Пікір

Басты бағдар — қоғамдағы тұрақтылық

Раукен ОТЫНШИН,
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры,
Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде халқымыз үшін қашаннан қадірлі ұстанымдар — ырыс пен ынтымақ, татулық пен келісім бірлігіміздің бастауы екендігіне ерекше мән берді. Бұл ретте «Бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз әрі мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала береді» деп атап көрсетті.
Президентіміз бұл жиында да қоғамдағы тұрақтылыққа баса назар аударды. Оның ішінде халыққа таратылатын ақпараттардың шынайылығы мен байыптылығына қатысты өз ұстанымын білдірді.
«Бұқаралық ақпарат құралдары және өздерін блогер санайтын кейбір азаматтар табиғат апатына қатысты дүрбелең тудырып, байбалам салу, билікті орынсыз айыптау қоғамды ортақ іске ұйыстыруға бөгет болатынын, мемлекеттік органдар ахуалды уысынан шығарып алды деген жалған ұғым қалыптастыратынын түсінуге тиіс.
Мұндай әрекет әлеуметтік күйзеліс тудырады. Оның салдары халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді», — деп атап көрсетті.
Бұл тұжырым шын мәнінде бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігін арттыруға бағыт береді. Сондықтан да біз, журналистер қауымы, осы тұста өздеріміз атқарып отырған жұмыстарымыздың деңгейін бір саралап алғанды жөн көріп отырмыз.
Бүкіл елімізге сын болған кешегі күндері біздің облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің қызметкерлері уақытпен санаспай, су тасқынынан зардап шеккен аудандарда болып, қиындық көрген халықтың ортасынан табылды, елдің жағдайын өз көздерімен көріп, тұрғындардың пікіріне құлақ асып, баспасөз арқылы жұртшылыққа шынайы ақпараттар берді.
Шынында да, Президентіміз атап көрсеткендей, бәріміз де кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, тек ресми мәліметтерге сүйенуіміз қажет.
Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында көптеген түйінді проблема көтерілді. Мәселен, Мемлекет басшысы еліміздің қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордаланған көптеген мәселені шешуіміз қажеттігін алға тартты. Барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәні сессия атауындағы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» ұғымдарымен сабақтас екенін де атап көрсетті.
Біздің назарымызды аударған тағы бір мәселе мемлекеттік тілге қатысты еді. Бұл жөнінде Президент «Тіл — көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін» деді.
Сонымен, Мемлекет басшысы алдымызға үлкен міндеттер қойып отыр. Сондай-ақ өзінің сөз түйінінде «Сын сағатта жұдырықтай жұмылған жұртымыз осы қалпында Өрлеу, Жаңғыру кезеңіне қадам басады» деп елдегі тұрақтылық арқылы келер күннің жақсылығы мен игілігін жақындататындай лебізін білдірді.
Біз де осы мақсаттың орындалуы жолында қалам күшімізбен өз үлесімізді қоса беретін боламыз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button