Ақтөбе — 155Басты жаңалықтар

Жаңа жүйеге көшкен тәртіп сақшылары

Полицейлердің бүгінгі пәрмені қандай?

Санаулы  күндерден соң Ақтөбе қаласына 155 жыл толады. Сондай атаулы күндерде, мерекелерде, жалпы қай кезде де полиция қызметінің орны айрықша. Шаһардағы тәртіпті қадағалап, тыныштықты күзететін мамандық иелерінің жұмысы айтарлықтай жауапкершілікті талап етеді.

Біз Ақтөбе қалалық полиция басқармасының қазіргі тынысымен танысып, олардың қалай жұмыс істейтінін, жаңа технологиялардың аужайын біліп, сақшылардың өзімен де тілдескен едік…

Қаладағылардың құқығы қашықтан да қорғалады

Облыстық полиция департаментіне қарасты Ақтөбе қалалық полиция басқармасы 2013 жылы құрылған. 4 бөлімнен тұратын басқарма ең бірінші кезекте шаһардың қауіпсіздігіне жауап береді. Сондай-ақ тергеу, анықтау,  көші-қон қызметі, азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімдері, патрульдік полиция батальоны, т.б. бар.

— Бұл — қызметтік құпия, бірақ Ақтөбе қалалық полиция басқармасында мыңнан астам тәртіп сақшысы тұрғындардың тыныштығы үшін қызмет ететінін айтқым келеді. Әр түн сайын өзара кезекшілік құрылып, бірсыпыра әріптесіміз қауіпсіздікті сақтауға атсалысады. Қосымша жұмылдырылатын әскери бөлімдердегі сарбаздарымыз да бар.

Жылма-жыл полиция қызметі жетілдіріліп келеді, жаңа технологиялар мен көмекші құралдар алынып жатыр. Айталық, жаһандану заманындағы цифрлық технологияның озық үлгісі — бейнебақылау жүйесі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген заңсыз әрекетті тез арада тіркеуге де мүмкіндік береді. Бір жағынан, бұл — қызметкерлердің жұмыс сапасын бағамдап, ішкі істер органына қарасты ғимараттардағы жалпы жағдайды бақылауға, басқа да қулық-сұмдықтарға жол бермеуге көмекші құрал. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы полиция басқармасының 4 қалалық полиция бөлімінің ғимараттарының дәлізінде және қызметтік кабинеттерде бейнекамералар орнатылған. Тәулік бойы жүргізілетін мұндай бақылаудың арқасында биыл күдіктілерді азаптау дерегі тіркелген жоқ. Мұнымен бірге барлық полиция бөліміндегі кіреберіске скуд заманауи қондырғысы қойылған. Бұл автоматтандырылған жүйе ішке бөгде адамдардың кіруіне жол бермейді әрі қызметкерлердің қашан кіріп-шыққанын көрсете алады.

Жалпы, Ақтөбе қаласы бойынша біздің полиция басқармасына қарасты 208 камера жұмыс істеп тұр. Ал «Смарт-сити» бейнекамерасы қаланың 102 жерінде қосулы. Өз кезегінде «Қазақтелеком» бақылау жүйесі 1168 орында, негізінен, үйлердің маңында орнатылған.  Қару-жарақ дүкендері, 6 арнаулы орта оқу орны, 154 мектеп пен 12 балабақшада да осылай бақылау жүргізіледі.  Қоқыс жәшіктері, ірі көңіл көтеру орталықтары, ойын-сауық орындары, басқа да көпшілік жиналатын жерлер бейнебақылаумен қамтылған, — дейді Ақтөбе қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Бауыржан Максимов.

Оның айтуынша, жыл басталғалы бейнекамералардың арқасында 59 қылмыс анықталып, 7071 әкімшілік құқықбұзушылықтың ізі суымай ашылған.

Ақпараттық технологиялар, заманауи қондырғылар

Биылғы қаңтар-сәуір айлары аралығында 102 байланыс нөміріне 95 мыңнан аса  қоңырау келіп түсіпті. Әр хабарлама бойынша жақын маңдағы қалалық полиция бөлімшесінің қызметкерлері жіберілгенін айтқан Бауыржан Максимов соңғы жылдары ұялы телефон арқылы қосылатын «POLICE-102» қосымшасына да сұраныстың артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, аталған мобильді қосымшаға жыл басынан бері 817 хабарлама жолданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, екі есе көп. Тұрғындардың дені сол арқылы жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға шағымданатын көрінеді.

Сол сияқты қала көшелерінде «SOS» қондырғыларының орнатыла бастағаны белгілі. Бұл — сыртта қиын жағдайға тап болған, полицейлердің көмегіне мұқтаж адамдардың ешқайда қоңырау соқпай-ақ, арнайы аппараттағы бір батырманы басып, құқық қорғау орган өкілдерін шақыру үшін жасалған жаңашылдық.

— Аппаратта бейнекамера да бар. Яғни кімнің батырманы басқаны онлайн режимде көрініп тұрады. Осындай қондырғы қаладағы 10 орында, сондай-ақ Алға, Мұғалжар, Хромтау және Шалқар аудандарында бар. Биылғы 4 айда осы заманауи қондырғы арқылы  3 рет шақырту түсті, —  дейді Ақтөбе қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары.

ҚР Бас прокурордың бұйрығына сәйкес қылмыстықістердің енді электронды форматта жүргізілетіні мәлім. Полицейлерді қағазбастылықтан арылту үшін қолға алынған жаңа жүйе аз уақытта өз жемісін беріп үлгерген. Бұл екінші тарапқа да тиімді: уақыт жағынан үнем.

