Ауыл

Наурызбайдың құстары

Ырғыз ауданына қарасты Белшер ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Наурызбай Сандыбаев «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, елді мекенде құс шаруашылығын дамытып отыр.

Жас та болса жеке кәсіп ашып, бүгінде ауылда мал және құс шаруашылығын, сондай-ақ шағын бизнесті қатар дамытып отырған Наурызбай былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттен 3 миллион теңге несие алған. Қаржысына 100 ақ және 150 брамо тауығын алып, бүгінде ауыл тұрғындарын сапалы өніммен қамтып отыр. Оның айтуынша, қазір ауласындағы құстары күніне 50-60 жұмыртқа береді.

Жұмыртқаның бір данасын 65 теңгеге сатып жатырмын. Ауыл тұрғындарынан тапсырыс көп түседі. Сондай-ақ брамо тауығының етін сатып алатындар да көп. Алдағы уақытта ауламдағы құстың санын көбейтіп, кәсібімді кеңейткім келеді. Сондай-ақ қазір ауылда азық-түлік дүкенін ашып, шағын бизнеспен айналысып жатырмын. Екі «Газель» көлігім бар, солармен дүкеніме Ақтөбе қаласынан азық-түлік, тұрмыстық заттар тасимын. Құстарыма да жемді облыс орталығынан әкелемін, — дейді ол.

Наурызбай бұрын он шақты жыл әскери салада қызмет еткен. Ембі қаласында тұрған. 2019 жылы туған жеріне қайта көшіп келіп, жеке кәсіп ашқан. Қазір жас кәсіпкер ауылында құспен қатар, ірі қара мен жылқы да өсіріп отыр.

Оның айтуынша, 50-ге жуық түтіні бар Белшерде қазір тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Ауылға ендігі керегі — көгілдір отын ғана.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button