Құмаройын құрдымға құлатады
Лудомания — қоғам дерті. Елімізде бұл «дертке» шалдыққандардың саны жыл өткен сайын көбейіп барады. Әсіресе қаладағы ойын клубтары мен букмекерлік кеңселерде спорттық ойындарға бәс тігіп, автоматтарға ақша салатын жастардың қатары көп. Біз құмаройынға әуестенген ақтөбелікпен, сондай-ақ осындай азаматтармен жұмыс жүргізетін мамандармен әңгімелескен едік…
Лудомания қайдан пайда болды?
«Лудомания» термині «лудо»— ойын, «мания»ессіздік дегенді білдірді. Яғни бұл — «ойынға есі кету» деген сөз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны құмаройындарға әуес адамдардың дерті екенін дәлелдеді. Шынында да, қазіргі таңда ойынға құмарлық қоғамның дертіне айналып барады.
Сонымен бұл дерт қалай пайда болды? Біздің елімізге қайдан келді? Жастар неге құмаройындарға әуес болып барады? Міне, алдымен осы сауалдарға жауап іздемекпіз.
Қазақта «Ойсыз ойынға құмар» деген сөз бар. Өткен тарихымызға үңілсек, қазақта құмаройын ойнау деген ұғым болған емес. Бұл дерт біздің елімізге шетелдерден келді. Әлем елдеріндегі құмаройындардың тарихына үңілсек, көне Үндістанда ерте заманда сүйек ойыны болған. Осы ойынның кесірінен кезінде бұл елдегі бір ханзаданың мал-мүлкінен, билігінен, тіпті әйелінен айырылғандығы жөнінде жазылған деректер бар. Ал неміс халқында құмаройыннан жеңіліс тапқан ойыншы өз азаттығынан айырылып, құл болып кетсе, Қытайда лудоманияның арқасында бүкіл бір армия қаржыландырылып отырған екен. Ең қызығы, құмаройындар біздің елімізге кеңес заманы тұсында келген. Кейбір деректерге сүйенсек, елімізде 1917 жылға дейін құмаройындардың карталық түрлері дамыған. Олардың дені жеке клубтар мен орталықтарда ойнатылған. Мұндай нысандарға, негізінен, байлар мен тәжірибесі бар ойыншылар барған. Ал 1989 жылдан бастап КСРО аумағына ойын автоматтары келді. Егемендік алған тұста еліміздің бірқатар ірі қалаларында жасырын казинолар ашылып, 2000-жылдары көп адам құмаройынға кіріп кеткен көрінеді. Алайда ол кезде көп дүние жасырын болды. Ал қазір ше? Қазір еліміздің қай қаласына барсаңыз да, әуежай мен вокзалдан бастап барлық жердегі жарнамалардан көз тұнады. «1xBet» аталатын букмекерлік компанияның жарнамасын күн сайын интернет пен теледидардан көреміз. Тіпті бұған етіміз үйреніп те кетті. Егер демалыс күндері фильм көргіңіз келіп, кез келген сайтты ашып қалсаңыз, киноңыз әуелі осы компанияның жарнамасымен басталады. Ал мұндай менмұндалаған жарнама еліктегіш жастарды өзіне тартпай қоймайды. Мейлі, спорттық ойындарға болсын, мейлі, басқа ойынға болсын, жеңіл ақша тауып, көк қағазға қызыққан жастың бұл дерттен аман қалуы екіталай. Оның басты дәлелі — қазір қала жастарының арасында түнімен көше кезіп, букмекерлік кеңселерді торуылдап, құмаройынға есі кетіп жүргендердің саны жетерлік.
Мәселен, бүгінде Ақтөбе қаласында «Сәтті жұлдыз» компаниясының 17 кеңсесі мен «Lotoclub» ЖШС-ның 24 нүктесі бар екен. Сондай-ақ спорттық ойындарға бәс тігетін онға жуық клуб жұмыс істеп тұр. Олардың дені көп қабатты үйлердің жертөлесінде орналасқан. Бұдан бөлек шағын кеңселерді жалға алып жұмыс істеп отырғандары және бар. Өкінішке қарай, қазіргі таңда облыста спорттық ойындарға бәс тігумен және ойын автоматтары арқылы жеңіл ақша табуға әуестенгендердің саны күрт артуда. Олардың дені — жастар. Арасында егде жастағы адамдар да кездеседі.
