Төртеу түгел болса…
Ырғыз ауданында су тасқынымен күреске алғашқы күндердің өзінде 550-ден астам волонтер, әскери бөлімнің 130 жауынгері, төтенше жағдай мекемесі мен аудан әкімдігінің қызметкерлері және еріктілер қатысты.
Үміт пен күдік
Нұра ауылының тұрғыны Саламат Тоқымбай — 54 жаста. Отбасылы, зайыбымен бірге үш бала тәрбиелеуде, немересі бар. Ол отыз жыл бойы еңбек ете жүріп, өз отбасының қалыпты тіршілігі үшін бар жағдайды жасауға ұмтылды. Маңдай терін төге жүріп шаруа қожалығын ашты, туған ауылында үлкен үй тұрғызды. Сөйтіп, балалары мен немерелерінің алаңсыз өсіп-өнуі үшін көптеген игіліктерді іске асырды.
Алайда осыдан бір ай бұрын бірнеше сағат ішінде құтты мекенінен де, қолдағы малынан, басқа да жиған-тергенінен айырылып қалды. Бұндай жағдайға бұл ауылда жалғыз ол ғана тап болған жоқ.
Нұра ауылына кенеттен төнген қатер салдарынан 400-дей үй су астында қалды. Басқа да көршілес ауылдардың тұрғындары нақ осындай күйді бастан кешті. Жалпы ауданда мыңнан астам тұрғын үйсіз-күйсіз қалды.
Су қатері төнген күні Саламат қапылысқа қолға түскен ұсақ-түйек қажетті заттарын алып, отбасымен құрғаққа шығып үлгерді. Ауыл болса әп сәтте су астында қалды. Ол бала-шағасымен бір айдай аудан орталығындағы эвакуациялық пункттердің бірінде тұрып, жақында ғана үй жалдап алды.
Саламаттың әйелі жұмыс істемейді, ал шаруа адамын болашақта қалай өмір сүремін деген ой қатты мазалайды. Бұрынғыдай еңселі үй тұрғызып, қораны малға толтыратын, сөйтіп, балаларының нәпақасын молайтар күн туар ма екен деп армандайды.
—Үй де, жай да су астында қалды. Өткен жылы дайындалған 600 бума шөптің бір бөлігін сатып, малға жем алсам ба деп отырғанмын.
Қолымдағы 150-ден астам малдың жартысын су жұтты, ал қалған бөлігінің өлі-тірісін әзір білмей отырмын. Аудандық төтенше жағдайлар мекемесіне хабарласып қойғанмын, бірақ олар да әзірге су басқан өңірге бара алмай отыр. Осылай көңілдегі күдікпен отырған жайымыз бар, — дейді ол.
Қауіп қайдан демеңіз…
Аудандағы қауіп-қатер ауқымы алғашқы сағаттардың өзінде белгілі болды. 24 наурызда таң алдында Ырғыз өзені арнасынан шығып, өз деңгейінен өр екпінмен көтеріле бастады. Бұл жағдайды ең алдымен Құмтоғай селолық округінің Қарасай ауылының тұрғындары сезінді.
Әуелі еңісте орналасқан үш үй толығымен су астында қалды. Шамалы уақыттан соң электр бағаналары құлап, ауыл электр жарығынан ажырады. Су тасқыны салдары мұнымен де тоқтаған жоқ. Бөгетті су бұзып кетуі салдарынан Қызылжар селолық округіне қарасты Жаныс би ауылы тұрғындары зардап шеге бастады.
Төтенше жағдай мекемесі қызметкерлері мен волонтерлер осы тұста жедел әрекетке кірісті. Бөгетті қалпына келтіру жұмыстарына техника жұмылдырылып, 37 адам күні-түні тыным алмастан еңбек етті. 27 наурызда таңертең бөгетті қалпына келтірудің сәті түсті. Бұл ауылдың су басып кету қаупін азайта түсті.
28 наурызда Ырғыз селолық округіне қарасты Ақши ауылына су тасқыны қаупі төнді. Бұл жолы да төтенше жағдай күштері, жергілікті еріктілер өздерінің күш-жігерін біріктіріп, тұтас елді мекенді сақтап қалуға қол жеткізді. Тәулік бойы бөгеттерді бекіту жұмыстарына 4 бірлік техника, 48 адам қатысты. Соның нәтижесінде ауылды су басып кетуіне жол берілген жоқ.
