Басты жаңалықтар

Қоршаған ортаны таза ұстау — ортақ міндет

Бүгінгі таңда облыста бірінші санаттағы 93 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Өткен жылы осы кәсіпорындардан атмосфералық ауаға 169,85 мың тонна қалдық шығарылған. Бұл аз көрсеткіш емес, десе де өткен жылдармен салыстырсақ, шығарындылардың 2 пайызға төмендегенін байқауға болады. Мамандар мұны өңір экологиясын жақсарту мақсатында жасалып жатқан іс-шаралардың нәтижесімен байланыстырады.

Ақтөбе облысының қазіргі экологиялық жағдайы қандай? Атмосфералық ауаның ластануын болдырмау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бұл туралы облыстық экология департаментінің басшысыЕрбол Қуановтан сұрап-білген едік.

Сонымен…

Жол картасы экологияны жақсартады

Ақтөбе еліміздегі стратегиялық индустриялық-аграрлық аймақтар қатарына жататынын айтқан Ербол Қуанов қазіргі уақытта департамент Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес облыстың экологиялық мәселелерін кешенді шешуге бағытталған бірқатар нақты жұмыстарды қолға алғанын айтты.

Сол үшін арнайы Жол картасы қайта жасақталып, бекітілген. Қазір осы құжатта міндеттелген жұмыстарды жүзеге асыру басталды.

Бұл құжатта Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсарту бойынша, оның ішінде атмосфералық ауаның ластануын болдырмау мақсатындағыкешенді іс-шаралар қарастырылған. Соның бірі — қаладағы кәріз-тазарту құрылыстарындағы тұнба алаңдарын өңдеу.Жаз басталысымен, облыс орталығында жағымсыз иіс шығады. Соны болдырмау мақсатында №11 кәріз-сорғы станциясында кәріз газдарын арнайы жағу-желдету жүйесін орнату арқылы қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Жол картасында жоспарланған іс-шаралар 2024-2026 жылдары жергілікті бюджет және кәсіпорындардың меншікті қаражаты есебінен  жүзеге асырылады, — деді департамент басшысы.

Әңгіме барысында ол ірі кәсіпорындар тарапынан осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.

— Өткен жылы атмосфералық ауаға шыққан шығарындылардың 2 пайызға төмендегенін байқадық. Азғантай мөлшерде болса да, бұл — нәтиже. Осы бағыттағы жұмыстар үшін Ақтөбе хром қосындылары зауыты 1 электрофильтр мен 6 қап сүзгі сатып алып орнатты. Жаңа электрофильтрді монтаждау есебінен ауаға шығатын шығарындылар — 63 пайызға, 6 қап сүзгі есебінен 38 пайызға төмендеді. Қалдық газдарды тазарту жүйелерін жаңғырту және ауыстыру нәтижесінде натрий монохроматы өндірісіндегі шығарындылардың жалпы төмендеуі 19 пайыз болды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жылдың соңына  дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деген Ербол Қуанов Жол картасы аясында өңірдегі өндірістік кәсіпорындар өздеріне тиесілі іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті екенін айтты.

— Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», Ақтөбе хром қосындылары зауыты, «Стройдеталь» секілді кәсіпорындардың алдында нақты міндеттер тұр. Мәселен, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты филиалы №1, №2 цехтарын халықаралық стандарттарға сәйкес жаңғыртуға, сондай-ақ кәдеге жарату станциясын салып, №4 балқыту цехының ферроқорытпа газын толық кәдеге жаратуға тиіс. Әзірленген жобаға сәйкес санитарлық-қорғау аймағына кемінде 100 000 көшет егуі керек. Ал Ақтөбе хром қосындылары зауыты №4 пештің техникалық жабдығын электр сүзгісін және жеңдік сүзгілерді ауыстыру арқылы жаңғыртуы қажет. Бұдан басқа «Кеңқияқ» бас мұнай айдау станциясы мұнай сақтау резервуарларында мұнай буын рекуперациялау қондырғысын енгізуге тиіс, — деді Ербол Қуанов.

