Денсаулық

Екпе алу маңызды

Облыста Еуропалық иммундау апталығыөтіп жатыр. Мақсат — вакцинаның адам денсаулығы үшін маңыздылығын және қолжетімділігін жұртшылыққа насихаттау. Қаладағы №3 емханада облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары вакцинаның маңыздылығын түсіндірді.

Биылғы апталық «Вакцина: қазіргі және болашақ ұрпақ үшін денсаулықты қорғау» ұранымен өтіп жатыр. Іс-шара аясында жасөспірімдерге, ата-аналарға және денсаулық саласындағы мамандарға вакцинациялаудың пайдасы, ұжымдық иммунитет туралы дәлелді ақпарат негізінде насихат жүргізу көзделген. Мәселен, жаппай екпе жүргізудің нәтижесінде қызамық және В вирусты гепатитіне шалдығушылар саны біржарым пайызға төмендеді.2009 жылдан бастап дифтерия, 1996 жылдан бастап полиомиелитпен ауырғандар тіркелген жоқ. Сіреспе, көкжөтелдің жекелеген жағдайлары  вакцинацияланбаған адамдардың арасында ғана  тіркеледі.

2024 жылы жатыр мойны обырының қоздырғышы адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. Жатыр мойны обыры таралуы бойынша әлемде төртінші орында тұр. Бұл дертпен жыл сайын дүние жүзінде  342 мың әйел көз жұмады екен. Ал елімізде  жылына осы дертке шалдыққан 1900 адам тіркеледі.

Елімізде екпе алу тегін. Алайда соңғы жылдары баласына вакцина салуға қарсылық білдіретін ата-аналар жиі кездесіп жүр. Мәселен, облыста  3384 баланың ата-анасы екпе салдырудан бас тартқан. Оның ішінде бірде-бір екпе алмаған балалар саны — 2292. Оның ішінде 49,8 пайызы діни ұстанымына байланысты екпе салдырмаса, 33,2 пайызы жеке пкірі бойынша бас тартқан. Ал БАҚ-дағы жағымсыз ақпараттың әсерінен бас тартушылар — 2,9 пайыз, асқынулардан қорыққандар — 6,4, әртүрлі себеппен екпе салдыртпағандар 7,6 пайыз болып отыр.

Ата-аналарға түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 1069 балаға екпе салынған. Мамандар вакцина арқылы ұжымдық иммунитет қалыптасатынын, түрлі жұқпалы аурудың алдын алуға болатынын айтып, жұртшылықты екпеден бас тартпауға шақырады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button