Ауыл

Жақсы ғимарат жаңа талаптарға бастайды

Ембі қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жастардың спортпен шұғылданатын орталығына айналды. Спорт мектебінің ғимаратына 1970 жылдан бері жөндеу жүргізілмеді. Тіпті, бір кездері қараусыз қалып, ақыры жабылып тынды. Диірменге айналып кеткен кездер де болды.

Дегенмен 2002 жылы балғын спортшыларға қайтарылды. Енді дұрыстап жөнделсе деген тілегіміз бар еді. Тілегіміз өткен жылы орындалды. «Жол картасы» бағдарламасы аясында 47 миллион теңге қаржы бөлініп, спорт мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Жөндеуді жүргізген «Даут Group» ЖШС директоры Тұрдыбек Өксікбаев жұмыстың сапалы атқарылуын бақылап, нысанның басында жүрді. Ішкі, сыртқы жұмыстармен қатар, төбе шатырлары, едендері заман талабына сай алмастырылды. Ғимараттың әкімшілік бөлігі, әдістемелік, медициналық бөлмелер толығымен өзгертіліп, жабдықталды. Бокс, күрес, волейбол, шағын футбол алаңдарына жаңадан полиуретан төсеніштері төселді.

Қазіргі кезде мектепте 496 оқушы спорттың сегіз түрі бойынша 38 топта шұғылдануда. Жас спортшылармен 19 жаттықтырушы жұмыс істейді. Облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес іс-шараларды қалыпты өткізуде. Қазірдің өзінде бокс, дзюдо, футболдан облыстық, республикалық турнирлерде жүлде алып жүрген спортшыларымыз бар. Енді спорт мектебінің жағдайы жақсарғаннан кейін деңгейі биік спортшылар шыға береді деп ойлаймыз.

Марат ИСМАИЛОВ,

БЖСМ директорының орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button