Музей түні
Ақтөбе қаласының 155 жылдығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің 95 жылдығы аясында Халықаралық музейлер күніне арналған «Музей түні – 2024» мәдени іс-шарасы ұйымдастырылды. Биыл да жылдағыдай Музей түнін тамашалауға келгендердің қарасы көп болды. Әсіресе жастар мен студенттер, оқушылар көп келді. Мерекелік іс-шарада халық әндері шырқалып, қыш құмыра жасаудан, сурет салудан шеберлік сабақтары өтті. Сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің мамандары келушілерге соғыс тақырыбындағы әндерді караокемен айтқызып, іздестіру тобы тапқан соғыс кезінде қолданылған заттардан және музей қорындағы жәдігерлерден көрме жасақтаса, облыстық өнер музейі «Мың бояулы Маңғыстау» көрмесін мен «Білезік» атты симпозиумын өткізді.
Өткен мен бүгін
Музей түнінің ашылу салтанатында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали және мәдениет саласының ардагерлері сөз алып, жалпыхалықтық мерекеге айналған акцияның мақсаты — келушілерге өлкеміздің тарихына қатысты құнды жәдігерлерді таныстыру, музейлердің қазіргі мүмкіндіктері мен әлеуетін көрсету, баға жетпес рухани байлықты сақтап отырған мәдени орынға жастарды тарту деп атап өтті.
Мерекелік іс-шараның ашылуында Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжі домбырашыларының күмбірлеген күйі мен әуелеген әндері ерекше әсер берді. Бұл түні қолөнер шебері Орынбасар Төлегеновтің ескі әдіспен қыштан құмыра жасау шеберлік сағаты, «Қызықты ботаника», «Тары — дәнді дақыл», «Сал-серілер мұрасы» атты театрландырылған көріністері, «Асыл тастар құпиялары» тақырыбында бағалы тастардан жасалған әшекей бұйымдардың сатылым көрмесі таныстырылды.
Сонымен қатар келушілер «Құтты мекен — Ақтөбе» тақырыбында суретшілер Орынғали Хайруллин мен Александр Корваттың сурет көрмесі, облыстың медицина саласы бойынша және Шалқар, Байғанин, Мұғалжар аудандық музейлерінің тақырыптық көрмелерін, «Алақай» қуыршақ театрының балаларға арналған қойылымдарын тамашалады. Кішкентай көрермен үшін сиқыршы Евгений Гусейновтың «Сиқырлы әлем» деп аталатын қызықты қойылымы, «Самұрық» шоу-балетінің арнайы бағдарламалары көрсетіліп, зияткерлік «QUIZ», тоғызқұмалақ ойындары өткізілді. Сонымен қатар татар-башқұрт, шешен халықтарының «Шатлык», «Вайнах» этномәдени бірлестіктері өнерпаздарының музыкалық бағдарламалары, әртүрлі қызықты тақырыптарда фотозоналар және басқа да тосынсыйлар көрермен назарына ұсынылды.
— Музей түні биыл ерекше форматта ұйымдастырылды. Іс-шарада Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Марат Әйтімов пен Жайлау Асылханов «Жұлдызды экскурсовод» айдары бойынша көрерменге мәдениет және этнография экспозицияларын таныстырды. Музей түнінде қайта жасақталған «Алтын» тақырыптық-экспозициялық залының ашылуы өтті. Мұнда соңғы жылдары археология саласында үлкен жаңалық болған Темір ауданының Taсқопа ауылы маңындағы элиталық қорымнан табылған сақ-сармат дәуіріне жататын Тасқопа көсемінің реконструкциясы, ерте темір дәуірінің жәдігерлері жапсырмалары, белдіктер және басқа да 700-ге жуық экспонат бар, — дейді экскурсиялық бұқаралық жұмыстар бөлімінің нұсқаушысы Нұрия Сәрсенова.