«Қарызымнан көлігімді сатып құтылдым»
Ақтөбе қаласының тұрғыны, 38 жастағы Жасұлан Айтқалиев (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді — авт.) көп жыл вахталық әдіспен өңірдегі мұнай компанияларының бірінде жұмыс істеген. 2021 жылы жұмысы қысқарып, біраз уақыт үйінде екі қолға бір күрек таппай отырып қалған. Басқа жұмыстың реті болмаған соң, такси жүргізушісі болып табыс тапқан. Сөйтіп жүргенде таныстарының ықпалымен құмаройын ойнауға әуестенген.
— Бұрын құмаройын туралы жарнамаларға мән беріп қарамайтын едім. Қалай тұрақты жұмысымнан айырылдым, солай оңай ақша табудың жолын ойластыра бастадым. Бұрыннан жақсы араласатын жолдас жігіттің айтуымен ең алғаш рет 2021 жылдың мамыр айында спорттық ойындарға бәс тіге бастадым. Басында 2000-5000 теңгеге бәс тіксем, кейін таксиден түскен барлық ақшамды салдым. Осылайша жарты жылда 600-700 мың теңге пайдамнан қағылдым. Әрине, басында мұның соншалықты жаман нәрсе екенін түсінбедім. Бір мезгіл такси жүргізсем, бір мезгіл букмекерлік кеңседе отыратын едім. Үйдегілерге жұмыста екенімді айтып, қашқақтап жүрдім. Менің құмаройынға әуестігім осылай басталған еді,— дейді ол.
Жасұлан — отбасында ерке өскен жігіт. Екі қыздан кейінгі үйдің кенжесі. 27 жасында үйленген, екі баласы бар. Адал еңбегімен тапқан қаржысын жинап, қала шетіндегі Ақжар-1 ауылынан жер үй салған. Осы үйде бүгінде ата-анасымен тұрып жатыр. Алайда келіншегі оның құмаройынға әуестенгенін естігенде екі баласымен төркініне кетіп қалған. Қазір ол отбасын қайтару үшін бар күш-жігерін салып, еңбектеніп жүргенін айтады. Өкініштісі сол — баласының жаман әдетке бой алдырғанын естіген анасы жүрек талмасына шалдыққан. Қазір Жасұлан анасы мен әкесін өзі бағып отыр.
— «Періште алтын көрсе, жолдан таяды» деген қазақтың нақыл сөзі рас екен. Мен де жеңіл ақша табуды көздеп, әке-шешеме, отбасыма қарамай букмекерлік кеңселерді жағалап кеттім. Екі жылға жуық уақыт қалтамдағы барлық ақшамды осы кеңселерге бәс тігіп, салдым. Бірде ұтылсам, бірде ұттым. Алайда ойынқұмарлық мені көп нәрседен айырды. Алдымен отбасымнан, анамның денсаулығынан, сондай-ақ темір тұлпарымнан айырды. Қарыздарымнан құтылу үшін құны шамамен 7-8 миллион теңге тұратын көлігімді де сатып жібердім, —дейді Жасұлан.
Біз әңгіме арасында кейіпкерімізден «Ойынға бәс тіккенде қандай сезімде боласыз? Одан қандай пайда бар?» деп сұрағанымызда, ол қысқаша ғана жауап берді:
— Ол жерде кез келген адам өзіне есеп бере алмайды. Ойынға бәс тігіп үйренсеңіз, тек ұту мен жеңіл ақша табуды ойлайсыз. Тіпті есің кеткелі соншалық — өміріңді, отбасыңды, басқаны ойлауға мұршаң болмайды. Тамақ ішсең де, ұйқтасаң да, қалайда келесі ойынға бәс тігу үшін ақша табуды ойлап отырасың.
Ең қуаныштысы, Жасұлан қазір өзінің қатесін түсінген. Отбасынан айырылып, қаржысы таусылған соң есін жиғанға ұқсайды. Әрине, кейіпкеріміз іштей өзін кінәлағанымен, сырттай ештеңені елемеуге тырысады. Ол бойындағы қорқынышын жеңген тәрізді. Дегенмен әлі де болса психологтің көмегіне жүгінгісі келеді.
Сұрап білгеніміздей, Жасұлан үлкен әпкесінің көмегімен лудоманияның «құрығынан»әрең құтылған. Дегенмен жасы қырыққа таяған жігітке әлі де болса қолдау мен көмек керек-ақ. Сөзге жоқ, сабырлы, бет-бейнесі келіскен жігіттің хикаясы — осы.
Алайда бұл — бір ғана адамның оқиғасы. Ал елімізде жыл сайын Жасұлан сияқты мыңдаған адам лудомания дертіне шалдығып, құмаройынға әуестеніп кетіп жатыр. Олардың қазіргі өмірі не болып жатыр? Қарызынан пәтері мен көлігін сатып құтылып жатқандары қанша, құмаройынның «құрығынан» құтыла алмай, өз-өзінің өмірін қиып жатқандары қаншама?..
