарты ғасырға жуықтаған екен. Сонау жетпісінші жылдардың ортасында мектеп бітірген бойда Шалқар ауданы «Сарыбұлақ» совхозында «Жалын» қой өсіруші комсомол-жастар бригадасы құрамында еңбек етіп жүргенімде ол облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан іссапарға келген. Сол сәттегі жас шопанның ат үстінде қонышына «Жұлдыз» журналын қыстырып жүргенін ұмытпай, өмірден өткенінше айтып жүретіні бүгінде ойыма жиі оралады…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button