Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Ұлы Борсық бойында

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халық арасында үлкен серпіліс туғызғаны мәлім. Рухани жаңғыру — өткеніңе үңіліп, өз болмысыңды іздеу ғой. Біз де Шалқар ауданына жасаған іссапарымызда ел үшін етігімен су кешкен ерлер мен әйгілі өнер тарланының басына зиярат еттік. Алыс ауылдардың тыныс-тіршілігімен таныстық.

 Бабалар ізімен

Шалқардан 20 шақырымдай жерде Арыстан батырдың бейіті жатыр. Бұл — кәдімгі «Айман-Шолпан» жырында айтылатын кейіпкер. Жаңақоныс ауылдық округіне қарайтын бейіт басына келіп, дұға жасайтындар  көп екен.

Тоқпан күмбезі

Одан кейін  Тоқпан күмбезіне  барып, зиярат еттік. Тоқпан — Көтібар батырдың туған інісі. Бай адам болған деседі.  Басына ХIХ ғасырдың үздік үлгісімен салынған күмбез салынуы соны айғақтайды. Тік төртбұрышты, порталды-күмбезді кесене 8х8,5 аумақты алып жатыр. Әбден жел мүжіп,  қаңқасы ғана қалған  күмбездің  қирамай сақталған бөлігі 3,5 метр шамасында. Бүгінде  мемлекет қорғауына алынған.

Шолақжидедегі  әйгілі Есет-Дәрібайдың кесенесіне  барып, тәу еттік.  Жолбасшымыз,  Шалқар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қорғанбек Исаевтың айтуынша, Кеңес заманының өзінде  бұл қорымның тұсынан өткенде жұртшылық Құран оқып, дұға бағыштайды екен. Басына келіп түнейтіндер көп болған. Сексенінші жылдарда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде істейтін жазушы Софы Сматаевтың кесенеге арнайы соғып, аят оқығанын жергілікті тұрғындар аңыз қып айтады.

Тоқсаныншы жылдарда кесене салынып, ал 2012 жылы жан-жақта жүрген шалқарлық кәсіпкерлердің көмегімен келушілерге арнап үлкен кешен  бой көтерген болатын. Алыстан көзге түсетін айбынды кесене биыл «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» енді.

Сынтас — әке қарғысына ұшыраған қыздың көші ме, әлде Мұғалжар тауларының сілемі ме?

Есет батыр ауылының маңындағы Сынтасты көрген кезде тіпті таңғаласың. Өйткені жал-жал құмдардың арасында бұдан өзге бірде-бір тас жоқ. Қазақ аңызы бойынша, бұл — жасауына риза болмай,  әкесінің қарғысын алған қыздың көші. Ал ғылымда Мұғалжар тауларының сілемдері деген де дерек бар. Қалай дегенде де құмға қайырлаған кемедей алып сынтас — қиялыңды әр қиырға жетелейтін ғажап дүние.

Ақбауырдағы  ұлы  күйші Қазанғаптың бейітіне де зиярат еттік. Неге-дүр, жалғыз мола тұр. Сірә, қасындағы қорымдар тегістеліп кетсе керек. Ал Қазанғаптың басына  тоқсаныншы жылдарда төртқұлақты бейіт салынып, ескерткіш-тақта орнатылған. Көрнекті  мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетов арнайы іздеп келіп, тәу етіпті.

Ақбауырдан жеті-сегіз шақырым жердегі қазір екі үй ғана қалған Қосқақта Жәлекеш Айпақовтың  кіндік қаны тамған. Сол деректі естігенде менің есіме күні кеше дерлік, 1967 жылы дүниеден озып, Ақтөбеде жерленген дәулескер күйшінің бейітін таба алмай жүргеніміз түсті…

Айшуақта тұратын қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов ұлы күйшінің өмірі туралы қызықты деректер айтты. Күйшінің ұстазы Орынбай, Қазанғап  күй циклын арнаған Бесқаланың аруы  Балжан  туралы әңгімелер бізді күй иіріміндей тарта жөнелді. Ертай ақын айтпақшы, «Өмір деген — Қазанғап-күй екен ғой…».

Қорғантұздың қырғауылы

Жаңақоныс пен Байқадамның дәл ортасында «Нұралы» шаруа қожалығына қарасты кемпинг бар.  Қонақүйі, тойханасы, саунасы, техникалық қызмет көрсету бекеті, газ құю бекеті бар бірегей кешен көз алдыңызға бірден қаланың тірлігін елестетеді. Тойханасы шаһардағы осындай орындардан бір де кем емес. 12 орындық қонақүй де жұтынып тұр. Газ құйып алам десеңіз, мінекиіңіз. Көлігіңіздің ақауын көрсетіп аламын десеңіз, мархабат. Бір сөзбен айтқанда, жолаушыға қажет дүниенің бәрі де бар. Көп айтылып жүрген «Астана — Шалқар — Бейнеу» жолы іске қосылғанда бұл кешенге ат басын тірейтіндер тіпті көп болмақ. Қазір де келіп жатқандар аз емес. Ал тойхана іргедегі екі ауылдың қажетіне жарап-ақ тұр.

