Әлеумет

Еңбектің еленуі маңызды

Осы жақында ғана «Еңбек әйелдері – Қазақстанның ­басты құндылығы» деген тақырыпта Павлодар қаласында өткен аймақтық форум жұмысына қатысушылар ­Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсарту, ­демо­к­­­ра­тиялық құндылықтарды қамтамасыз ету, еңбеккер әйел­дердің заңды құқықтарын сақтау бағытындағы саясатын қолдай­тындарын жеткізген болатын. Сонымен бірге олар еңбеккер әйелдерді әлеуметтік және экономикалық жағынан қорғау, ана мен баланы құқықтық және әлеуметтік қолдау мәселелеріне баса ­назар аудару жөнінде үндеу де жолдаған еді.

Бұл жайдан-жай емес.Бүгінгі таңда еңбек саласындағы ең бір өзекті мәселенің бірі – гендерлік алшақтық. Ерлерге қарағанда әйелдердің еңбек нарығына емін-еркін шығып, жұмыс табуы өте қиын. Дерек көздеріне сүйенсек, 2018 жылы әлемдік жұмыс күшінің құрамында әйелдер үлесі 45 пайызға жуық болған. Бұл ерлер арасындағы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 27 пайызға төмен. Жер шарында жұмыссыз әйелдер 6,2 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш те ер азаматтармен салыстырғанда 0,7 пайызға жоғары. Мұның басты себебі – әлемдегі әйелдердің жартысы жұмыс күші құрамынан тысқары қалып отыр. Олардың 58 пайызы еңбекақы төленетін жұмыс істегісі келеді.
Бұл мәселені шешу мақсатындағы бірінші қадам – әйелдердің еңбек нарығына араласуына ықпал ету. Сондықтан да Халықаралық еңбек ұйымы осы жағдайды лайықты шешу үшін бұл мәселеге ерекше назар аударуға шақырған болатын. Қазақстанда әйелдердің мүддесі, отбасы мен гендерлік теңдік мәселелері кезең-кезең бойынша шешімін тауып келеді.
Ерлер мен әйелдердің мүмкіндігі және құқық теңдігі мәселелері бойынша заңдық база жасалған. Қазақстан 2014 жылы Халықаралық еңбек ұйымының «Ананы қорғау туралы» №183, «Ер және әйел еңбеккерлер үшін тең дәрежедегі мүм­кіндік туралы» №156 конвенцияларын ратификация жасады.
Статистика деректеріне қарағанда, Қазақстанда жұмыссыз әйелдер тұрғындардың 5,3 пайызын құрайды. Ерлер мен әйел­дердің еңбекақысының алшақтығы 32,2 пайызды құрайды. Әйел­дердің арасында 87,6 мың адам санитарлық-гигиеналық талап­тарға мүлдем сай емес жағдайда жұмыс істеген. Олардың 21,0 пайызы (18,4 мың адам) шаң-тозаң мен газдалған ортада еңбек еткен.
Еңбек нарығында гендерлік алшақтық болмауы үшін жұмыс берушілер жете көңіл бөлуге тиісті мәселелер де бар. Ұжымдық келісім-шартқа еңбеккер әйелдерді жұмыспен қамту, оларды қорғау мен еңбек қауіпсіздігі, кәсіби даярлығы мен денсаулығы, көп балалы, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға қатысты нормалар қарастырылған арнайы бөлім енгізу жөнінде де талай рет мәселе көтерілгенімен, көптеген кәсіпорындардың қожайындары бұған да жеткілікті мән бермей отыр. Сондықтан кәсіподақ ұйымдары мемлекеттік органдармен, саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып әйелдердің, аналар мен балалардың жағдайын жақсарту мақсатында өзара тығыз іс-қимыл жасауға кірісті. Нәтижесі ойдағыдай болады деген үміт бар.

Ғалым ОМАРХАН

Нұр-Сұлтан

anatili.kazgazeta.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button