«Ашкөздік пен жалғыздық лудоманияға апарады»
Психолог Ардақ Жұмағалиеваның айтуынша, адам бойында лудомания дертінің алғашқы белгілерінің пайда болуы о баста отбасында қалыптасқан теріс көзқарас пен түсініктерден туады. Яғни ата-аналар балаға ақша барлық мәселені, соның ішінде адамдармен қарым-қатынасты дұрыстайтын басты құрал екенін айтып, соған сендіріп өсіреді. Екінші себеп — жалғыздық. Адам өзін қоғамға керексіз сезінгенде, адамдардан өзін төмен сезініп, байланыс орната алмағанда, эмоция және орта іздеу мақсатында ойын алаңдарына баруды әдетке айналдырады. Соның салдарынан көп жағдайда құмаройынның құрбаны болады.
— Үшінші себеп ретінде адамның өз-өзіне көңілі толмауы және күнделікті әрекеттеріне, жасап жатқан жұмысына қанағат тұтпауынан болады. Шынайы өмірде әркез жеңіске жету мүмкіндігі аз, ал ойында бастапқы уақытта жеңімпаз атануы адреналин сезімін сыйлайтындықтан, миы уланып, сол ойын алаңдарына жиі келуді немесе телефондағы сайттарда ұзақ кідіруді ойлап жүреді. Оңай олжаға еті үйреніп, тәуелділіктің туғанын байқамауы да мүмкін. Байқаса да, адамдардың 80 пайызы мүлде мойындамайды. Және ұтысқа қарағанда ұтылыстың көп болатынын тәуелді адам онша түсіне бермейді, — дейді психолог.
Оның айтуынша, ойынқұмарлықтың салдары көп: тума-туыспен, достармен, отбасымен қарым-қатынастың нашарлауы, ажырасу және кейбір жағдайда суицид жасауға итермелейді.
— Лудомания дертін жеңу үшін адам өз-өзімен күресуі керек. Әр адамның құмарлық деңгейіне байланысты 6 айдан бастап бірнеше жылға созылатын психолог немесе психотерапевт (асқынған жағдайда — психиатр) маманның көмегіне жүгініп, үнемі байланыста болу мәселені оңтайлы шешуге ықпал етеді. Бірақ ескеретін жайт, ойынқұмар адамның өзгеруге, бұл дертпен күресуіне шынайы ниеті болуы қажет. Егер біреулер мәжбүрлесе, көп адам бұл дерттен айыға алмайды,— дейді Ардақ Жұмағалиева.
Психолог Ақтөбе қалалық отбасын қолдау орталығында жұмыс істейді. Көп жағдайда ересектерге қабылдау жүргізеді. Оның ішінде отбасындағы дау-жанжал, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас, ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсініспеуі, міне, осы мәселелер бойынша психолог жан-жақты жұмыс істеп, тұрғындарға тегін кеңес береді. Ашылғанына бірнеше жыл болған бұл орталық, негізінен, аз қамтылған, мұқтаж, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға көмек көрсетеді.
Ардақ Жұмағалиеваның жеке тәжірибесінде құмаройынға әуестеніп, зардап шеккен азаматтардың көбі мал-мүлкінен, отбасынан айырылған. Психологиялық жағынан өз-өздерін жоғалтқан. Оларға жан-жақты көмек керек. Жалғыз психолог немесе психотерапевт лудоманға көмек бере алмайды.
— Мұндай жандарға қоғамның қамқорлығы, түсіністігі, жақын адамдарының жанашырлығы, сондай-ақ мамандардың көмегі керек. Егер олар жан-жақты қолдауды сезінсе, көп жағдайда қалыпты өмірге оралады. Бірақ ол үшін адамның ерік-жігері мықты болу керек,— дейді психолог.
Тәжірибелі психолог лудомания дертімен қоғам болып, ел болып күресу керектігін айтады. Егер елімізде заң тұрғысынан шектеулер немесе жаза қарастырылатын болса, онда көп адам, оның ішінде жастар мұндай жаман әдетке әуес болмас еді.
Расында, елімізде құмаройын ойнау, ойын-сауық құру, тағы басқа бизнес түрлеріне тыйым салынбаған. Тіпті ешқандай шектеу жоқ. Осыны жастар барынша «тиімді» пайдаланып-ақ жатыр. Қазір әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз, ойынға бәс тігу, несие алу, депозиттер беру, тренингтен өту, ақшаны көбейту үшін оқу курстарын оқу, т.б. түрлі жарнамалар қаптап жүр. Осының бәрі жастарды жеңіл ақша тауып, құмаройынға әуестенуге шақырады. Өкініштісі сол — мұндай дарақылық пен заңсыздыққа «тәйт» дейтін адам болған жоқ.