— Қазіргі уақытта электронды формада қылмыстық істі тергеу тиімді екенін іс жүзінде көрінді. Тергеушілер мен анықтаушылар қылмыстық істі тергеу кезінде құжаттарды дер кезінде салуда,  тергеу әрекеттерін тез арада жүргізуде, күдіктіге электронды форматта қорғаушы тағайындауда бұл жағынан ұтады.

Сонымен қатар 2023 жылғы 17 мамырда Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің 199-бабы 3-бөлігіне өзгерту мен толықтырулар  енгізіліп, тергеу әрекеттерінің бәрі бейнетаспаға түсіріліп, бұрынғыдай жазбаша формада ештеңе жазылмайды. Жазылса да тек қысқа хаттама толтырылады.

Жалпы, бейнетаспаға түсірілген дүниенің қай жағынан да жақсы тұсы көп. Бұл әу баста берілген жауапты өзгертпеуге, басқалай әрекеттерге бармауға түрткі бола алады. Мамандар да бұның тиімді жағын уақыттың өзі дәлелдегенін айтып жүр, — дейді ол.

Сұхбаттасушымыз қазіргі таңда тергеу әрекеттері мен криминалистикалық зерттеулер жүргізу кезінде заманауи ғылыми-техникалық құралдар қолданылатынын айтты. Бұл — кез келген қылмыстың ізін суытпай ашуға бірден-бір көмек. Айталық, жедел-криминалистикалық есепке алу, картотекалар мен коллекциялардың қылмыстарын ашу, жалпы тергеу барысында АДАЖ «Папилон-7» жүйесі іске асырылады.Облыстық полиция департаментінде аталған автоматтандырылған дактилоскопиялық сәйкестендіру жүйесі қажетті ақпарды тіркеп, өңдеп, салыстырып және сәйкестендіру процестерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұның арқасында кез келген көлемдегі және әртүрлі нысаналы бағыттағы дактилоскопиялық деректер базасы құрылады.

Бұдан бөлек цифрландыру саясаты аясында патрульдік полиция батальоны да жаңа, соңғы талаптарға жауап беретін құрылғылармен қамтылған. Бір ғана мысал, портативті бейнетіркегіштер айналадағы жағдайды аудио-видеоға жазумен шектелмей, әкімшілік құқықбұзушылықтар мен қылмыстарды тіркеуге де арналған. Сонымен қатар патрульдік полицияның қызметтік міндеттерін атқару кезінде, атап айтсақ, жасақтың патрульдеу бағытынан ауытқуын болдырмау, байланыс құралдары мен бейнетіркегіштердің ажыратуын және оқиға орнына уақтылы келмеуінің жолын кесу мақсатында пайдаланылады. Бейнетіркегіштердің жаңа түрі бөлімше басшыларына бейнежазбаны қашықтан қосылып-ақ онлайн режимде көруге мүмкіндік береді. Осылайша басшылық жеке құрамға бақылау жүргізе алады.

Осы орайда Ақтөбе қаласында орталықтандырылған басқаруды қамтамасыз ететін Кибер-Шериф (автоураган) аппараттық-бағдарламалық кешені іске қосылғанын айта кету керек. Автоматты түрде автокөліктің салонындағы адамдарды тануға, іздестіру базасына көлік құралдарының нөмірлерін жедел қосуға, қаланың жолдарында рұқсат етілген жылдамдықтан асып кету фактілерін анықтауға жәрдемдеседі бұл.

Айта кетейік, қалалық полиция басқармасында әртүрлі мақсаттағы жүзден астам көлік құралы бар.

Мемлекеттік марапаттың иегері

Кез келген мекеменің басты байлығы һәм мақтанышы қызметкерлері екені сөзсіз. Қаупі басым қызметте айрықша ерлігімен көзге түскендер Ақтөбе қалалық полиция басқармасында да аз емес. Мәселен, әр жылдары Данияр Аймағанбет, Аслан Есентаев, Дәурен Оразбаев, Асхат Жұқатаев, Нұрғали Қалмағанбет, Абылай Асылбеков, Самат Самалықов, Қуандық Сабыржан, Қайсар Ізбанов, Арман Мүсенов, Ақасыл Дәулет, Мөлдір Асылбаева, т.б. қызмет барысында басын бәйгеге тігіп, адамдарды ажалдан арашалап қалған.

Солардың бірі — Ақтөбе қалалық полиция басқармасына қарасты патрульдік полиция батальонының рота командирі, полиция капитаны Аслан Есентаев. 2016 жылы III дәрежелі «Айбын» орденін алған полицей бұл туралы былай дейді:

— 2016 жылы Ақтөбе қаласындағы теракт кезінде қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалғанда әріптестеріммен кезекшілікте жүрген едім. Бізге хабарлама келген бойда оқиға орнына барып, қылмыскерлерді ұстауға қатыстық. Қасымдағы әріптестерім Нұрғали Қалмағанбет, Ғалым Жақсыбай — үшеуміз бірлескен түрде бір терроршыны жарақаттау арқылы қолға түсіріп, полиция бөлімшесіне апардық. Сосын кешқұрым Кірпішті елді мекенінде де қарулы қылмыскерді ұстадық.

Бұл — менің бүгінге дейін алған ең жоғарғы марапатым. Президенттің бұйрығымен берілетін орденді алғанда, әрине, ерекше күй кештім. Еңбектің еленгеніне разымын, — дейді осы салада еңбек еткеніне 15 жылдан асқан Аслан.

Оның айтуынша, жыл өткен сайын полиция қызметінің пәрмені күшейіп, материалдық-техникалық база нығайып келеді. Жалақы да жоғарылаған. Содан болар, құқық қорғау органдарында еңбек еткісі келетін жастардың қатары артып келеді.

                                                           Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button