Тағзым

Ардақты азаматымыз еді…

Жолдас керек тар жол тайғақ кешкенде,

Жолдас керек бағың шыңға жеткенде.

Ыстығың мен суығына көнетін,

Жан жолдасқа ешбір адам жеткенбе?!

Болат екеуіміздің тай-құлындай тебісіп өскен балалық шағымыз Алға ауданыТамды орта мектебіндегі интернаттан басталған-ды.

Бір көргеннен байқағаным: ол жылы жүзді, ақкөңіл,бауырмал жан екен,нағыз ауылдық жерде тәрбие алғаны ерекше көрініп тұрды.Сол кезден бастап қарым-қатынасымыз,сыйластығымыз үлкен достыққа айналып,мектепте де,демалыс күндері де, сабақтан бос уақытымызда да егіз қозыдай жұптасып, бауырласып кеттік.

Болат Тілембаев 1954 жылы тамыз айынын бесінші жұлдызында Алға ауданы Сарытоғай ауылында қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келген.

Әкесі Шанақұл Ұлы Отан соғысына қатысқан,мал шаруашылығында жұмыс істеді. Анасы Балқия болса, үнемі ат үстінде жүретін,уақытпен санаспай жұмысына берілген азаматының жағдайын жасап,балаларын қамқорлап отырған.Сонын арқасында Болатта ана мейіріміне қанығып, оның жылы алақанының лебін сезініп, маңдайы жарқырап өседі. Оның алды-артындағы апа-ағалары, іні-қарындасы бір-біріне бауырмал қалпымен өсіп келе жатқан Болатқа да жақсы әсер етеді.

Тамды орта мектебінде оқып жүргенде біз төрт бозбала — Болат Тілембаев, Бақытқали Қожабаев, Бейбіт Дошаев және мен интернаттың бір бөлмесінде жаттық.

1971 жылы мектеп бітіргеннен кейін бәріміз әр саладан мамандық игереміз деп жан-жаққа, әртүрлі оқу орындарына кеттік.

Болат пен Бейбіт Ақтөбе қаласындағы бір жылдық бухгалтер мектебінде оқыды. Болат  оны бітіргесін 1972 жылы күзде әскер қатарына алынып,1973 жылы Ярославльдегі әскери қаржы училищесіне оқуға түсіп, лейтенант шеніменбітіріп шықты. 1976 жылыЭлиста қаласында әскери полктің қаржылық қызметін атқаруға кірісті.

Біздің мектептегі достығымыз оқу бітіргеннен кейін де жалғаса берді.1977 жылы сәуір айында жолдасымыз Ақтөбе педагогика институтын бітірген, ағылшын тілінің мұғалімі мамандығын игерген Гүлнар Тоқмырзақызы Күнбаевамен үйленемін деп маған хабарласып,менің күйеу жолдас болуға келісімімді алды. Сөйтіп, Болат пен Гүлнар шаңырақ көтеріп,екеуі Элистада тұрып қызмет ете берді. Өз мамандығына берілген Болат сол жылдарда өзінің кәсіби білімін жетілдіруден қалған емес.

1982 жылы Ленинград қаласындағы логистика және көлік әскери академиясына оқуға түсіп, 1986 жылы оны бітірген соң Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаракемер елді мекенінде әскери қызмет басшысының орынбасары болып жалғастырды. Олардың отбасында Тимур, Мәдина атты ұл-қызы өсіп-жетілді, төрт немересі бар.

Болат жолдасымыздың өзгелерге ұқсай бермейтін бір жақсы қасиеті бар еді. Негізінде қай-қайсысымыздың да өзіндік мінезіміз, біреуге ұнап-ұнамай қалатын қылықтарымыз бар ғой. Ол соның бәрін көре тұра, жақсылығымызды асырып, ұнамай қалған жерлерді көпшіліктен жасырып, дұрыс-бұрыстығын өзінің бетіне айтушы еді.

Мен өзім оған: «Сенен әскери маман болмағанда,жақсы дипломат шығар еді» деп ылғи айтып жүруші едім.Өйткені әр кезде бір келісімсіз жағдайларды әдемі де жылы сөздерімен ретке келтіріп жіберуші еді.

Ол ортамыздың сәні,қамқоршымыз еді. Өз тумаларына болсын,жолдастарына болсын,көмек,қамқорлық жасап жүруді азаматтық парызы санайтын.Ешкімді кеудесінен итеріп, бетін қайтармайтын. Қайта барынша ақылын айтып, көмек қолын созушы еді. Мектепте,интернатта бірге оқыған, сондай-ақ өзінен кейінгі жігіттерге және солардың балаларына біраз көмегі тиді, мен өзім сондай талай жақсы істерінің куәсімін.

2000 жылы Ақтөбе облысында Батыс әскери аймағы құрылғандаосы қызмет қолбасшысының орынбасары болып қызмет атқарды. Облыстық әкімшілік үйі алдында Әбілқайыр ескерткіші ашылғанда сол игілікті шараға үлкен үлес қосты, тұрғындардың, басшылықтың алғысына бөленді. Сол үлкен жиынға Қорғаныс министрі Сәт Тоқпақбаев,облыс әкімі Аслан Мусин, көптеген құрметті қонақтар қатысты.

Болат ескерткіш ашылу рәсіміне Алматыдан ұшақпен Ұлттық ұланның құрметті қарауыл ротасын алдырды.

