Жерұйыққа ұялы байланыс желісі орнатылды
Байланыс
Алға ауданы Үшқұдық ауылдық округіне қарасты Жерұйық ауылындаBeeline ұялы байланыс желісі орнатылды.
Ауылға интернет келгеніне әсіресе ата-аналар қуанышты. Өйткені олар осы мәселені соңғы екі жылдан бері көтеріп келген болатын. Балаларының сабаққа дайындалуы үшін ұялы байланыстың қажет екенін айтып, аудан әкімінің алдына бірнеше мәрте барды. Тұрғындардың өтінішін ескерген Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержанов бұл мәселені облыс көлемінде көтеріп, керек нәтижеге қол жеткізді.
Қуанышты күні Жерұйыққа аудан әкімі Нұрбол Ержанов пен облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев келіп, тұрғындармен кездесті. Ауылдың үлкендері бастаған істі аяғына дейін жеткізген азаматтарға алғысын айтып, ризашылықтарын білдірді.
— Қазір Алға ауданы бойынша ауылдардың 99,1 пайызы ұялы байланыс желісімен қамтылған. Биыл тұрғындар саны 100-ден асатын барлық елдімекен 100 пайыз интернетпен қамтылады. Бүгінгі таңда аудан бойынша интернет бармаған үш ауылдық елді мекен ғана қалды. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтаймыз.
Сондай-ақ Алға ауданының аумағынан үш республикалық маңызы бар автожол өтеді. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкеск сол автожолдарда ұялы байланыс желісін жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді журналистерге сұқбат берген аудан әкімінің орынбасары Мирхан Ермағамбетов.
Айта кетейік, ұялы байланыс желісі орнатылған Жерұйық ауылында 250-ден астам тұрғын тұрады.
Ақерке САТЫБАЛДЫ,
Алға ауданы.