Кешеннің бір шетін ала ет комбинаты еңсе тіктепті. Біз барған кезде құрал-жабдықтарын әкеліп жатты. «Атамекен — 2020»  аталатын бұл комбинат іске қосылғанда Шалқардың дәмді еті консерві, шұжық күйінде күллі  қазақстандық рынокқа жол тартпақ. Айналадағы ауылдар да етін қайда өткіземіз деп әуре болмайды.

«Нұралы» шаруа қожалығының басшысы Шәкірбек Төлеу  әу баста 124 асылтұқымды сиыр мен төрт бұқа сатып алып,  жұмыс бастаған. Бүгінде 500-дей  сиыр, 300-дей жылқы, 32 түйесі бар шаруа қожалығы 17 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бір үш пәтерлі, екі екі пәтерлі үй соларға арнап салыныпты. Демек, жұмыс істеймін деген адамға бар жағдай жасалған.

Шаруа қожалығы тағы бір ерекше істі қолға алып отыр. Ақтөбе облысында қырғауыл жоқ екені мәлім. Былтыр нұралылықтар Оңтүстік Қазақстан облысынан жүз қырғауыл әкеліп, Қорғантұз аралына жіберіпті. Қазір оның санына жете алмайсыз. Қорғантұз — аты айтып тұрғандай, жан-жағы тұзбен қоршалып, ортасында тұщы бұлақтары бар, біраз аумақты алып жатқан  ғажап арал. Кіретін «есігі» — біреу. Енді ол қырғауылдардың жайылымына айналды.

Аралды көрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мұнда демалыс орнын ашу туралы ұсыныс айтыпты. Қожалық басшысы қазір осы бағытта жұмыс істеп жатқандарын айтады.

Демек, Мақсат Дүйісмағамбетов, Әлімбай Ізбай, Нұрмұханбет Дияров, Иманбай Жұбай секілді белгілі журналистер қанат қаққан  әдебиетке жақын Қорғантұз мектебінің оқушылары ендігі жерде «Қырғауылы қызыл екен…» деп басталатын ертегідегі құстың қандай екенін көзбен көріп өсетін  болады.

 

Аралдың Алакөлден несі кем?

Бозой — Ақтөбе облысының оңтүстіктегі ең шалғай нүктесі. Әрі қарай Қарақалпақ Республикасының жері басталады.

Бір замандарда облыстық газеттің бетінде Бозой туралы  «Құм ішіндегі Москва» атты мақала жарияланған екен.  1961 жылы «Бұқара-Орал» газ құбыры желісі тартылатыны хабарланып, Одақтың түкпір-түкпірінен комсомол жастар ағылған. Құбыр желісі бойымен компрессорлық станциялар салынған. Соның ең ірісі — КС-10 Бозойда қоныс тепкен. Орталықтан келген мамандар үшін барлық жағдай жасалып, соның арқасында кент тұрғындарының аузынан ақ май аққан күндер болған. Ол күнде Бозойдың тұрғындары Ақтөбеге ұшақ, тікұшақ арқылы жететін. 45 шақырым жердегі Арал теңізінің бойында демалыс орны салынып,  Кеңестер одағының әр қиырынан балалар келіп демалатын. Сондықтан да жоғарыдағыдай тақырыппен мақала шығуы тегін емес еді.

Ауылдың  бүгінгі жағдайы да жаман емес. Бозой ауылдық округінің бас маманы Әйгерім Көшербаеваның айтуынша, ауылдағы өндіріс орындары демеушілік көмектерін аямайды  екен. Ауыл тұрғындарының дені сол мекемелерде жұмыс істейді. Мал бағып, игілігін көріп отырғандар да бар.

Жақында ғана іске қосылған «Бейнеу — Бозой — Шымкент» газ құбыры желісі — жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, күллі Қазақстан үшін маңызды жоба. Енді Оңтүстік арзан газбен қамтылатын болады. Жергілікті халық ұшін қосымша жұмыс көзі болмақ.

Дегенмен проблемалар да бар. Соның ең үлкені — жол. Әсіресе аяғы ауыр әйелдер үшін 220 шақырым жол жүріп, Шалқарға жету оңай емес. Сау адамның өзі сілесі қатып жететін жол бойымен екіқабат келіншектің кетіп бара жатқанын елестетудің өзі қорқынышты. Сондықтан ауыл ақсақалдарының байламынша, Бозойдан аурухана  ашу керек. Бұның екінші жағы бар. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ереже бойынша, аурухана  ашу  үшін тұрғындар саны 5 мыңға жетуі тиіс. Ал мұнда  3004 адам тұрады. Бірақ жергілікті билік бір тетігін тауып, тым болмаса, перзентхана ашып берсе, дейді тұрғындар. Сондай-ақ әуе байланысын жандандырса деген де тілек бар.

Сосын бұнда интернет нашар. Жастар жағы осы мәселенің тездетіп реттелгенін қалайды.