Музей түніне келушілер қолөнер шебері Орынбасар Төлегеновтің ескі әдіспен қыштан құмыра жасау шеберлік сағатына қатысып, құмыра жасауды үйренді. Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Баубек Мелисов музей қонақтарына қола дәуірінің және ерте темір дәуірінің құмыраларының тарихын баяндап берді:
— Қыш — адамзат тарихында күнделікті тұрмыста алғаш рет қолданыста болған материалдардың бірі. Балшықтан бұйымдар жасау ісі сонау мезолит, неолит дәуірлерінде пайда болған деседі. Біртіндеп қыш өнері дамып, жетілдіріле түскен: көзе шарығы ойлап табылғаннан кейін қыш бұйымдарын әдемі, бірқалыпты, жұқа етіп жасау, қалыпқа құйып, күйдіру, оған таңбалар салып, бедерлеу, безендіру ісі дамыған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қыш бұйымдар — адамзат қоғамының түрлі кезеңдерінен ақпарат бере алады. Музей қорында сақталған осындай тарихи қыш құмыралар, қыш бұйымдар қазақ даласында қолы алтын шеберлер өткенін айғақтайды. Қазіргі таңда Танаберген мәдениетінің қыш құмыраларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді қор сақтаушы.
Көрмелер мен симпозиум
Балалар мен жасөспірімдер музей қорындағы табиғат және экология бөлімі ұйымдастырған «Қызықты ботаника» іс-шарасын қызыға тамашалады. Шеберлердің қолынан шыққан бұйымдармен танысып, түрлі-түсті көбелектермен суретке түсті.
— Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ақтөбе жерінде сирек кездесетін 500-ге жуық өсімдіктің гербарийлері сақталған. Биолог Есенбай Ағылешов арнайы экспедициясы барысында өңірімізде сирек кездесетін өсімдіктерді төрт жыл бойы зерттеп, сирек кездесетін, дәрілік, эндемикалық өсімдік түрлерін анықтаған. Мәселен, Мәртөк ауданындағы орманда сирек кездесетін ежелгі папоротник өсімдігі өседі. Зерттеушілердің айтуынша, бұл өсімдік топырақтан қоректік заттар алып, жапырақтары өте баяу өседі екен. Музей түніне келушілер арнайы фотозонода суретке түсіп, түрлі өсімідіктердің гербарийлерімен танысты, — дейді Майра Бұқанова.
Сондай-ақ іс-шарада Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің гистология, қалыпты және топографиялық анатомия, оперативті хирургия, патологиялық анатомия және сот-медициналық сараптама кафедралары және тәжірибелік дағдылар орталығының «Ақтөбе аймағындағы медицина құндылықтары» атты көрмесі көрермен назарына ұсынылды.
Байғанин, Шалқар, Мұғалжар аудандық музейлер тақырыптық және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмелерін ұйымдастырды. Мәселен, Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қолданыста болған шеберлерінің төл туындыларын таныстырды.
— Шалқар аудандық музейінде 12 726 экспонат сақтаулы. Осы іс-шараға музей қорындағы саптама етіктерді алып келдік. Музейдегі ерекше жәдігердің бірі — Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Бақыт Жанғалиеваның сахналық қойылым кезінде киген мәсісі. Етікші мәсіні тіккенде, ең алдымен, мәсінің басын, қонышын жұқа былғарыдан пішіп алады. Осыдан кейін мәсінің қонышын тігеді. Мәсінің қонышын қусырғанда тігістің алдына жіңішке сыздық салады.
Қазақтың ұлттық өнер туындылары мәдениетіміздің айшықты бір бөлшегі болып есептеледі. Осындай бағалы дүниелерімізді сақтауымыз керек, — дейді есепке алу жөніндегі мұрағатшы Гүлсім Сансызбаева.
Музей түні Әлия Молдағұлованың мемориалды музейі мен облыстық өнер музейінде де өтті. Музейге келушілерге төтенше жағдайлар департаменті жедел басқару орталығының аға инженері Әсия Исбулатова музей қорындағы 1950-1970 жылдары өрт сөндірушілер пайдаланған өрт сөндірушінің жауынгерлік киімдерінен жасақталған жылжымалы көрмесін таныстырды. Сонымен қатар облыстық өнер музейінде «Мың бояулы Маңғыстау» атты көрмесі ұйымдастырылып, оған маңғыстаулық 31 суретшінің 46 туындысы ұсынылды. Музей мамандарының айтуынша, көрмеге қойылған өнер туындыларын іріктеу 1 сәуір-10 мамыр аралығында әлеуметтік желіде өткізілді.
