Мереке

Облыстық телевидениенің майталмандары

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы — талай қазақ тележурналистерінің қаламын шыңдап, қанаттандырған орда. Қазір телеарнада білікті, кәсіби мамандардың қатары көп. Мереке қарсаңында олардың бірқатарын  әңгімеге тарттық.

  ӘНУАРБЕК

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасындағы кәсіби журналистің бірі — Әнуарбек Мырзатайұлы. Үнемі қолынан микрофоны түспейтін елгезек жігітті ақтөбеліктер жақсы таниды.

Әнуарбек —  Ырғыз өңірінің перзенті. Алғашқы еңбек жолын «Отырар» кейін «31-ші арна-Ақтөбе» атанған телеарнада бастаған. Ал «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында  2008  жылдан бастап еңбек етеді.

—  Бұл телеарнаға келгенде 23 жасқа енді толған едім. Көп нәрсені білмейтінмін. Әсіресе тікелей эфирге шығу мен үшін өте қорқынышты еді. Себебі бұған дейінгі арналарда барлық жаңалық алдын ала жазылып қойылатын. Қате кетсе түзетіп, кем-кетігін қиыстырып жіберуге болады. Ал тікелей эфир — журналистің шеберлігін сынға салатын сәт. Әрбір сөзіңе абай болмасаң, ұятқа қалуың мүмкін. Әлі есімде, алғаш «Қайырлы таң» бағдарламасының тікелей эфирін жүргіздім. Дүйсенбі күні шығатын бағдарламаға бір апта бойы дайындалдым. Ешкімге айтпаймын, бірақ өзім іштей қатты қобалжып жүрдім. Таңғы жетіде басталатын хабарға бір жарым сағат бұрын келдім. Хабар басталған сәттегі алғашқы он бес минутта өзімнің не айтып тұрғанымды түсінгенім жоқ. Эфирдің сыртындағы режиссер «Әнуарбек, қобалжымай тұр, бәрі сәтті өтіп жатыр» деді. Осы кезде барып өз-өзіме келдім. Кейін үйрендік. Бірақ  әлі күнге дейін тікелей эфирге толқып шығамын, — дейді Әнуарбек.

Жас тілші телеарнадағы тәжірибесі мол аға-апаларынан көп нәрсені үйренді. Әсіресе, Жақсылық Айжанов, Мұрат Дүмбаев, Гүлсім Омарова секілді білікті мамандар жас журналистің қанатын қатайтуға септігін тигізді. Білмеген жерін үйретіп, бағыт сілтеді. Хабар дайындаудың қыр-сырына қалықтырды.

— Журналист үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Жаңашылдықтың барлығынан хабардар болуы тиіс. Қазір жыл өткен сайын технология өзгеріп жатыр. Бұрынғыдай емес, телеарна жұмысы  жаңа форматқа көшті. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Синерджи»  жүйесі  енгізілді. Бұл жүйенің ерекшелігі — журналистің  жұмысын жеңілдетеді, кәсібилігін шыңдайды. Сол кездегі телеарна басшылығы Мәскеуден арнайы маман шақыртып, біздерді оқытты. Көп нәрсені үйрендік, — дейді Әнуарбек.

Қазір Әнуарбек телеарнада жаңалықтар бөлімінде журналистік қызметінен бөлек, тікелей эфирдің де тізгінін ұстайды. Әр күн сайын өңірде болған оқиғаларды жұртшылыққа жеткізіп отырады. Қарапайым, салмақты жігіт әріптестерінің де арасында сыйлы. Эфирден бір рет көрініп, кейін өзін жұлдыз санайтындардың қатарынан емес.

Әнуарбек жары Әлия екеуі Дамир және Данияр есімді екі ұл тәрбиелеп отыр.