Тоқсаныншы жылдарда  Бозойда кеден бекеті жұмыс істеген. Сол тұста Бесқаладан арзан көкөніс пен жеміс-жидек  мол келіпті. Тіпті Шалқардың тұрғындары той-томалақ үшін бұндағыларға тапсырыс беріп қоятын күндер де болған. Үстірттің үстімен 400 шақырым жол жүріп, Қоңыратқа базар шыққандар басқа да арзан дүниелерге қол жеткізіп, жырғап қалады екен. Кейін кеден бекеті жабылып,  әскери застава орныққан.  Қазақстан мен Өзбекстанның арасында жылы қарым-қатынас орнай бастағанын БАҚ арқылы көріп отырған жергілікті тұрғындардың кедендік бекет қайта ашылып қалар деген үміті де жоқ емес.

Бозой орта мектебінің директоры Инаят Әлиевтің айтуынша, ұқсата білсе, Арал теңізінің жағалауынан  туризм орталығын  ашуға да болады.  Жергілікті тұрғындар жаз айларында жиі барып демалады екен. Суы өте тұзды. Бір ғажабы, тері ауруларын сыпырып алатын көрінеді. «Судың  құрамын зерттеп жатқан ешкім жоқ.  Мүмкін, Алакөлді іздеп сабылғанша, осында демалған дұрыс шығар…» — деді Инаят. Шынында да неге зерттеу жүргізбеске?

Ауылдан 45 шақырым жердегі теңіздің Қазақстан әлемдік қауымдастықтың назарын аудара отырып, құтқарып қалған кіші Арал емес, үлкен Арал екендігін ескерсек, оның суының ащы болуы да заңды. Өйткені онда су тек кіші Аралдың арнасы толып кеткен кезде ғана жіберіледі ғой…

Құм ішіндегі ауыл

Құм ішінде жатқан аядай ғана ауылдың үш аты бар — Қаңбақты, Штаб, Аяққұм. Қаңбақты — ежелгі атау, Штаб — бір кезде күллі Шалқар ауданының малы қыстаған шақта берілген «ныспы», Аяққұм — аты айтып тұрғандай, Ұлықұмның аяқ жағы. Құжат жүзінде Қаңбақты аталады.

Бұл ауылда қыс болмайды. Мал қыста да аяғымен жайылады. Елуінші, алпысыншы жылдарда 15 ұжымшар мен кеңшардың  бар малын осында әкеліп қыстатып жүргені содан.  Тіпті қора жасап та әуре болмапты, қидан қалап, қалқа жасайды екен. Тек 1963-1964 — Қоян  жылғы суықтан кейін ғана, әр ұжымшар мал қыстатуды өз мойындарына алған. Ал Қаңбақты Сарыбұлақ кеңшарының мал фермасына айналған.

«Аяққұмды сақтап қалу керек», — дейді Аязбай ақсақал

Аяққұм кеңшары құрылған сәтте 120,  малшы ауылдарды қосқанда 150-ге жуық түтін тұрған ауылдың жағдайы жаман емес-тін. Бірақ Кеңес өкіметінің кезінде де бұл ауылға жарық тартылмапты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықта тұрғындар үдере көшкен. 28 үй қалыпты. 2007 жылы 29 қыркүйекте ауылға жарық келгесін көшу тоқталыпты. Сол кезде газ да тартылады деген әңгіме шыққан екен. Өкінішке қарай, аяқсыз қалған.

Ауыл мәселесін аудандық, облыстық деңгейде жиі көтеріп,  шырылдап жүрген Аманжол Аязбаев ақсақалдың байламынша, Қаңбақтыны  сақтап қалу керек. Өйткені дәл осындай малға жайлы жер жоқ. Соның арқасында тұрғындардың да материалдық жағдайы жаман емес. Бұнда әр үйден алды  жүзден аса, соңы жиырма-отыздан  ірі қара өреді. Жылқы, түйе, қойыңыз да жетіп артылады.  Үй сайын жеке көлік бар.   Осындағы 15 шаруа қожалығы да күйлі. Бірақ шаруашылық иелерінің барлығы Шалқарда тұрады. Бала санының жетпеуіне байланысты ауылдағы мектептің жабылып қалу қаупі бар. Мектеп жабылса, Қаңбақты  да екі үй ғана қалған көрші Қосқақ ауылы секілді қаңырап қалуы ғажап емес.

Аяққұм негізгі мектебінің директоры Нұрлан Көздібаевтың айтуынша, ауыл тұрғындары мектепті сақтап қалу үшін бар амалды жасап жатыр. Тіпті туыстарының балаларын сұрап әкеліп, осында оқытып жатқандар да бар. Бір жылдары Нұрланның өзі Алға балалар үйіне барып, аталған мекеменің Аяққұмда филиалын ашу жөнінде әрекет жасап көрмек болыпты.  Бірақ нәтижесіз аяқталған.

«Бозойға ет-сүт жеткізетін бір кәсіпорын ашылып, адамдар тартылса, ауыл тірлігі жандана түсер еді…» — дейді Аманжол ақсақал.

Ауыл тұрғындары балалы отбасылар көшіп келіп жатса, көп болып көмек көрсетуге де бейіл.  Тек адам керек. Адам!

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

Шалқар ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button