Басты жаңалықтарЭкономика

«Бизнестің жол картасы — 2020»: жаңа мүмкіндік

«Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын іске қостық. Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім. Бағдарламаның қолдану мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны  жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл үш жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді».

 Елбасы Жолдауы жолдарынан

«Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты —   өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында аталған бағдарламаны 2025 жылға дейін ұзарту қажеттігі және оны жүзеге асыру үшін жыл сайын кемінде 30 миллиард теңге бөлу тапсырылған болатын. Осы қаражаттың бір бөлігі, яғни  2,5 миллиард теңге біздің облысқа бөлініп отыр. Бұл жалпы қаржы көлемнің —  9 пайызы. Нәтижесінде 300-ге жуық шағын және орта бизнес субъектісі қаржылай қолдау алады. Жалпы 2010 жылдан бері бағдарламаға қатысып несие алғанның нәтижесінде 29 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 9 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ мемлекетке 50 миллиард теңге көлемінде салық түскен.

90 миллион теңге несие алып, өндірісті нығайтты

Бағдарлама аясында кәсіпкерлер өндіріс, құрылыс, білім, өңдеу, сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы өз бизнес-жобаларын табысты жүзеге асырды. Соның бірі — «СтройБетонСнаб» ЖШС директоры Дүйсенғали Бақтыбаев.

«СтройБетонСнаб» ЖШС 2008 жылы құрылған. Алғашқы кезде үй құрылысына қажетті материалдарды шығарған серіктестік кейін өнім түрін көбейтті. Қазір қала сыртындағы өндірістік полигон аумағындағы 4 гектар жерде арнайы цех жұмыс істейді. Бұл жерде құрылысқа қажетті бетон қаңқалар, сақиналар, плиталар шығарылады.

— Шикізатқа керек материалдарды отандық компаниялардан сатып аламыз. Мәселен, цементті Маңғыстау облысы Шетпе ауылынан алсақ, қиыршықтасты өзіміздің облыстағы Белогоркадан тасимыз. Темір арқаулардың кейбір түрін Ресейден алсақ, қалғанын Қарағандыдан әкелеміз. Өндіріске негізінен отандық өнім қолданылады, — дейді Дүйсенғали Бақтыбаев.

Соңғы екі-үш жылдықта құрылыс компаниялары  өнімдердің жаңартылған түрін қолданады. Мәселен, серіктестік материалдарын биыл Украинка мен Әуе қалашығындағы екі мектепке пайдаланыпты.  Директордың айтуынша, құрылыс өнімдеріне сұраныс бар.

Былтыр кәсіпкер «Банк Центр Кредит» АҚ арқылы 14 пайыздық үстемемен 90 миллион теңге несие алыпты. Бағдарлама шеңберінде несиенің пайыздық мөлшерлемесі төрт пайызға төмендетілген. Бұл қаржы серіктестіктің айналым қаражатын толықтырып, өндірісті нығайтуға септігін тигізді.

Бағдарлама қандай мүмкіндік береді?

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы негізінен төрт бағыт бойынша іске асырылады. Олар:

1) моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер кәсіпкерлерінің жаңа бизнес-бастамаларын қолдау;

2) экономиканың басым секторларында және өңдеуші өнеркәсіп салаларында қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерге салалық қолдау көрсету;

3) кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету;

4) кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау шараларын ұсыну.

Сондай-ақ бағдарлама кәсіпкерлерге мынандай қаржылық қолдау көрсетеді. Олар:

—  банктердің кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау;

— банк кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру;

— мемлекеттік гранттар беру;

— өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту.

Биылғы жылы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2,2 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде несиенің пайызын субсидиялау үшін —  1 768,9 миллион теңге,   кредиттер бойынша ішінара кепілдендіру —  138,0 миллион теңге, мемлекеттік  грант ұсыну —  40,0 миллион, инфрақұрылым тарту үшін 326,0 миллион теңге бөлінген.  Нәтижесінде 169 шағын және орта бизнес субъектілері қаржылай қолдауға ие болды. Субсидиялау бойынша  51 жоба, кепілдендіру бойынша 91 жоба жүзеге асқан. Ал инфрақұрылымды жеткізу бойынша 9 жоба мақұлданып, мемлекеттік грант бойынша 18 жобаға 40 миллион теңге бөлінген.

Аталған бағдарламаны іске асыру барысында кәсіпкерлерге банктердің несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге, жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізуге кепілдік алуға мүмкіндік бар.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button