 ЕСЕТ

Жас болса да жауапкершілігі мол телеарна жұмысы дөңгелетіп жүрген жүргізушінің  бірі  — Есет Қаниев. Есет — пысық, алғыр жігіт. Кез келген бағдарламаны иіріп әкетеді. Мамандығы заңгер болса да журналистиканың қыр-сырын тәуір біледі. Ақтөбеліктер Есетті «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасындағы «Қайырлы таң» бағдарламасы арқылы жақсы таниды. Бес жыл бойы таңмен таласа ақтөбеліктерді оятып, оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қазір ол телеарнаның «Прокурор уақыты» және «Дабыл» бағдарламаларын жүргізеді. Ішкі істер қызметкерлерімен бірге рейдтерге шығады.

— Телеарна  жұмысына студент кезімнен араласа бастадым. Қазақ-орыс халықаралық университетінде оқып жүргенде-ақ  телеарнаның «Жалында, жайна, жастық шақ» атты бағдарламасын жүргіздім. Кейін жұмысқа орналастым. Осылайша тәжірибе жинақтап, салмақты бағдарламаларды қолға алдым. Жалпы телеарнаның жұмысы қызық. Әсіресе, тікелей эфир кезінде түрлі жағдайлар болды. Тақырыптан ауытқып, жеке мәселесін айтатын немесе қоғамға көңілі толмайтынын айтып, шу шығаратын көрермендер бар. Ондай сәтте жүргізушілер шеберлік таныта білуі керек, — дейді Есет.

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы — ақтөбелік тележурналистердің ұстаханасы. Бұл жерде еңбек етіп, кейін республикаға танылған журналистердің қатары көп.

— Тәжірибелі әріптестерімнен бағдарлама, хабар дайындаудың қыр-сырын меңгердім. Әр бағдарламаның өз ерекшелігі бар. Қазір қылмыстық оқиғаларға негізделген бағдарламаларды әзірлеп, арнайы репортаждар дайындаймын. Түсіру барысында әртүрлі қылмыстық оқиғаларға куә боласың. Адам өлтіру, зорлық жасау секілді ауыр қылмыс жасағандарды ұстауға қатысасың. Әрине, оның ішінде эфирде айтатын да, айтпайтын да жағдайлар кездеседі, — дейді Есет.

Есет телеарна жұмысынан бөлек, әртүрлі мерекелік кештерді жүргізеді. Болашақта жеке кәсіппен айналысу да ойында бар.

АРМАН

Телевидение саласында күн-түн демей сапар шегіп, от пен судың ортасына түсіп жүретін телеоператорлардың еңбегі зор. Бір қарағанда бұл жұмыс оңай көрінеді. Бірақ ақпарат таратуда негізгі күш операторға түсетінін көпшілік біле бермейді. Тарихты таспаға түсіріп жүрген сондай жанның бірі — Арман Досмағамбетов. «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының тематикалық және ақпараттық бөлімдерінде еңбек ететін Арман — кәсіби маман. Өз ісін жетік біледі. Көп сөзі жоқ, әр ісіне тиянақты жігіт әріптестерінің де ортасында сыйлы. Олар Арманның еңбегін жоғары бағалайды. Арманның негізгі мамандығы — экономист, қаржыгер. Бірақ бала кезінен шығармашылыққа жаны жақын жігіт өзге бағытқа кете алмапты.

— Телеарнаның жұмысы маған бала кезімнен таныс. Әкем Тәжмағамбет ұзақ жылдар «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында шаруашылық бөлімін басқарды. Үлкен ағам Нұрлан да осы арнада телеоператор болып жұмыс істеді. Кішкентай кезімде мен де сурет салғанды, фотоаппаратпен суретке түсіргенді ұнаттым. Осы қылығыма қарап, әкем менің шығармашылық жолды таңдағанымды қалады. Бірақ мен тыңдамай, жоғарғы оқу орнын экономика саласы бойынша бітіріп шықтым. Оқу бітірген соң, біраз уақыт жарнама агенттігінде жұмыс істедім. Дегенмен ол жерде ұзақ уақыт қала алмадым. Телеарнаға келдім,  — дейді Арман.

