Басты жаңалықтарМереке

Облыс әкімі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған мерекеге қатысты

Отан қорғаушылар күні қарсаңында өңір басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысып, бейбіт күнде тұрғындарды құтқарған әскери қызметшілер, құтқарушылар және полицейлерді алғыс хаттармен марапаттады.

Салтанатты шара Өнер орталығында өтті. Оған Ақтөбе облысының Қорғаныс істері департаментінің, Кеңес Одағының екі мәрте  батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының, ҚР Қорғаныс министрлігінің №30238 әскери бөлімінің, Қазақстан Ұлттық ұланы №6655 әскери бөлімінің, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі №20982 әскери бөлімінің, төтенше жағдайлар департаменті және полиция департаментінің қызметкерлері шақырылды.

Облыс әкімі Асхат Шахаров әскери қызметшілерді, полицейлер мен құтқарушыларды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, оларға алғыс хаттар табыс етті. Көктемгі су тасқыны кезінде ерлік көрсеткен жауынгерлер де марапатқа ие болды.

«Баршаңызды елдік пен ерлік дәріптелетін Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Отан қорғаушылар күні – батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мереке.

Өңірімізде орын алған су тасқыны кезеңінде ер азаматтарымыз табанды жұмыс атқарып, апатты еңсеруге зор үлес қосты, үлгілі істерімен ел есінде қалды.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, адамдардың өмірін сақтап қалып, бейбіт өміріміз бен тыныштығымызды, жеріміздің тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтауға, өз қызметіне адалдық танытып, көмек қолын созған ер азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді», – деп атап өтті облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Салтанатты марапаттау рәсімі 7 мамырға арналған мерекелік концертпен жалғасты. Ақтөбе облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы,  Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті және тағы да басқа әскери құрылым қызметкерлері, әншілер патриоттық әндер шырқап, Арнайы жасақ шоу бағдарламасын көптің назарына ұсынды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button