Облыстық өнер музейінде өткен «Білезік» атты зергерлер арасындағы республикалық онлайн симпозиумына 15 зергердің өтініші келіп түсті. Сонымен қатар өнер музейінің залында Ақтөбе дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығының төрағасы Роза Бисекенованың «Этностиль» деп аталатын сән үлгілерінің көрсетілімі ұйымдастырылды.
— Музей түні — Қазақстандағы ауқымды жобалардың бірі. Осы жобаға арнайы іріктеуден өтіп, жолдама алдым. Онлайн форматта өткен симпозиумда зергерлердің жұмыстары қашықтан, яғни әлеуметтік желідегі сарапшылар арқылы бағаланды. Ақтөбеде ұйымдастырылған музей түнінде зергерлердің «Киелі кереге», «Жүгіріп бара жатқан бұғы», «Нәзік», «Жазғы ән», «Қарсыластық», «Бетпақ дала», «Жалпақ білезік», «Ғасырлар үні», «Бес білезік», «Текетірес», «Дәстүр», «Барыс білезігі», «Нұх пайғамбар кемесі» атты жұмыстарымен таныстым. Музей қоры осындай жауһар туындылармен толығатынына қуаныштымын. Өзім бұл симпозиумға «Құрақ» атты білезікті фианит тастарынан жасап әкелдім. Болашақта шәкірт даярлап, зергерлік өнерді үйреткім келеді. Осындай симпозиумдардың жиі ұйымдастырылуы — бізге олжа, — дейді атыраулық зергер Мұхтар Шеруен.
Түнгі лебіз
Музей түнін тамашалауға келген оқушылардың бірі Мейіржан Санақ биылғы іс-шараның ерекше ұйымдастырылғанын айтады:
— Жалпы, облыстық музейдегі экспонаттармен таныспын. Музей түніне жыл сайын ата-анаммен келемін. Мұндағы жәдігерлер — еліміздің байлығы, кейінгі ұрпаққа қалатын асыл мұрамыз. Сондықтан мұндай іс-шараның келешек ұрпаққа берері мол. Өзіме ең ұнағаны — мамонттардың сұлбасы. Оларды көргенімде мультфильм кейіпкерлері есіме түсті. Жастарды осындай ауқымды іс-шараларға қатысып, белсенді болуға шақырамын, — дейді ол.
Ал музейдің тұрақты көрермені, философия докторы (PhD), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Есентүгел Әзи: «Музей — ұлттың өткені мен қазіргісін сабақтастырып, ертеңгі өнегелі жолына бағыт сілтейтін мол байлық», — деп есептейді.
— Музейге жиналғандардың қарасы көп болды. Көпшілік бағзы заман тіршілігін бейнелейтін экспонаттармен суретке түсіп, тұлып қып қатырған дала аңдарының мүсіндеріне қарап тамсанып жатты. Өзіме ерекше ұнағаны — зергер Болат Атыраубаевтың қолынан шыққан зергерлік бұйымдары. Ол келушілерге алтын мен күмістен жасалатын бұйымдардың ерекшеліктерін айтты. Сонымен қатар Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің гистология кафедрасының профессоры Гүлнар Темірова бастаған ұжым адам физиологиясы, жаратылысы, адам денесінің құрылысы туралы түсінік берді. Әсіресе жалпы медицина факультетінің 1-курс студенті Мәди Жақсылықовтың микроскопиялық құрылғылыларды таныстырып, препараттардың жасушаларға әсер ету туралы зерттеу жүргізу барысы көпшілікті қызықтырды.
Музей түніне осыншама көп халық келеді деп ойламаған едім. Жиылған көпшілік қарасын көріп көңілім қуанып қайттым. Мұндай акцияларды жиі ұйымдастыру халқымыздың, еліміздің тарихын танып-білуге, кешегіміз бен бүгінгімізді зерделеуге, сондай-ақ құнды, көне жәдігерлерімізді көріп, танысуға мүмкіндік береді, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.