Өзен жағасында орналасқан Ырғыз селосының тұрғын үйлері де су тасқыны қаупін сезінді. Бұл жолы да төтенше жағдай саласы мен аудан әкімдігінің қызметкерлері, аудан орталығының тұрғындары күш біріктіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дегендей, ұйымшылдық үлгісін танытты. Сексен шақты адам мен 8 техника бөгеттер тұрғызып, су жолына кедергілер жасады. Қауіптің беті қайтқан соң аудан әкімдігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстау үшін осы аймақта тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды.
Бұл күндері аудан әкіміНұрлан Қызбергенов үнемі құтқарушылардың алдыңғы қатарында жүрді. Ол құтқару жөніндегі жалпы іс-қимылдарға басшылық жасап, еріктілер мен төтенше жағдай қызметкерлеріне де қолдау жасап үлгерді.
Су тасқыны салдарынан Нұра селолық округіне қарасты үш ауылдың тұрғындары аяусыз зардап шекті. Бұл жерлерде Нұра, Мамыр және Белшер елді мекендерінің үйлерін қысқа мерзім ішінде су басып үлгерді. Нұра ауылында су деңгейі екі-үш метрге көтеріліп, тұрғын үйлерді толығымен басып қалды.
Су тасқынынан мал шаруашылығына да үлкен зиян келді. Осы күндерде 444 мал өлімі табылды. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы су тасқыны кезінде өлім-жітімге ұшыраған малдың орнын жабу үшіншаруаларға 102 миллион900 мыңтеңге бөлді.
Тілсіз жаумен күрес
Су тасқынынан көлік жолдары да зардап шекті. 28 наурызда Ырғыз ауданы аумағынан өтетін Самара-Шымкент тасжолының 1 132-ші шақырымында орналасқан көпір аралығы сыр беріп, көлік байланысы үзіліп қалды.
«Қазавтожол» мекемесінің қызметкерлері жағдайға байланысты жедел қимыл көрсетіп, үш тәулік бойы демалмастан, тынымсыз еңбек етіп, көпірді қалпына келтірді. Аудандағы ахуалды облыс әкімі өз қадағалауында ұстап отырды. Асхат Шахаров өз көзімен көріп, танысу және жаңа тәуекелдердің бетін қайтару мақсатында жұмыстарды белгілеу үшін Ырғызға арнайы келді.
Адамдарды құтқаруға бүкіл аймақтан 550-ден астам ерікті зор көмектерін көрсетті. Әскери бөлімнің 130-дан астам жауынгерлері Құйылыс пен Жайсаңбай ауылдарының адамдарын жедел түрде су құрсауынан құрғақ жерге шығарды.
Су тасқынымен күресте бөгет жасау үшін төтенше жағдай жасақтары, еріктілер инертті материалдар салынған 156 800 қапшықты пайдаланды.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен іскер әйелдер ассоциациясының облыстық филиалы ауданға 8 000 қапшық, 81 су етік, моторлы резеңке қайық, басқа да күнделікті тіршілікте тұтынатын қажетті заттарды жеткізіп берді.
Су тасқыны зардаптарын жою мақсатындағы жұмыстарды техникамен жүргізу үшін облыс әкімдігінен — 9 523 литр, «Парыз» қорынан 20 000 литр дизель майы бөлінді. Аудандық бюджет қаржысына 19 500 литр дизель майы алынды.
Әкімшілік қолдауы
Осы бір қатерлі күндері Ырғыз ауданы әкімдігі қызметкерлері күні-түні жұмыс істеді. Олар зардап шеккендерді құтқару жұмыстарын үйлестірді, оларды аудан орталығында орналастыру үшін қолайлы орындар ұйымдастырды, басқа да күн тәртібінде тұрған мәселелерді жедел түрде шешуге тура келді.
Аудан әкімінің ұйғарымымен алғашқы күндері Ырғызда зардап шеккендері қабылдау үшін5 эвакуациялық пункт жасақталып, дайын тұрды.