Арман 2009  жылдың аяғында арнаның тематикалық бөлімінде жұмысын бастайды. Оның айтуынша, телеарнада операторға түсетін жауапкершілік өте көп.

Оператор нені түсірсе, халық соны көреді. Сондықтан түсірілімнің әрбір сәтіне мұқият қарайды. Жақсы хабар түсіру үшін көбірек сюжет жасауға тырысады.

Телеоператор журналистпен бірге жұмыс істейді. Қасыңдағы әріптесіңнің қимыл-қозғалысын айтпай-ақ, ұғып отыруың керек. Әсіресе жиналыс үстінде әріптесің нені түсіріп, не түсірмеуді ымдап отырады. Осы кезде қырағы болу керек. Телеоператорға керек тағы бір қасиет —  шығармашылық қабілет. Кейде сәтсіз дүниенің өзінен тәуір сюжет шығаруға болады, — дейді Арман.

Қызығы мен қиындығы қатар жүретін телеарнаның  түсірілім сәтінде түрлі оқиғалар болады.

— Оператордың жұмысы — сюжет жинау, оқиғаны сол күйінде түсіріп алу. Камераға түсуді қаламайтындар кейде шу көтеріп жатады. Әсіресе, ішкі істер қызметкерлерімен рейдке шыққан сәтте бұндай жайттар жиі кездеседі. Тіпті камераға жармасып, өзіңе қол көтеретіндер бар. Оператор осының барлығына сабырлылық танытуы керек, — дейді Арман.

Оператор жақсы хабар түсіру үшін от пен суға түседі. Жол таңдамайды. Боранды күндері сапарға шығып, көлігі батып, діттеген жеріне жету үшін қар күреп барған сәттері де болады. Осы салада жүріп белгілі, елімізге танымал адамдармен кездесудің де сәті түсті. Арман 2009 жылы Елбасының Ақтөбеге сапары кезінде онымен қол алысып амандасқанын әлі күнге дейін ұмытпайды. Шетелді де көріп қайтты. Алматыда жүріп, Оңтүстік Америкада үш ай жұмыс істеді. Осының барлығы Арманның кәсіби шыңдалуына ықпал етті. Арманның бұдан өзге тағы бір сүйікті ісі бар. Ол — суретке түсіру. Қолы қалт етсе фотоаппаратын құшақтап, әдемі кадр жасайды. Жары екеуі бір ұл, бір қыз өсіріп отыр.

АМАНЖОЛ

Ақтөбеліктерге есімі таныс оператордың бірі — Аманжол Айтмағанбетов.  Он жылдан астам тәжірибесі бар маман өз ісінің қыр-сырын жақсы біледі. Қазір ол «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасындағы ақпараттық және тематикалық бөлім бағдарламаларының хабарын түсіреді. Аманжолдың алғашқы еңбек жолы осы арнадан басталыпты. Кейін қаладағы «Рика», «Жетінші арна» телеарналарында еңбек еткен.

Бұрынғыдай емес, қазір телеоператорлардың жұмысы жеңіл. Барлығы сандық технологияға көшті. Қанша видео түсіремін десең де өзің білесің. Бұрын кассета, ауыр камераларды көтеріп жүретінбіз. Қазір барлығы оңайлатылған. Тек іздене білу керек, — дейді Аманжол.

Өзінің жұмысын жетік білетін маманға айналасындағы әріптестері де сенім артады. Қандай жағдай болмасын ол  сәтті сюжет жасап шығарады. Аманжолдың отбасындағы жандар да журналистикадан қашық емес. Ағалары Алматы қаласындағы бұқаралық ақпарат құралының бірінде еңбек етеді. Аманжолдың алға қойған мақсаты көп. Кино саласы бойынша да бағын сынап көргісі келеді.

 

Әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button