«Атқарған ісіңнің нәтижесін көрсең, өзіңе өзің көңілің толады» деп өзі жиі айтып жүретін.

Болат қаржылық қызметінің полк басшысынан бастап Қорғаныс министрлігіне қарасты Логистика департаменті басшысына дейін қызмет атқарды.1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасынын Ұлттық ұланының құрылуы мен қалыптасуына үлкен үлесін қосты.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қалыптасуына қосқан зор еңбегі үшін бірінші дәрежелі «Айбын» орденімен және басқа медальдармен марапатталды.

Тамды орта мектебінен білім алған екі түлек — Болат Тілембаев және Төлебай Алдамжаров әскери қызметте лауазымды полковник шеніне ие болды. Бұған біздер,сыныптастары, қуана-мақтана жүретінбіз.

Мектеп бітіргеннен кейінгі отыз жылдық тойымызды 2001 жылы өткізерде Болат пен сол уақытта Ақтөбе қаласының әскери комиссары болып қызмет атқаратын Төлебай екеуі дайындықты басқарып, тізгінді қолға ұстады. Сол кезде белгіленген жұмыстар бітпей қалса, тапсырылған адамдар телефонға жақындауға қорқатын.Өйткені олардың екеуінің де тарапынан жауапкершілік қатаң сұралатынын білетін. Сондай ұйымшылдық нәтижесінде отыз жылдық кездесуіміз өте жоғары деңгейде өтті.

Интернат ғимараты алдына әскери палатка тігіліп, шақырылған ардагер-ұстаздар жауынгерлік асханадан дәм татып, өнерпаздар ән мен күйді әуелетіп, әскери оркестр ойнап тұрды. Бірге мектеп бітірген түлектерді айтпағанда, шақырумен келген қонақтар даөте көңілді болды.

Достығымыз нығая түссін,арамыз ашылмасын деген ізгі ниет болар, интернаттық досымыз Бейбіт өзініңтұңғыш немересінің есімін Болат деп қойды.Оған біздер, сыныптастар, өте қуаныштымыз.

Болат туралы айта берсек,көптеген жай еске түседі.Бір ортақ ерекшелігіміз, екеуіміздің де ата-аналарымыз қашықта тұрғасын жеті сайын демалысқа үйге бара алмайтынбыз. Басқа жолдастарымыз — Бақытқали,Бейбіт,Дәметкен, Сәлима,Маржан сенбі күні сабақ аяқталғасын ауылдарына демалыс күнге кетіп қалады.

Біз Болат екеуіміз интернатта қаламыз. Тәрбиеші,аспазкезекшілікке тағайындалып, біздер үшін жұмысқа сол күндері шығады.Клубқа киноға қашып баратынымыз ойға түседі. Тамдының бөтен жағынан келген балалардың добын алып кетіп, арасында жеңіл шекісіп те қалатынбыз.

Екі-үш айда бір реттен екеуміз Сарытоғайға барып, бір-екі күн Шанақұл әкемізге көмек беріп,өзен жағалап балық аулап, Голубиновкадағы клубқа биге, Ивановкаға футбол ойнауға барып жүрдік.

Интернатта футбол командасын құрып, балалар үйі тәрбиеленушілерімен одақтас болып,Тамды ауылының тұрғындарымен жиі футбол ойнайтын едік. Өзіміздің қатарластарымыз болып спорт формасын алып,кіші сыныпта оқитын балаларды спорттық ойындарға қызықтырып,қатарға тартатын едік.

Кейіннен есейгенде де арамыз ажыраған жоқ, бірге жүріп қыдыратынбыз, отбасылы болған соң әйелдеріміз де жақындаса түсті, балаларымыз да бір-бірін жақын тұтатын. Бәріміз қуаныштарымызды бірге бөлісіп, реніш-қиналыста да бір жерден табылдық.

Болат 1989 жылыАлматы қаласынанпәтер алып, сонда тұрды. Ақтөбеге келгенде хабарласып, Бейбіт,Бақытқали,Төлебай бәріміз болып Болаттың әке-шешесіне сәлем беріп Сарытоғайға бірге баратынбыз.

Балқия анамыз,ағасы Амангелді, Айсәуле жеңгесі біздерді екі-үш күн қонақтатып, қуанышпен қарсы алатын.Бос уақытта балық аулауға Қарақобда өзеніне барамыз, аңшылыққа да әуестігіміз бар еді.

Сол күндер енді еске жиі түседі.Сонын бәрі бес минутта болған сияқты өтті де кетті.

Баяғыда үлкен кісілер «өмір бір күн сияқты өтті» дегенде таңғалатын едім.Шынында, солай екен.Алпыс жылдан асқан достығымыз бір күнгідей болған жоқ, зымырап өте шықты.

Болат досымыз әке-шешесі мәңгілік тыныс тапқан атамекенде, жағасында талай жүрген Қарақобда өзенінің жайлап аққан су сылдырын тыңдап жатқан шығар. Оның бекзат болмыс-бітімі,сырбаз тұлғасы мен адамгершілік, азаматтық келбеті біздің жадымызда мәңгі сақталады.

Көңілі жайсаң, жүрегі жұмсақ жан досым Болаттың орны бөлек екен ғой.

Бір жыл өтті ол өмірден озғалы…

Әлі сенбеймін,сағынамын,іздеймін.

Ардақты азаматымыз еді, ол кеткелі ортамыз ойсырап қалды-ау…

 Сәлік САРҚҰЛОВ,

кәсіптік білім беру ісінің ардагері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button