—Біз орын алған ахуалға бірден талдау жасап, адамдарды қайда орналастыру жөнінде ойластырдық. Төрт орта мектеп және спорттық кешен ғимараттары талапқа сай дайындалды. Адамдар аталған пункттерге орналастырылғаннан кейін оларға үш мезгіл тамақ беру жайы шешілді. Барлық пункт толығымен гигиеналық құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен, тұрмыстық заттармен қамтылды, жатын орындар жасақталды, — деді Нұрлан Қызбергенов.
Аудан әкімінің айтуынша, зардап шеккендер үшін 25 шара жүзеге асырылып, оған312 ересек және 1395 бала қамтылған.
Мамыр, Нұра, Белшер және Құйылыс ауылдарынан барлығы 1 мың48 адам су зардабынан құтқарылды, олардың 194-і — ер адамдар,319-ы — әйелдер, 535-і балалар.
Бүгінде 684 адам тума-туыстарының үйлерінде тұрып жатыр, 364 адам гимназия мен №1 орта мектеп базаларындағы эвакуациялық пункттерде тіршіліктерін жалғастыруда. Мүгедек жандары бар төрт отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорының үш коммуналдық үйлерінде, сондай-ақ балалы-шағалы бірнеше отбасы гимназияның интернатында қоныстандырылды.
Жаңа ауыл бой көтереді
Су тасқынынан зардап шеккендерге алғашқы күндердің өзінде-ақ материалдық жәрдем берілді. Аудан әкімінің берген ақпаратына қарағанда бірреттік әлеуметтік төлем алуға 138 адамнан өтініш түсіп, 50 949 600 теңге төленген. Бұл ретте облыстық бюджеттен 36 миллион181мың600 теңге, аудандықбюджеттен14 миллион768 мың теңге бөлінді.
– Адамдарға қаржы төлемін беру әлі де жалғасуда, біз ешкімді де қиындық қыспағында қалдыра алмаймыз.Күн сайын жұртшылықпен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын біліп, өтініштерін тыңдаймыз. Ең бастысы — қандай мәселеде болмасын нақты шаралар қабылдаймыз.
Қазіргі уақытта Нұра ауылы қалпына келмейтіні белгілі болды, өйткені ол қауіпті аймақта орналасқан. Сондықтан тұрғындардың келісімімен бұрынғы мекеннен 15 километр қашықтықтан жаңадан құрылыс жұмыстарын бастауға шешім қабылдадық.
Бұл үшін коммуникация жасақтау және жүргізу бойынша бірқатар күрделі мәселелерді шешу қажет. Біз қалай болғанда да алдағы үш ай ішінде алғашқы үйлерді салып бітіруді жоспарлап отырмыз, — деп сендірді Нұрлан Қызбергенов.
Көмек — көршіден
Біздің облысымыздың тұрғындары бастан кешкен қиын жағдайды білген қазақстандықтар қарап қалған жоқ. Алғашқы күндердің өзінде еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмектер келіп түсе бастады. Облыс әкімдігінің және демеушілердің қолдауымен қайырымдылық көмегі ретінде 26 тонна 300 килограмм азық-түлік тағамдары жеткізілді. Оның 21 тонна 200 килограмы су тасқыны қаупі аймағындағы елді мекендер мен эвакуациялық пункттерге бөлінді.
Көмектер әлі де келіп жатыр. Азық-түлік тағамдары, алғашқы қажеттіліктегі тұрмыс заттары мен тазалық құралдары Қызылорда облысы Арал ауданының Қамбаш, Саржансай, Шижаға, Ерімбет, Қарақұм, Қосжар, Ақбай, Аманөткел, Құмбазар, Бекбауыл, Шөмішкөл, Бөген ауылдарынан, өзіміздің облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, Мәртөк, Шалқар және Алға аудандарынан келді.
—Қазіргі уақытта жағдай тұрақталды деуге болады, бірақ су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда.Бізді қолдағандардың барлығына алғыс сезімін білдіргім келеді. Бұл сынақ біздің бірлігіміз бен жанашырлығымызды, бір жерден табылатын ұйымшылдығымызды көрсетті. Біздің жерлестеріміз осындай қиын сәтте басқа аймақтардың тұрғындарының қолдау-көмегін, демеуін қапысыз сезінді. Шынында да, біз біріккен кезде күшті екенбіз, соған көзіміз жетті, — деді аудан әкімі.
Санат РӘШ,
Ырғыз ауданы.