БИЫЛ ӨҢІРДЕ 46 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ
«Ауыл — ел бесігі» жобасы 2019 жылдан бастап іске асырылып келеді. Жоба мақсаттарының бірі — қазіргі заманғы стандарттарды ескере отырып, ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыру, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, ауылдық жерлерде тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту.
«Ауыл — ел бесігі» жобасы Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе, облыс бойынша даму әлеуеті басым 187 ауылда жүзеге асырылып келеді. Аталған елді мекендерде ауыл халқының 87 пайызы өмір сүреді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтылды.
Ақтөбе облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Марал Мыржықбаеваның айтуынша, жоба іске асырыла бастағаннан бері 28,4 млрд теңгеге 120 мың тұрғыны бар 83 ауылда 193 жоба іске асырылып, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы ай сайын «Ауыл — ел бесігі» жобасы бойынша мониторинг жүргізіп отырады. Мониторинг аясында мердігерлердің анықталуы, бөлінген қаржының игерілуі, жұмыстардың баяу жүргізілуі немесе өндірістік кестеден қалыс қалу жағдайы тексеріледі.
— 2023 жылдың қорытындысы бойынша 45 жоба пайдалануға берілді. Биыл «Ауыл — ел бесігі» жобасы бойынша 32 ауылдық елді мекенде 6,6 миллиард теңгеге 46 жоба жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 11 жоба бойынша мемлекеттік сатып алулар өткізіліп, мердігерлер анықталды. 13 жоба бойынша мемлекеттік сатып алулар рәсімі жалғасып жатыр. 14 жобаның сметасына түзету жүргізілді, оның төртеуі — өткен жылдан ауыспалы жобалар.
Сондай-ақ биыл екінші траншпен түсетін 3,4 миллиард теңгеге Ұлттық экономика министрлігінің алдын ала қолдауы бар. Қосымша 3 миллиард теңгеге бюджеттік өтінімге қажет лимиттерді Қаржы министрлігі мақұлдайтын болса, қаражат біздің облысымызға бөлінетін болады, — дейді М.Мыржықбаева.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Алмат Махайдың айтуынша, қазіргі таңда 2025 жылдың жобалар тізімі әзірленіп жатыр.
— Мұнда еліміздің ауылдық аумақтарын дамытудың тұжырымдамасына сәйкес келесі жылдан бастап жоба аясында тек тіректі елді мекендер ғана қолдау таба алады. Сондықтан ең әуелі өңірдегі 77 тірек ауылға басымдық берілетін болады, — дейді Алмат Махай.
Сонымен қатар басқарма басшысы Марал Мыржықбаева «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында елді мекендерге кіреберіс жол салуға рұқсат етілмегенін, алайда өңіріміздегі автожолдар сапасының өзектілігін ескере отырып, рұқсат етілген тізімге бұл жұмыстарды қосу бойынша министрлікке тиісті ұсыныстар жолдағандарын айтты.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.