«Ақтөбенің» анықтамасы
Бірқатар шетелдік ғылыми зерттеулерге сәйкес, дүние жүзіндегі ересек тұрғындардың шамамен 3 пайызы құмаройындарға тәуелді, ал шамамен 12,5 пайызы құмаройындарға әуестенген. Қазақстанда құмаройындарға тәуелділіктен зардап шегетіндердің саны — 36 мыңға жуық адам.
Сондай-ақ соңғы кезде құмаройынның «құрығынан» шыға алмағандардың өз-өзіне қол жұмсау деректері жиі тіркелуде. 2022 жылы елімізде 3676 адам өзіне қол жұмсаса, оның әрбір бесіншісі — осы лудомония дертіне шалдыққандар. Бұдан бөлек елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екендігі дәлелденген.
Заң жобасы қаралып жатыр
Жуырда депутаттар жастардың құмаройынға әуестігіне заң тұрғысында тосқауыл қою керектігін айтып, заң жобасын талқылады. Мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулылары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Заң аясында келесі шаралар іске асырылатын болды: біріншіден, Заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың смс хаттамаларына да жарнама жасай алмайды. Сондай-ақ блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал адамдарға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады.Екіншіден, ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.
Үшіншіден, өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмаройынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі. Төртіншіден, 25-ке толмағандардың құмаройындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатыла тұрады.Бесіншіден, заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады.
Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Адасудың ақыры…
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Шынар Ершілік — лудомания тақырыбын зерттеп жүргендердің бірі. Ол бұл мәселені облыс көлемінде өткен басқосулар мен жиындарда жиі көтеріп жүр.
Оның айтуынша, құмаройынға құныққандардың көбі тығырықтан шығар жол таппай, ақыры суицидке барады. Соңғы жылдары өңірде осындай оқиғалар көбейген.
— Құмаройынға әуес жастардың саны жыл өткен сайын көбейіп барады. Бұл мәселемен енді қоғам болып күреспесек, кейін кеш болады. Қазірдің өзінде оңай жолмен ақша тапқысы келіп, ойын ойнап, кейін қарызға белшеден батқан жастарымыз бар. Мысалы, мен танитын адамдардың арасында дәл осы лудоманияның құрығына ілініп, соның салдарынан өз-өзіне қол жұмсағандар бар. Ішкі істер органдары бұл мәселе бойынша ақпарат айтпайды. Алайда облыс көлемінде лудоманиядан зардап шегіп жатқандар көп. Бір ғана мысал, соңғы жылдары менің таныстарымның арасында 4-5 адам ойынқұмарлықтан зиян шегіп, көз жұмды. Олардың дені — ауылдан қалаға келген жастар. Жеңіл ақша табуды ойлап, ойын автоматтары мен букмекерлік кеңселерді торуылдады, соның салдарынан қарызға батты, көп қаржыны таппайтынын біліп, бұл өмірмен қоштасты. Міне, лудоманияның ақыры жастарымызды қыршынынан қиып жатыр, — дейді ол.
Депутаттың айтуынша, ойынқұмарлықтың негізгі себебі — жеңіл ақша табуға әдеттену, қанағатсыздық пен тәуелділік. Сондай-ақ қазір жастар бұл жолға бір-бірін шақырады. Түбі немен аяқталатынын білмейді.
— Меніңше, қандай проблема болса да, оның алдын алу маңызды. Сондықтан алдағы уақытта заң шығарушы органдар осы мәселенің алдын алуы керек. Қуанатын жайт, биыл жыл басында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік қызметі бірлесіп, еліміз бойынша лотоклубтарға тексеріс жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде 120-дан астам осындай кеңсе жабылды. Алайда бұл жұмыстар әлі де аздық етеді. Бүгінде Мемлекет басшысының өзі осы мәселеге басты назар аударып отыр.Енді Заң қабылданып, барлық өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілсе, бұл мәселе жойылады,— дейді Шынар Ершілік.
Депутаттың айтуынша, елімізде лудомания нашақорлық сияқты әлеуметтік құбылыс ретінде қоғамда қатаң айыпталуға тиіс. Жастармен әлеуметтік желілер арқылы жан-жақты әрі ақпараттық жұмыстар жүргізілуі керек.
Данагүл ҚАЗИХАН.