Жаңалықтар

Ақтөбеде 21 адам баспаналы болып, 60-тан астам өтініш мақұлданды

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізілген брифинг барысында «7-20-25» бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылу барысы сөз болды. Баспасөз мәжілісіне ҚР Ұлттық банкі Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Данат Сейілов, «Банк Центркредит» АҚ филиалының директоры Әсел Шүңкеева және «АТФ Банк» АҚ филиалының директоры Жанна Майкоповалар қатысты.

Данат Сейілов «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері» бағдарламасы туралы толық мағлұмат берді. Қазақстан Республикасы Президентінің Бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде Ұлттық Банк бекіткен жаңа бағдарламаны арнайы құрылған «Баспана» ипотекалық компаниясы жүзеге асырады.

— Бағдарлама, аты айтып тұрғандай, 7 пайыз жылдық ставкамен 25 жылға дейін беріледі. Бұл жағдайда үй құнының 20 пайызы мөлшерінде алғашқы жарна болса жеткілікті. Бағдарламаға меншік құқығында тұрғын үйі және басқа ипотекалық қарызы жоқ Қазақстан азаматы қатыса алады. Оның ресми түрде расталған тұрақты табысы болуы шарт. Сатып алуға болатын тұрғын үйдің ең жоғарғы құны Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында 25 миллион теңгеге дейін, басқа өңірлерде 15 миллион теңгеге дейін болуы шарт. Бұл бағдарламаның жүргізілуі үшін мемлекеттің бюджетінен ешқандай қаржы жұмсалмайды және бағдарламаның мерзімі шектеусіз, — деді Д.Сейілов.

Бүгінде  «Баспана» ипотекалық компаниясы Центркедит, Еуразиялық, АТФ, Цесна, Халық, РВК және Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банктерімен келісімге қол қойған. Ақтөбе облысында әзірге аталған бағдарлама бойынша Центркедит және АТФ банктері белсенді жұмыс істеп жатыр.

— Ілкіде Ұлттық банк тұрғындардың ипотекалық несие алу көрсеткіштеріне сараптама жүргізді. Нәтижесінде соңғы жылдары елімізде ипотекалық несие алудың тым баяулап қалғаны, тіпті кей сәттерде тоқтап қалғаны белгілі болды. Оның себептерінің бірі — жылдық ставканың жоғарылығы. Осыдан 5-6 ай бұрын ғана ипотекалық несиені банктер 12-15 пайызбен берген болатын. Ал жаңа бағдарлама бойынша 7 пайызбен беріледі. Банк көрсетілген қызмет үшін ешқандай комиссиялық ақы ұстамайды, несиені мерзімінен бұрын төлеу кезінде де ешқандай айып салынбайды. Сондықтан бұл халық үшін өте тиімді бағдарлама болып отыр, — деді Д.Сейілов.

«Банк Центркредит» АҚ филиалының директоры Әсел Шүңкееваның айтуынша, 29 маусымнан бастап филиал қызметкерлері 200-ден астам адамға аталған бағдарлама туралы кеңес берген.

— Бүгінге дейін Ақтөбе облысында 21 адам «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болды. Бұған қоса 60 шақты өтініш мақұлданды, тағы 21 өтініш қаралып жатыр. Тамыз айының аяғына дейін жалпы алғанда 80 адам аталған бағдарлама бойынша біздің банк арқылы несие алады. Келушілердің 80 пайызы жалақы мөлшері жетіспейтіндіктен қосалқы қарыз алушыларды тартып жатыр. Олар ата-анасы, бауырлары, жолдасы болуы мүмкін. Пәтерлер талап бойынша жаңадан тұрғызылған үйлерде болуы шарт. Банк тарапынан құрылыс компанияларына шектеу қойылмайды, яғни, қарыз алушы пәтерді қайдан, қандай компания салған үйден алғысы келсе де өз еркі, — деді ол.

Банкирдің айтуынша, бұл бағдарламаға қарыз алушы үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сондықтан несие тарихы бұзылған азаматтарға банк қарыз беруден бас тартады.

  • Әрине, бұл несие тарихы бұзылғандардың барлығын кері қайтарып жатырмыз деген сөз емес. Егер келушілер бұрынғы алған қарыздарын төлеу мерзімін ең көп дегенде 30 күнге кешіктірген болса, оны неге кешіктіргені туралы түсініктеме жазады. Қандай да бір дәлелді себебі болса, және ол сөзін растайтын құжаттарын әкелсе, несие алуы мүмкін. Дегенмен несиесін бірнеше жыл бойы төлемей жүріп, аталған бағдарламаға қалайда қатысу ниетімен барлық қарыздарынан бір күнде құтылып: «Менің мойнымда мүлде қарыз жоқ, сіздер маған несие беруге міндеттісіздер» деп келетіндер де бар. Ондайлардың өтініштері қабылданбайды. Несие алушы адамның жауапкершілігі болуы шарт, — деді Ә.Шүңкеева.

«АТФ Банк» АҚ филиалының директоры Жанна Майкопованың айтуынша, бүгінде филиал қызметкерлері облыс тұрғындарынан түскен 10 өтінішті қарап, 5 азаматтың несие тарихының бұзылуына байланысты арыздарын кері қайтарған.

«Тұрғындар кеңсеге келіп немесе біздің сайттар арқылы, coll-орталықтарымыз арқылы өз сұрақтарына жауап ала алады», — деді банкирлер. Бұған қоса «Баспана» АҚ-ның Алматыда орналасқан кеңсесіне 8-72-72-27-20-25 номері бойынша қоңырау шалып та, кеңес алуға болады екен.

«7-20-25» бағдарламасының орындалу деңгейі бойынша Ақтөбе облысы Алматы, Астана және Ақтау қалаларынан кейін төртінші орында тұр…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button