Облыс тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелердің бірі — Елек өзенінің алты валентті хроммен ластануы. Департамент басшысының айтуынша, Елек өзенін бақылауды департаменттің сынақ зертханасы ай сайын жүргізеді.Ластану ошағының жай-күйін зерделеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 96,5 миллион теңге қаржы бөлінген.

—  2026 жылы шлам жинағыштардан өзенге бордың түсуіне жол бермеу мақсатында Елек өзенінің арнасы бойында «жер қабырғасы» типі бойынша жерасты экранын салу жоспарланып отыр. Бұл жоба сәтті жүзеге асырылса, Елек өзенінің хроммен ластану деңгейі біршама азаяды деп күтілуде, —деді ол.

Айманның айтары бар

Ақтөбенің экологиясы туралы әңгіме қозғап отырып, өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетін дамытуға өзіндік үлес қосып жүрген экобелсенді, қалалық мәслихат депутаты Айман Сексенова туралы айтпай кетуге болмайды. Айман жайлы біз бұған дейін «Қалдықтан қаржы жасаған қыз» деген тақырыпта үлкен мақала жазған едік. Бұл жолы оның жетекшілігімен өңірдің экологиясын жақсарту мақсатында нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы жайлы сөз қозғамақпыз.

Ұзақ жыл Алматы қаласында тұрған Айман 2019 жылы туған жеріне — Ақтөбеге оралды. Қайда жүрсе де қоршаған ортаның жағдайын ойлап жүретін экобелсенді қыз Ақтөбеде алғашқы болып қоқысты сұрыптау, оны өңдеу, жалпы жұртшылықтың экомәдениетін көтерумен және ESG стратегиясын жүзеге асырумен айналысатын «ЭкоМәдениет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды.

— Өкінішке қарай, тек Ақтөбеде ғана емес елімізде қатты-тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, сұрыптау ісі кенжелеп қалған. Сондықтан Ақтөбеге келген күннен бастап осы бағыттағы жұмыстарды қолға алуға кірістім. Облыстағы экобелсенді азаматтармен кездесіп, олардың жасап жатқан жұмыстарымен таныстым. Мақсатымыз бір болғанымен, менің көздегенім басқа нәрсе болғандықтан марқұм әкемнің қолдауымен 2020 жылы «ЭкоМәдениет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аштым. Қазір серіктестік құрамында 6 эколог бар. Облыстағы ірі кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істейміз, — деді ол.

Расын айту керек, пластик өнімдердің ағзаға да, табиғатқа да зиян екенін біліп тұрсақ та, күнделікті өмірде пайдаланып жүрміз. Ал Айман пластик ыдыстарды, дүкендерде берілетін целлофан қалташаларды мүлдем пайдаланбайтынын айтты. Тіпті сырттан кофе ішсе де, оны үйінен әкелген ыдысына құйғызып алатын көрінеді.

Пластиктің өзі қайта өңделетін және өңделмейтін боп бөлінеді. Ол үшін пластик ыдыстың төменгі жағын қарап, қандай цифрдың көрсетілгенін тексеру қажет. Егер пластик ыдыстың астында «7» деген жазу болса, ол ағзаға өте зиян. Қолданылған соң қайта өңдеуге де келмейді, — деп өз білгенімен бөлісті.

Сұхбат барысында Айманның үйінен шыққан қоқыстарды арнайы пункттерге тапсырып, соның өзінен пайда табатынын білдік.

Дүниежүзіндегі біраз ел қоқыстарына да «екінші өмір» сыйлап,  кәдеге жаратып отыр. Біз қоқыс жәшігіне тастай салғанқалдықтың әрі қарай «тағдыры» үшін оны алдымен сұрыптап үйренуіміз қажет. Мен үйдегі қағаз, шыны, басқа да қалдықтарды қоқыс жәшігінежеткізбей сұрыптап, әрқайсысын бөлек қапшықтарға саламын. Сонда менің қажет етпей тастаған қалдық заттарымның өзі қоғамның қандай да бір пайдасына жарайды, — деген эковолонтер бүгінгі таңда ақтөбеліктерді де осындай мәдениетке үйретіп жүр.

Бір ғана мысал, Айман құрған «ЭкоМәдениет» тобының бастамасымен облыс орталығында 10 жерге фандомат орнатылған.

— Биыл да бірнеше жерге пластикалық бөтелкелер мен алюминий банкілерлерді қабылдауға арналған құрылғы — фандомат орнатуды жоспарлап отырмыз. Қолындағы қалдықты фандомға тапсыру арқылы әрбір адам, біріншіден, қаланың тазалығына үлесін қосады, екіншіден, арнайы бонустарға ие болады. Ол бонустарды кейін әртүрлі сауда және бөлшек сауда нүктелерін қамтитын серіктестер желісінде пайдалануға болады — деді Айман.

«Табиғатқа қандай пайдамды тигіземін» деп үнемі ізденісте жүретін ол осыдан екі жыл бұрын эковолонтерлердің басын қосатын«Eco madeniet» волонтерлік қозғалысынқұрыпты.

— Табиғатты аялауды бірінші орынға қоятын жастардың басын қосу мақсатында «Eco madeniet» волонтерлік қозғалысы құрылды. Темірлан Жолдыбай жетекшілік ететін топ құрамында 500-ден астам волонтер бар. Жұмыс нәтижелі болуы үшін өзара бірнеше топқа бөлініп, жетекшілерін бекіттік. Өткен аптадаоблыс аумағында екі айлық сенбілік жұмыстары басталды. Аталған тазалық шараларына ерікті жастар белсенді қатысып жатыр. Біз жастармен, қала тұрғындарымен өткен әрбір кездесуде қаланың тазалығы әрбір шаңырақтан басталатынын айтып, тұрғындарды тазалық акцияларына қатысуға шақырамыз, — деген ол алдағы аптаның соңында «Eco madeniet»-тің белсенді жастары «Ыбырай» қоғамдық қорымен бірлесіп 300-ден астам көшет егуді жоспарлап отырғанын айтты.

«Макулатура тапсыр, орманды қорға!»

Жуырда қаладағы №35 мектепте Айман Сексенованың бастамасымен «Макулатура тапсыр, орманды қорға!» атты акция өтті. Іс-шараны ұйымдастыруға қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, жаңа, дайын өнім шығаратын зауыт «Lucrum Star» ЖШС атсалысты.

— Макулатура жинау орман ағаштарын кесуді азайтуға мүмкіндік береді. Макулатура неғұрлым көп болса, соғұрлым ағаштар аз кесіледі. Осыны балаларға жастайынан ұғындыру керек. Осы мақсатта бірнеше жылдан бері «Lucrum Star» серіктестігімен бірлесіп, «Макулатура тапсыр, орманды қорға!» акциясын ұйымдастырып жүрміз. Бұл іс-шараға қаладағы №60 мектеп белсенді қатысады. Биыл №35 мектептің оқушылары да үлесін қосты. Табиғатты қорғауға атсалысқан әрбір кішкентай ақтөбелікке алғысымды білдіремін, — деді Айман.

Оқушыларды ынтыландыру мақсатында «Lucrum Star» ЖШС жүлделі орындарды тағайындаған. Акция қорытындысы бойынша 1-орынды 94 килограмм қағаз қалдықтарын жинаған 6 «В» сыныбы иеленсе, 2-орынды 80 килограмм макулатура жинаған 5 «Ж» сыныбы алды. Ал 3-орын 79 килограмм қағаз жинаған 9 «Е» сыныбына бұйырды. Жеңімпаздарға ақшалай ынталандыру сыйлығы берілді.

Акцияға №35 мектептің барлық сыныбы қатысты. Мектеп бойынша 1 тонна 30 келі макулатура тапсырылды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button